Жаңалықтар

Мұхтар ТАЙЖАН: «Шаруалар Жер туралы заңды асыға күтіп отыр»

«Құрметті ағайын, әлеуметтік желіде арандатушы посттар жазылуда. Аты-жөні жоқ жазбаларға сенбеңіздер. Жаңа заң жер сатуды құптамайды. Менің мұнда келудегі басты мақсатым да сол – халыққа Жер кодексін түсіндіру», – деп бастады Мұхтар Тайжан кездесудегі сөзін.

Қоғам белсендісінің айтуынша, әлеуметтік желіде шу шығарып жүрген топтың өкілдерінің қолында ешқандай дәлел мен дәйек жоқ. Мысал етіп айтып, көрсетіп жүргендері заңның ескі редакциясы. Ол Елбасы жариялаған Мораториймен тоқтатылған. Яғни, жаңа заң халыққа зиянды емес, қайта пайдалы. Ол мыңдаған гектар жерді иеленіп алған латифундистерге қарсы күресіп, халыққа ауыл шаруашылығы жерлерін алып беруді мақсат тұтады.

Бұл заңның маңыздылығын Абай ауданынан келген шаруаның жанайқайы да айқындай түскендей болды.

«Мен мал өсіремін. Ұлым да осы салада жүр. Бізге жайылымдық жер керек. Бірақ, оны алу мүмкін емес. Жер конкурс арқылы беріледі. Ал, ол әділ өтпейді. Малмен айналысып отырған біз жерге зар болудамыз. Конкурспен жерді жеңіп, меншіктеп алғандар қалада тұратын әйелдер, олардың артында үлкен адамдар тұр. Осы мәселені шешу керек. Жер шаруаға берілу керек. Сіз үкіметке жақын жүрсіз ғой. Жоғары жақтағыларға осыны жеткізіңізші. Конкурс ашық болсын, нағыз мал өсіріп отырған адамдарға жер берілсін», – деді Абай ауданынан келген Аспандияр Сейсен.

Мұхтар Тайжанның айтуынша, жаңа заңда бұл мәселе қарастырылған. Яғни, конкурс тәртібіне өзгеріс енгізілген. Бұрын жер беру туралы шешімді шенеуніктер қабылдайтын болса, енді оның құрамына қоғамдық ұйым өкілдері де енгізіледі және бәрі ашық өткізіледі. Алайда, шешілмей қалған бір мәселе бар екен. Ол Еуропа елдеріндегі тәрізді ашық кадастрдың болуы. Жұрт жер телімдері кімнің иелігінде екенін және ол қандай мақсатта пайдаланып отырғанын білуі тиіс. Алайда, бұл әзірге мүмкін болмай отыр екен. Әйтсе де қол қусырып отырған белсенділер жоқ. Ашық кадастр мәселесі Қазақстанды цифрландыру бағдарламасы аясында өзінің оң шешімін табуы мүмкін.

Бұдан бөлек, енді ауыл шаруашылығына қажетті жерді алу үшін бірыңғай келісім-шарт қолданылады. Алдағы уақытта әкімдер жерге қатысты заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікпен ғана құтылмай, қылмыстық жауапқа да тартылады.

Бір сөзбен айтқанда, бұл заңның мақсаты жерді шетелдіктерге беріп жіберу емес, қайта ауылда отырған ағайынның мал өсіруіне оң жағдай жасау. Қазір шаруалардың дені осы заңды асыға күтіп отыр екен.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button