Әдебиет

Мөлдір өлең жауған күн

Қасиетті Сарыарқа қашан да киелі қара өлеңнің ордасы болғаны белгілі. Бүгінгі күні де қазақ поэзиясы шаңырағын бір бағанындай бекем тіреп тұр. Қарағандыдағы қуатты әдеби орта жалпақ жұртқа мәлім. Кеншілер мәдениет сарайында «Болашақ» жоғарғы колледжінің ұйымдастыруымен биыл жетінші рет жалауын желбіреткен «Қазыналы қара өлең» дәстүрлі әдеби сазды кеші сөзімізді айғақтағандай…

Күй ойнап тұр. Зал лық толы. Сахна жақтағы жарық қана, поэзия деп келіп, өз орындарына ұмтылған көпшілікке жол нұсқағандай. Сай-сүйегімізді сырқырата ойнап тұрған күй, талықсып барып аяқталған сәтте, шымылдықтың арғы жағынан Түркі жұртына ортақ, тұтас болмысымен өлеңге айналып кеткен сұңқар ақын Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты – Мен жастарға сенемін!» деген бір шумақ өлеңі саңқылдап қоя берді. Қара домбыраның тәтті үніне балқып кеткен біздің жон арқамызды рухты жыр осып өткендей, атып-атып тұрдық. Дуылдап соғылған шапалақ одан сайын арқамызды қоздыра кеп, ес жиғызды.

Арқа төсін думанға бөлеген айтулы өлең мерекесіне Сүйіндік Жанысбай, Сағат Батырханова бастаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қазақтың күміскөмей әншілері – Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркенов, Саят Әбдіғали, сондай-ақ, Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, Салтанат Смағұлова, Айдын Байыс сияқты ақындар, өнер қайраткерлері қатысты.

  • Биылғы поэзия кеші Жастар жылына арналып отыр. Қарағанды облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасы тарапынан да қолдау зор. Сонымен қатар, Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақышев үлкен қолдау білдіріп, қамқорлық танытты. Мақсаты – жастарды әдебиетке баули отырып, терең тәрбие беру, ұлттық әдебиет алыптары шығармаларын насихаттау, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың ортасына алтын көпір орнату, – деді шараны жүргізуші ақын, ұстаз Ілияс Мұқай.

Кеш өте жинақы, мағыналы өтті. «Болашақ» жоғары колледжі студенттері мен ұстаздары өте белсенділік танытты. Әуелете ән айтылып, мың бұрала би биленді. Студенттер киелі домбырамен орындаған Ілияс Мұқайдың өлеңіне жазылған Дәуренбек Әркеновтің әні де әсерлі шықты. Енді, кештің төрт тұсын айрықша атап өтейін…

Мұқағали Мақатаев, Әбділда Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Абзал Бөкен, Айтуар Өтегенов, Бауыржан Үсенов, Жолдығали Бақытов сынды қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің жастық шақ тақырыбындағы жалынды жырларын тебірене оқыды. Студенттердің сағат тілі бойынша айналып жыр оқығандары жастық шақтың зулап өте шығар ең қымбат кезең екенін ұқтырғандай.

Арнайы сөз алған облыстың жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қамбар Ахметов келелі құттықтауын, ұйымдастырушыларға шексіз алғысын, тұщымды пікірін айтты.

  • Газетімізде Жастар жылына байланысты – арнайы «Жастар» бетін, аймақ қаламгерлері үшін «Қаламгер» бетін жаңа форматта қайта түлеттік. Жас таланттарды осы беттерден көру – біз үшін мәртебе. Қарағандыда поэзия кештері жиі өтеді. Осы сәтті пайдаланып, Мирас Құттыбай мырзаға қаламызда «Поэзия түні» атты республикалық шара өткізуді ұсынамын. Біз ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Өз кезегінде, Мирас Құттыбай биыл Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аясында жас қаламгерлерге арналған республикалық форум өтетінін жеткізді.

  • Біз бұл жыр фестивалін асыға күтеміз. Ерекше рух сыйлайды. Көптеген ақындардың шығармаларымен танысамыз. Ерекшелігі – ақындар өзі қатыспаса да, жырларын жүректерге біз жеткізе оқимыз, – деді колледждің IV курс студенті Рийған Рахатхан.

Келесі бір ерекше сезімге бөлеген дүние аталмыш оқу орнының ұстаздарының қазақтың классик ақындары – Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқуы болды. Бұл да болса, шәкірттерге тура жол көрсету, барды бағалауға баулу, мөлдір әрі терең білім беру болса керек-ті.

Мұхтар Шаханов пен Жарасқан Әбдіраштың жырларына қойылған сахналық көрініс – табиғи саф, өміршең поэзияның асқақтығын көрсеткендей. Өз биіктерін бағындырған, ешкімге ұқсамайтын өз дара жолы бар жүйріктер бұлар. Құлақпен естісең де, сахнада көрсетсең де, көзбен оқысаң да ойландырмай қоймайтын қасиет – көркем поэзияның құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны ұғуға, жете түйсінуге қырағы көкірек көзі керек. «Жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай» деп Жұмекеннің айтатыны осы болар, сірә…

Кеш соңында қонақ болып келген ақындар жырдан шашу шашты. Жастар қонақтармен естелікке суретке түсіп, қолтаңба да алып жатты.

Қарағандының аспанын жаңғыртқан Алаштың асқақ поэзиясының үні құлағымызда әлі жаңғырып тұр…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button