Мұғалім мәртебесі айқындалады

ӨТКЕН ЖҰМА КҮНІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТКЕН ЕДІ. ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫ БАС ҚОСҚАН АУҚЫМДЫ ӘРІ МАҢЫЗДЫ ЖИЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІРІН БІЛДІРДІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ, МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР ДА БАР.

Айта кетейік, мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі бұған дейін де күн тәртібінен түспей келген болатын. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы қолға алынған еді. Биыл ақпанда жобаны әзірлеу жұмыстары толық аяқталды. Ендігі мәселе – бекіту.

Алайда, Заң жобасын талқылау мәселесіне қатысты интернет қолданушылар тарапынан түрлі пікір туындауда. Мәселен, «55 жастан зейнеткерлікке шығаруды құптаймыз. Ендігі айтарым, математика пәнін оқушының барлығы дерлік түсіне бермейді. Осы пәнді тілдер және дене шынықтыру пәндері сынды бөліп өткізу қажет. Сыныпта кемі 25-30 оқушы бар. Сондықтан, дәптер тексеруге де аз уақыт кетпейді. Оған төленетін үстеме ақы – мардымсыз. Бұдан қалды, «Kundelik.kz» тағы бар. Сонда біз бала оқытамыз ба, әлде, күнделік толтырумен айналысамыз ба? Күніне 6 сабағы бар мұғалім осынша уақыт компьютер алдында отырады. Одан тыс жұмысына тағы уақыт қажет. Бұл ең алдымен, ұстаз денсаулығына да кесір әсер етеді» дейді Мейраш есімді қолданушы.

Бұл ретте, кеңестегі Президент баяндамасы күпті көңілдерді сейілтуге даңғыл жол салды деуге болады. Оның айтуынша, Ұлттық бәсекелестік қабілетін нақты іс жүзінде арттыру үшін мұғалімнің жоғары мәртебесіне қол жеткізу маңызды. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасында ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Онда мұғалім жүктемесін азайту, оның ар-ұжданы мен намысы аяқасты болмауына кепілдік беру және қаржылай ынталандыру мәселелері көрсетілді. Соның ішінде, аса маңызды бастама ретінде дәптер тексеру мен сынып жетекшілігі үшін екі есе үстемеақы тағайындау, ұстаздардың еңбек демалысы мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін жалақыға қосымша қаражат төлеу бар.

Бұдан бөлек, ұстаз жүктемесін азайтуға қатысты оларды қызметінен тыс жұмыстарға жұмылдыруға, шектен тыс есеп берушілік пен негізсіз тексеріс жүргізуге жол бермеу жайы айтылған.

– Осы күні жүргізіліп жатқан ұстаз жалақысын арттыру жұмыстарына қарамастан, көптеген қосымша ақылар мұғалімнің базалық лауазымдық еңбекақысы негізінде төленеді. Сондықтан, еліміздегі 500 мың ұстаз бұл қосымша ақыларды айтарлықтай сезінбей отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Сөйте тұра, осы сала мамандарының еңбекақысы экономика бойынша барлық орташа еңбек ақының небары 65%-ын ғана құрап, төмен жалақы есебінде саналуда. Біз бұған көндіге алмаймыз. Білім жүйесіне білікті мамандарды тарту мақсатында Үкіметке ұстаздар жалақысын алдағы 4 жылда 2 есе арттыруда тапсырамын, – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.

Жоғарыда аталған Заң жобасы қабылданып, Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылғанда, еліміздегі білікті педагогтер саны мен сапасы артары сөзсіз. Бұған ең алдымен аймақтағы ұстаздар қауымы да үлкен сенім артуда. Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы №65 мектептің мұғалімі Алма Тұяқова да бар.

– Қала мектептерінде бір класта 30-ға жуық бала бар. Оларға жетекшілік етіп, тәрбие беру, әр жұма сайын сынып сағаттарын өткізу оңай жұмыс емес. Оны ұстаздардың өздері ғана сезінеді деп ойлаушы едім. Енді міне, Мемлекет басшысының өзі педагогтерге зор көңіл бөліп, ұстаз жалақысын жоғарылату жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін естіп, шын қуандым, –дейді Алма Тұяқова.

Рауан ҚАБИДОЛДА