Жаңалықтар

Мәртебең қайда, мұғалім?

Кейде елдің ертеңін ойлар ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет екенін жақсы білсек те, түрлі мәселеге келгенде білім және ғылым саласының қызметкерлеріне шынайы ықылас танытпайтынымыз рас. Ілім мен ізгілікті алға қоятын мұғалімнің мерейлі мәртебесін мерекесінде ғана ескеріп, ұмыт қалдыратынымыз тағы бар. Десек те, биыл педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге аса бастады. Әлқиссасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз конференциясында айтты. Үкіметке 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есе арттыруды тапсырды.

Мұғалімнің еңбегі қайтсе бағаланады? Бұл сұрақ бізді ғана емес, облыстағы 512 білім беру ұйымында қызмет ететін 19 859 мұғалімді алаңдатады. «Сананы тұрмыс билейтіні» секілді, әрбір мұғалімге алдымен тапқан табысына сай ақы төленуі маңызды. Табысы тұрақты мұғалімнің алаңсыз жұмыс істейтіні де белгілі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет, – деді.

«Мемлекет басшысы атап өткен тапсырма орындалса, алдымен «ұстаздық» жолды мамандықты сүйгеннен емес, қолжетімді болғаны үшін таңдайтындардың саны азаяды. Сонда ғана мамандыққа деген мәртебе артып, білім саласының қызметкерлері құрметтеледі» дейді облыстағы білім саласының мамандары. Бұған педагогика саласының сан мың жылдық тәжірибесінен өткен ұстаздар куә. Табысты еңбекпен біліктіліктің арқасында облыста 43 шалғай ауылдық мектептерді біріктіріп 9 ресурстық орталық ашқан профессор Сәбит Қонтаев мұғалімнің мәртебесі артса, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылатынын айтады.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Баланы оқыту, тәрбиелеу мәртебелі мұғалімнің ғана қолынан келеді. Ол үшін әрбір отбасы баланың бойына ұлттық тәрбиенің өзегін құюы тиіс. Біздер де оқушы болғанбыз. Мұғалімдерге жақындап сөйлеуден бұрын, алдынан кесіп өтпеуші едік. Алыстан көргеннің өзінде именетінбіз. Санамызда «мұғалімнің баласы» деген түсінік сайрап тұратын. Қазір көбісі ата-аналар тәрбиеге бір сәт үңілместен, баласының сотқарлығы мен сауатсыздығы үшін мектеп пен мұғалімге кінә қояды. Бұл дұрыс емес. Тәрбие әкенің ақылы, ананың мейірімімен келеді. Отбасында дұрыс тәлім алған ұрпақ өзіне хат танытқан мұғалімге ізетті әрі мәртебелі көзқараспен қарайтын болады. Ал, мұғалімнің мәртебесі артса, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылады, – дейді Сәбит Сейітұлы.

Жаһандану дәуірі мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Оның ішінде ұлттық тәрбиені біліммен ұштастырып оқыту да бар. Солай дегенмен, «жүктелген міндетке сай, нәтижеге құрмет көрсетілуі де кезек күттірмеуі тиіс мәселе» – дейді педагогтер. Олар «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда ұсынылатын реформаларда ұстаздардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынуынан үмітті. Оның ішінде, әлі күнге қағазбастылықтан арылмау, бітпейтін жиындардың қолпаштаушысына айналу секілді мәселелер бар. Сондай-ақ, олар аталған заңның өздеріне деген қоғамның ілтипаты мен құрметін қайтарып беретініне де сенімді. Не десек те, ұстаздар сөзінің жаны бар. Мұғалімдердің мәртебесін заңмен бекітпесек болмайды-ау…

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button