Басты тақырып

Мүлікті жария ету – соңғы мүмкіндік

Шекара асып кеткен қаржы-қаражат, не болмаса, ел ішінде жасырып-жаба тоқыған мүлікті заңдастыруға мемлекеттің мейірі түсіп тұр. Соған байланысты, акция жарияланғалы екі жылдың мұғдары. Акция аясында сырттағы мүлкін елге әкеліп тіркеген тұлғаға заң саусағының ұшын да тигізбеуге қос қолдап кепілдік беріп отыр. Мәреге жетуге санаулы ғана ай қалған акцияның аймақтағы аяқ алысы тәуір дейді облыстың мемлекеттік кірістер департаменті. Дәлірек айтқанда, бұл көрсеткіштер бойынша облыс алғашқы үштікте. Яғни, осы уақыт аралығында жария етілген мүлікті тіркеуде Қарағанды облысы өзге аймақтарға қарағанда қара үзіп тұрған көрінеді.

Ресми мәліметтер қолға алынған шаралардың барысында 140 арнайы декларация қабылданғанын көлденең тартады. Олардың құны – 26 353, 3 млн.теңге көлемінде. Таратып айтсақ, жалпы сомасы 26 305,2 млн.теңге болатын 137 арнайы декларация ақшаны заңдастыру бойынша екен. 1 декларация Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жердегі мүлікке байланысты. Оның құны – 100 мың теңге. Ал, өзге біреуге рәсімделген, құны – 48 005,0 мың теңге болатын мүлік бойынша тіркелген декларация біреу.

Бүгінде ақшаны заңдастыру шаралары жеңілдетілген. Мұны екі жолмен іске асыруға болады. Бірінші – оларды банктік шот арқылы көрсетіп, оны өз қажетіңізге қолдану. Мысалы, бизнеске салуыңызға, жылжымайтын мүлік сатып алуыңызға, немесе жай ғана ол ақшаны алуыңызға болады. Мұның бәрі 10 пайыздық алымсыз жүзеге асырылады.

Екінші – шетелдегі немесе қолма-қол ақшаны олардың банктік шотын көрсетпей-ақ арнайы өтінішті толтырып, заңдастыруға рұқсат. Бірақ бұл жағдайда 10 пайыздық алым ұсталады. Екі жағдайда да заңдастырушы субъект мемлекеттік кірістер органдарына соған сәйкес декларация тапсырады.

Сонымен бірге, мүлікті заң­дастырудың үрдістері оңайлатылған дейді облыстың мемлекеттік кірістер де­партаменті. Қазір Қазақстан аумағындағы мүлкіңізді заңдастыру үшін мемлекеттік кірістер ұйымдарына соған сәйкес декларация мен қажетті құжаттарды ғана тапсырады. Шетелдегі мүлікті де дәл осылай заңдастыра алады. Ал, мерзіміне келсек, бұған дейін мәлімделгендей, мүлікті жария ету 2016 жылдың 31 желтоқсанында тоқтатылады.

Мүлікті жария ету, жоғарыда атап өткеніміздей, салықтық және банктік негізде құпия болып табылады. Үшінші бір тұлғаға ешкімнің де заңдастыру туралы ақпаратты жария етуге хақысы жоқ. Мұндай мәліметтер жария етілген жағдайда қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Сонымен қатар, мүлікті жария ету субъектілері құқыққорғау және өзге де мемлекеттік ұйымдар тарапынан жасалатын құқыққа қарсы әрекеттерден қорғалмақ.

Мемлекеттің өзі ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, көлеңкедегі мүлікті, қаржы-қаражатты заңдастырып алған абзал-ды. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл – соңғы мүмкіндік. Бұдан соң ешкімге ешқандай жеңілдік, кең пейілді кешірім жоқ.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button