Рухани жаңғыру

Мәңгілік елдің мәйегі

       Кеше Қарағандыда облыс əкiмi Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Орталық сараптама кеңесiнiң көшпелi мәжілісі өттi. Оған Орталық сараптама кеңесiнiң төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң ректоры Ерлан СЫДЫҚОВ бастаған аталған жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, танымал қоғам қайраткерлерi, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Қазақстан халқы Ассамблеясының және партиялардың өкiлдерiнен құралған орталық сараптама кеңесiнiң мүшелерi қатысып, атқарылған жұмыстарды талқылады.

Сарапшылар Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы және жолға қойған жобалардың сапасына жіті назар аударды. Мәжіліс облыс әкiмi Ерлан Қошановтың айтулы бағдарламаның өңiрде жүзеге асырылуы туралы сөзімен ашылды.
– Қазақтың қай өңірі болса да қасиетті, қастерлі. Дегенмен, Арқа жерінің тарихы, орны ерекше екендігін сіздер жақсы білесіздер. Бұл жер – ежелден қазақтың мәдениеті мен өнеріне өріс болған өлке. Сонымен қатар, Елбасымыздың еңбек жолы басталып, құрыштай шыңдалған жер. Сондықтан, Мемлекет басшысының әр бастамасы, оның ішінде, мәдениет, өнер, руханиятты жаңғырту бойынша бастамасы біздің өңірде ерекше қолдау тауып отыр. Бүгінгі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің облыста жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Бір ғана мысал келтіре кетейін, 2022 жылға дейін жалпы сомасы 12,4 млрд. теңгеге 431 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл бір күндік немесе маусымдық емес. Бұл – ұзақ мерзімді жобалар. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанынан құрылған тұрақты комиссия жұмыс жасап келе жатыр. «Рухани жаңғыру» биліктің қолдауымен немесе шенеуніктің ғана атқаратын жұмысы емес. Қоғамның жаңғыруы – сананың жаңғыруы. Бұл тұтас қоғамға байланысты екендігін атап өткім келеді, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжілісті жүргізген Орталық сараптама кеңесiнiң төрағасы Ерлан Бәтташұлы да сөз басында бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған, әрі дамыған рухани кемел ел болу, Елбасының асыл арманы һәм тың бастама ұсынуы – келешекке қамданудың әрекеті деп түсіндірді. Алқалы жиында төрт мәселе көтеріліп, Елбасының білім мен тәрбие жүйесі туралы парасатты пайымдарын негізге ала отырып, қарқынды түрде жүзеге асыру қажеттігін сөз етті.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринованың баяндамасы тыңдалды. Осындай кіші бағдарламаның жүзеге асып жатқан жұмыстарында кемшіліктердің барын, әлі де жетілдіру керектігін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушiсi, ҚХА мүшесi Анатолий Башмаков бастаған сарапшылар сынға алды. Оқушыларды Отанды сүюге, өз елін, тарихын білуге, жалпы адамзаттық құндылықтар мен терең көзқарастарды сіңіру арқылы таным, белсенділіктерін арттыруға бағыттауға, қызығушылығын тудыруға, тәжірибелік жұмыс жүргізуге әдістемелік тәсілдерді жетілдіру жетіспей тұрғандығын атады.
Бұдан кейін, өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеудің барысы туралы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында өлкетану бойынша жарық көретін кітаптардың сапасын сөз етті. Мектеп бағдарламасына енгізуге әр облыстың өлкетану аясында ұсынған кейбір оқулықтардың сапасы сын көтермейтіндігін атады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының өлкетану кітабына белгілі тұлғалар Шәкәрім, Бибігүл Төлегенова сынды тұлғалар енгізілмей, оның орнында кейінгі әншілер мен ақындардың жүргендігіне қынжылысын білдірді. Атап айтқанда, оқулықтарда ақын Қалқаман Сарин, әншілер Гүлмира Сарина, Тоқтар Серіковтің өмір тарихы берілген. Сондықтан, кітапты шығаруға әр саланың білікті мамандары, тарихшылар топтастырылып, арнайы комиссия құру керектігін кесіп айтты. Қыркүйек айынан бастап 20 сағат болып арнайы оқулыққа енетін өлкетану кітаптарын әзірлеуге уақыттың тығыздығы айтылды. Десек те, Қарағанды облысы ұсынған өлкетану оқулығының реттік жүйесінің дұрыстығы және үлгі ретінде пайдалануға болатындығын тілге тиек етті.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраев, филология ғылымдарының докторы Серiк Негимов, халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әмiржан Әлпейiсов сынды бiрқатар ғалым мамандар сөз алып, Қарағанды өңiрiнде сапалы жобаларды iрiктеу бойынша ұсыныстарын айтып, пiкiрлерiмен бөлiстi. Осы орайда, филология ғылымдарының докторы Серiк Негимов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда ең бастысы сол жерде туған тарихи тұлғалардың есiмдерiн, тарихи жерлерді жаңғыртуға басты назар аудару керектiгiне тоқталды.
– Қазақ терминологиясын жасауға зор үлес қосқан ағартушы-лингвист Ісләм Жарылғаповтың биыл 100 жылдығы. Қарағанды осыны ескерусіз қалдырмаса екен. Еңбегі мен мол мұрасын, оның сөзжасамдағы бай тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазір қайталанбас тұлғаның 5 мың сөзі қызының қолында. Сенімді адамға ғана бер деп аманаттап кетіпті. Осыны сіздер қолға алсаңыздар екен. Iсләм Жарылғапов художник слованы – суреткер деп атады. Балмұздақ, Аялдама сынды біздің қазір кеңінен қолданып жүрген сөздердің барлығы Ісләмдікі, –деді Серік Негимов.
Сондай-ақ, Бектауата баурайында жерленген Шашубай ақынның мұрасын және Алаш арыстарымен бірге елге қызмет көрсеткен Хасеннің Бижанының мұрасын жандандыруды айтты. Мектеп мұражайын ашу жұмыстарын қолға алу, студенттер мен оқушыларға экспедиция ұйымдастырып, Ұлытау, Қарқаралы сынды киелі жерлермен, сол топырақтан түлеген әнші, ақын-жазушылардың мұрасымен сусындату қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, аймағымыздағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру туралы Қарағанды өңірлік жобалау кеңсесінің жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева баяндама оқыды. Гүлнар Төретайқызы өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста 431 жоба бекітiлгенiн атап өттi. Оның iшiнде, кіші жобалар жүзеге асырылып отыр.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәрбие және бiлiм», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» тәрiздi 4 кiшi бағдарлама қолға алынып отыр. Бұл жобалар Елбасымыздың айтқан рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш болары сөзсіз, – деді Гүлнар Құрбанбаева.
Сонымен қоса, Өңірлік сараптама кеңесінің төрағасы, Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов Елбасы мақаласы сананың жаңғыруы жолында атқарылар мiндеттердi тайға таңба басқандай айқындап берген тарихи құжат болғандығын айтты. Осы стратегиялық маңызды құжат аясындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген шаралардың бағасын берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан шараларды бұқаралық ақпарат құралдары беттерiнде кеңiнен насихаттау туралы ұсынысын да айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудандарда жүзеге асырылып жатқан жобалар барысын сараптау үшiн сараптамалық кеңестiң игі бастамалары да әңгіме болды. Мәжілісте көтерілген барлық ұсыныс бір ауыздан мақұлданып, көпшіліктің қарауына ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ерлан Қошанов Ұлытау, Қарқаралы сынды қасиетті жерлердің аясында үлкен мега жоба жасап, білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеология темірқазыққа айналатын жұмыстарды бастауға Қарағанды облысы жұмыла жұмыс істеуге әзір екендігін атады. Бір ғана облыста емес, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қолдау білдіретіндігін жеткізді.
– Табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Нұрдос КӘРІМ.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button