Жаңалықтар

Мәлімдеме – маңызымен ерекше

Халықтың басына қиындық төнген кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саласында дағдарысқа қарсы айрықша маңызды шаралар қабылдады. Бұлардың әр қазақстандыққа қатысы бары анық.

Зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар, оның ішінде атаулық әлеуметтік көмектің жылдық есеппен 10 пайызға индексациялануы – аса құптарлық жайт. 42500 теңгеден қаржы алуға тиісті жандардың тізімінің ұлғаюы да қалың бұқара тарапынан шынайы қамқорлықтың үлгісі ретінде қабылданып отыр. Олардың қатарында 3 млн. қазақстандық азаматтар болмақшы. МӘМС жүйесінде медициналық көмек алудың сақтандыру құқығын алу 1 шілдеге дейін ұзартылуы, азық-түлікті тегін берумен қамтылатындар санының артуы да жалпы қауымның жай-күйін ескеруден туындаған шара екендігі белгілі.

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру, әрине, аса маңызды. Фермерлерге төмендетілген пайыздық өсіммен қаржы берілетін болды. Жанармай бағасының қолжетімділігі олардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Жұмыссыз қалған қазақстандықтарды жұмыс орындарымен қамту, банктердің жауапкершілік салмағын сезініп, халық пен бизнеске көмектесуіне байланысты қойылған талап, салықтар мен төлемдерге қатысты оңтайлы шешімдер – елжандылық көзқарас ұстанымдарының айғағы. Міне, көңіл тоғайтатын осындай сипаттағы игі қадамдар баршылық. Бұлар – сын сағатта әр қазақстандық азаматтың өміріндегі тұрақтылықты сақтау үшін жасалған мықты да маңызды шешімдер. Әрқайсымыздың келешекке сенімділігіміздің кепілі.

Ана ретінде, педагог ретінде, өз елімнің патриоты ретінде отандастарыма бұл қиын кезеңнен тек «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып, төзімділік пен түсіністіктің арқасында өтетінімізді айтқым келеді. Қайсарлықпен еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінен үлгі алуға тиіспіз. Олар – бүгінгі күннің батырлары!

Полиция және әскери қызметкерлермен біріге отырып, еліміз, отандастарымыз, отбасымыз бен көршілеріміз үшін жеке жауапкершілігімізді танытайық.

Айман ТҮКБАЕВА,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button