Мүмкіндікті молайтқан миллиардтар

Бейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХVІ сессиясы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев, облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов қатысқан сессия жұмысын Болат Базарбаев жүргізді.

Сессия жұмысында мынадай мәселелер қаралды:

  1. Қарағанды облыстық мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №258 «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгертулер енгізу.
  2. Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 4 мамырдағы ХV сессиясының №308 «Қарағанды облысы бойынша іске асыру жоспарланып отырған жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізімін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу.
  3. Дәрілік заттарды қосымша беру туралы.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған – облыстың қаржы басқармасы басшысының орынбасары Л.Башарина. Оның айтуынша, облыстың нақтыланған бюджетіне енгізілген өзгерістер жалпы құны 9,4 миллиард теңге көлеміндегі мақсатты трансферттер мен бюджеттік кредиттерді қамтиды.

Мәселен, облыстық бюджетке түсім 2,5 миллиард теңгеге артқан. Сондай-ақ, қаржыны үнемдеуге мемлекеттік сатып алулардың 800 миллион теңгеге азаюы мен жергілікті атқарушы органдар резервінің 400 миллион теңгеге азаю есебінен мүмкіндік туған. Нәтижесінде, қайта бөлуге қарастырылатын сома көлемі 3,6 миллиард теңгені құраған. Мұнда тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджеттік кредиттерді 1,5 миллиард теңге көлеміндегі құнды қағаздарды шығару арқылы мерзімінен бұрын жаба алған Қарағанды қаласының бюджетінен түсім ескерілген.

– Ал, бюджеттің шығынына байланысты өзгерістер экономиканың барлық салалары мен барлық өңірлерді қамтыды, – дейді Л.Башарина. Біріншіден, жоғарыда айтылған құнды қағаздар шығару мәселесін ескерсек, екіншіден, әлеуметтік саланы дамытуға 0,7 миллиард теңге қосымша бөлінген. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі 176 миллион теңгеге ұлғайып, Балқаш қаласындағы медициналық колледж жатақханасын жөндеу жұмыстарын аяқтауға қосымша қаражат бағытталады. Бұған қоса, Жезқазған қаласындағы медициналық колледждің де материалдық-техникалық базасын нығайту мен амбулаториялардағы емделушілер мен жаңадан анықталған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі оң шешіледі деген болжам бар.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысын жақсарту үшін 16,3 миллион теңге қосымша қарастырылған. Бұл қаражат Осакаров ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратын, қазандығын жөндеу жұмыстарын аяқтау мен Осакаровка кентінің мүгедектерін тасымалдауға арналған автокөлік сатып алуға жұмсалады.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар есебінен үнемделген қаражат қосымша сурдо-тифлотехникалық құрылғылар мен облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға протез жабдықтарын сатып алуға бөлінеді.

Облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына 33,5 миллион теңге қосымша қаражат бөлініп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталмақ. Және де Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығына бейнебақылау орнату жұмыстары жүзеге аспақ.

Спорт саласына 222,8 миллион теңге қосымша қаражат бөлінбек. Бұл ретте түрлі спорттық іс-шараларды өткізу, спортшыларымыздың оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасы ету мен спорттық құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылмақ.

Білім басқармасына да 132,9 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді. Бұл қадам 2018- 2019 оқу жылында жоғары білімді мамандарды даярлауға гранттар бөлу, «Орта білім берудің үздік мекемесі» облыстық конкурсының жеңімпазына грант тапсыру, Ақтоғай ауданы білім беру мекемелеріне автокөлік сатып алу және облыстың барлық тоғыз ауданындағы 96 ауылдық мектептерді кең жолақты интернетпен қамту мәселелерін оң шешпек.

Бюджеттің үнемделген бөлігі арқылы Қарағанды қаласындағы және Абай ауданындағы колледждер қосымша қаржыландырылмақ. Оқу орындары жанындағы жатақханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жіті көңіл бөлініп отыр.

Облыстың ішкі саясат басқармасының жұмысын ілгерілету үшін 67,5 миллион теңге қосымша қаражат бөлінеді. Мұндағы мақсат – ел Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысын ақпараттық қолдау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы ақпараттың ауқымын арттыру және мерейтойларға арналған іс-шараларды өткізу.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға ІТ-көрмелер мен программистер форумын өткізу үшін 30 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінбек.

Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау ісін дамытуға 120 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді. Ауқымды сома бейнебақылау құрылғыларын сатып алуға жұмсалатын болады. Үнемделген қаражаттың тағы бір бөлігі Жергілікті полиция қызметінің 200 қызметкерін сержанттық құрамнан офицерлік құрамға кезең-кезеңмен өткізу үшін, тәртіп сақшыларын қажетті киім мен техника сатып алуға, Қарағанды қаласы полиция бөлімінің ғимараты қоршауын жөндеуге және Кинологиялық қызмет орталығын 16 қызметкермен толықтыруға жұмсалады.

Сондай-ақ, табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 55,3 миллион теңге қосымша қарастырылған. Қаражат Соқыр және Тоқырауын өзендерінің бойын тазартуға, Теміртау қаласы мен Шет ауданында экологиялықрадиологиялық зерттеулер жүргізуге, өртке қарсы қажетті жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына 1,9 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді. Ол арқылы облыс жолдарын жөндеуге басымдық берілмек.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына 154,6 миллион теңге қосымша қаражат бөлінеді. Бұл сома арқылы Сәтбаев қаласындағы аулалар абаттандырылып, Осакаров ауданындағы құбырлар, Приозерск қаласындағы жылу беру нысандары жөнделеді.

Кәсіпкерлік басқармасына Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттерінің қатысуымен өткізілетін туризмді дамытуға арналған форумға облыс делегациясын қатыстыру үшін 10 миллион теңге қосымша бөлінеді.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына 21,1 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлініп, Астана қаласындағы және Ауыл шаруашылығы қызметкері күніне арналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді ұйымдастыруға, жайылымдардың құнарлылығын арттыру мақсатындағы жұмыстарды жүргізуге бағытталады.

Бұдан бөлек, бюджеттің инвестициялық жобаларын қаржыландыруға 0,7 миллиард теңге бөлінеді. Оның ішінде, Приозерск, Саран қалалары мен Абай, Нұра аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға биылғы жылдың сәуірінде бөлінген республикалық бюджет қаражатын 28,4 миллион теңгеге толықтыру көзделіп отыр.

Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтауға, Қарқаралыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жалғастыруға және Қарағанды қаласындағы көмекке мұқтаж жандар орталығының құрылысына 288,4 миллион теңге қосымша қаражат бөлінеді.

Шет, Ақтоғай аудандарындағы және Қаражал, Саран қалаларындағы жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына, Нұра, Жаңаарқа аудандарындағы, Қаражал қаласындағы жалға берілетін баспаналардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға, Саран қаласында жылу беру нысанының құрылысын бастауға және газ құбырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмысын аяқтауға 277,8 миллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы автокөлік жолының құрылысын жалғастыруға 100 миллион теңге қосымша бағытталады.

Бюджетке енгізілген түзетулер Жұмыспен қамтудың өнімділігін және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына да оң әсерін тигізеді деген болжам бар. Мысалға, кәсіптік оқытуға бағытталған қаражаттың үнемделген бөлігі білім беру, мәдениет және әлеуметтік қорғау мекемелерінің нысандарын жөндеуге, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқытуға бағытталады.

– Барлық өзгертулер мен түзетулердің нәтижесінде, бюджеттің кірісі – 203,6 миллиард теңгені, шығыны – 205,6 миллиард теңгені, бюджеттік таза несиелендіру – 11,4 миллиард теңгені, қаржылық активтермен операциялар бойынша сальдо – 0 теңгені, бюджет дефициті және бюджет дефицитін қаржыландыру, сәйкесінше, 13,4 миллиард теңгені құрады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Облыстық мәслихат депутаттары бюджетке енгізілген өзгерістер бойынша ұсыныстарды бір ауыздан қолдап дауыс берді.

Сессия жұмысындағы келесі мәселе бойынша облыстың экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Дурсун баяндама жасады. Баяндамашы мәлімдегендей, бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы 6 жоба нақтыланған. Жалпы сомасы – 17 миллиард 232 миллион теңге. Оның төртеуі – білім саласын қамтитын жобалар (132,2 миллион теңгеге). Яғни, Қарағанды қаласындағы 320 орынға арналған «Дарынды бала 4» балабақшасының құрылысы «Талант менеджмент» ЖШС есебінен жүргізіледі. Шет ауданы АқсуАюлы селосындағы 50 балаға арналған балабақшаны ашуға «Детский сад Фатих Султан» ЖШС бастама көтерген. Сондай-ақ, дәл осы ауылда 40 балаға арналған және 75 балаға арналған балабақшалардың бой көтеруіне де мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің шарапаты тимек. Жекеменшік әріптес – «Амиров» ЖК. Барлық балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстар беріледі. Келісім-шарттар мерзімі – 10 жыл.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы бойынша мемлекеттікжекеменшік әріптестік аясындағы екі жоба бекітілген. Құны – 17,1 миллиард теңге. Бұл арқылы Қарағанды қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізіліп, 300 орынға шақталған нысан халықтың игілігіне жол тартпақ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім-шарт 18 жылға жасалған. Сондай-ақ, осындай жоба арқылы облыстың медициналық мекемелерін цифрланған жабдықтармен қамтамасыз ету де көзделіп отыр.

– Барлық жобалардың бизнесжоспарлары және инвестициялық ұсыныстары бекітіліп, сараптамадан өткен, – дейді А.Дурсун.

Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың XV сессиясының шешімімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылатын 9 жоба бекітілген. Олар:

  1. Бұқар жырау ауданы, Көкпекті селосындағы «Нұр-Сәби» жекеменшік балабақшасын жөндеу, іске қосу.
  2. Қарағанды қаласындағы «Аружан» жекеменшік балабақшасын жөндеу, іске қосу.
  3. Қарағанды қаласындағы сырғанақ алаңын пайдалануға беру.
  4. Қарағанды қаласында гематология орталығын ашу.
  5. Саран қаласында гемодиализ орталығын ашу.
  6. Жезқазған қаласында балаларға арналған оңалту орталығын ашу.
  7. Теміртау қаласында оңалту орталығын ашу.
  8. Жезқазған қаласында оңалту орталығын ашу.
  9. Жаңаарқа ауданында гемодиализ орталығын ашу.

Облыстық мәслихат депутаттары баяндамашының ұсынысын толық қолдап дауыс берді.

Сессия жұмысындағы үшінші мәселе бойынша облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Хорошаш баяндама жасады. Ол аталған басқармаға облыс тұрғындарынан келіп түсетін өтініштерді тілге тиек етті. Әсіресе, аса ауыр науқасқа шалдыққан азаматтардың көмек сұрайтынын жеткізді. Мемлекет мұндай тұлғаларға медициналық көмекті тегін көрсету тетігін ұсынады. Осыған орай, денсаулық сақтау басқармасы түрлі ауруға шалдыққан үш азаматқа көмек көрсету, қажетті дәрі-дәрмек сатып алып беру мақсатында 14,7 миллион теңге қосымша қаражат бөлуді сұрады. Мұқтаж жандарға дәрі-дәрмекті тегін беру туралы бұл ұсынысы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.