Мұражайдағы көне қазына

Қарқаралының қатпарлы тарихында Қоянды жәрмеңкесінің алар орны ерекше. Бұл жәрмеңке қазақ даласында алғаш саудасаттықтың көрігін қыздырып, экономикалық һәм мәдени орталыққа айналған. Сол бір тарихи кезеңнің көзіндей құнды жәдігерлер бүгінде аудандық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы Мұрат Тойынбеков тапсырған таза шойыннан құйылған сейфтер мен сандық сонау патша заманында жасалған екен.


Қазіргі қазынашылық ғимараты кешегі Кеңес дәуірінде мемлекеттік банк, одан әрідегі патша заманында қазынашылық үйі болған. Осы сейфтер мен сандық патшалық Ресей тұсында Қарқаралы қазынашылығына арнайы жеткізілген. Біз бұларды бертінге дейін қолданып келдік. Әлі де жұмысқа толық жарамды, бірақ уақыт өткен сайын тарихи құндылығы артып бара жатқан заттар мұражайда тұрсын деп шештік, – дейді М.Тойынбеков.
«Меллер» сейфі 1857 жылы Мәскеу қаласында жасалса, «Сан-Галли» сейфі 1900 жылы Санкт-Петербург қаласында шығарылыпты. Ал, сандық 1845 жылы жасалған екен. Сейфтердің есіктерін ашып-жабудың да өзіндік құпиясы бар. Әрі ауыр есіктер жабылған уақытта сейф ішіндегі ауа сығылып, вакуумдық күйге енеді. Ауа айналымы болмағандықтан, құжаттар немесе ақша банкноттары қалыпты жағдайда сақталады, яғни, сарғайып, шірімейді. Салмақтары зілдей жәдігерлерде 1848 жылы ашылған Қоянды жәрмеңкесі кезінде ақша сақталғаны мәлім. Салмағы 300 келі болатын сандықта сегіз тұтқа бар, демек, сегіз адам көтерген. Ал, сейфтердің әрқайсының салмағы бір тоннадан асады.
Тарихи құнды заттардың бүгінгі нарықтағы бағасы 10 мың АҚШ долларынан асады екен.

Сағыныш ӘБІЛ