Әлжекең әлемі

   Ұлттық әдебиетімізді дамытуға айтарлықтай үлес қосқан, драматургияда, көркем прозада өзіндік ізі қалған Әлжаппар ӘБІШЕВТІҢ шығармашылық жолы – қолына қалам ұстаған жастарға үлгі боларлықтай жемісті, тәлімді жол. Оны зерттеу, әсіресе, қаламгерлік қырларына, суреткерлік  ізденістеріне, көркемдік  табыстарына  толыққанды талдау жасап, лайықты  бағасын беру – келешектің ісі. Біз бүгін оның әдеби  мұрасына, жалпы  шығармашылығына  барлау жасап, туындыларының сыр-сипатына, кейбір ерекшеліктеріне  ғана тоқталып өтпекпіз.

Қаламгерлік  қадамын отызыншы   жылдарда  «Қарағанды  пролетариаты» газетінде  бастаған, «Әдебиет майданы» журналы мен жастар газеті «Лениншіл  жаста»  жалғастырған  жазушы  өмір  құбылыстарына  сергек, сын  көзбен  үңіліп, өзіндік  пікір  айтуға  көбірек  бой  ұра  бастайды. Сол жылдарда   жарияланған  «Қарағанды  қарттың  әңгімесі», «Жер астындағы майдан», «Шахталарға саяхат» атты  және  басқа  очерктері  мен  толғауларын  қаламгердің   заман  мен  адам, кісінің өмірдегі  орны  секілді келелі де  өзекті  мәселелерді  зерделеуге   ұмтылған  алғашқы  талпыныстары   деуге  болады.  Сол  кездегі  әдеби  құбылыстарға  да елеңдей  қарап,  қырқыншы-елуінші  жылдарда туған  әдебиетімізге өз үнімен екпіндей  келген, әдебиет дейтін  киелі қақпаны сенімді ашқан  дарынды  ақын-жазушылар шығармашылығы  туралы өз әсерлері мен  пайымдауларын білдіріп, газет-журналдарда әдеби сын мақалалар жариялады.

Сонау қырқыншы  жылдардың  аяқ  шенінде өлкенің  әр қиырынан алуан  түрлі  мамандық  иелері, замандастары  жайлы  жазған «Завал», «Ел еркесі», «Зейнегүл», тағы басқа әңгіме-повестері, алғашқы  жинақтары  жарық  көреді.  Қаламгер   шы­ғар­машылығының  басты  ерекшелігі  қай   тақырыпқа  қалам  тартпасын, қоғам  құбы­лыстары   мен  тірлік  көріністерін  ел  өмірінің  қат-қабат  тынысы  қазақ  жұртының  түйсігі  мен танымы  тұрғысынан  ой елегінен  өтеді. Еркін  де  қарапайым, көбіне шұрайлы, ұғынықты  тілмен  өрнектеледі. Оқырман  сол туындыларды  өзі аралап  жүргендей, өзі  көргендей  әсерде  болатын   кездері   аз емес. Ел  мүддесі мен болашағы үшін  замандастарымыз, жас  буын  мен  келер  ұрпақтар  тәлім  аларлықтай, үйренуге   боларлықтай  мәнді жайларға егжей-тегжейлі, тәптіштей  тоқталуға  мәжбүр  болып  жатқанымыз сол  себептен.  Қаламгерлік һәм журналистік  қасиеттер бір басында егіз тоғысқан жазушының  әңгіме- очерктері  қазақ  әдебиеті мен журналистикасы  қазынасынан  өзіне  лайық  орын  аларлықтай  елеулі еңбек  екені  күмән  туғызбайды.

Осындай өрелі міндет тұрғысынан келер болсақ, жазушының  әңгіме-очерктері  бір жағынан – ұлттық  әдебиетімізге қосылған  сыбағалы  үлес  деп қарасақ, екінші  жағынан – болашақ   жастарға  әдеби тәсілдер мен қаламгерлік тәжірибе мектебінен біршама тәлім алуға жарарлық қазына деуге сияды.  «Кек деп ұшқан от», «Армансыздар», «Саржан», «Төлеген Тоқтаров» сынды үлкенді-кішілі әңгімелерінің  қай-қайсысы  да  кейінгі  ұрпақтар   үшін өмір танытқыш қуатымен  қымбат дүниелер екені  шүбәсіз. Заман  кейпін, халық  өмірінің  бе­дерлі де соқталы кезеңдері  мен адам  тағдырын   туындылары  арқылы зерделеуді мақсат еткен жазушы жоғарыдағы  кітабымен  шектелмей, одан былайғы жылдарда «Үлкен жолда», «Сахара сәулеті» секілді  соқталы  романдар  жариялауы – тынымсыз  қалам тербеу мен ізденістің жемісі. Қаһарман мінезін бейнелегенде, жазушы оның тәрбиелік, өнегелік маңызын естен  шығармағанға ұқсайды. Сол арқылы адамның этикалық-эстетикалық талғамына, дүниетанымына әсері айқындалады. Сомдалған тұлғаның тек сыртқы іс-әрекеті ғана емес, сонымен бірге ішкі жан дүниесі, психологиялық  мінез сырлары  да ашылуы керек. Бұл – қаламгерлер алдына қойылған талап, олардан  жеңіл-желпі  дүниені емес, адам атты жаратылыстың нақты болмысына, тағдырына, мінезіне толық қанықтыратын туындылар жазуды  қажет еткен  шынайы сұранымдар. Азаматтық позицияда  көрінетін  іс-әрекетпен бірге, кейіпкерлерінің  рухани әлеміне бойлай  білген  қаламгер өз қаһармандарының мінезін жан-жақты көрсетуге  тырысады.

Өнер  адамының  тағдырын  арқау  еткен  З.Ақышевтің «Жаяу  Мұса», Сәкен  Жүнісовтің  «Ақан  сері»,  Д.Әбілевтің «Ақын  мұраты», тағы   басқа   шығармалардың   алдыңғы  легінде  Ә.Әбішевтің  «Найзағай» романы да  бар.  М.Әуезов  дәстүрінің  көркемдік  арсеналынан   ғибрат  алған қаламгер  қазақ   өнерінің   біртуары  Мәди  сияқты  күрделі тұлғаны сан  алуан  тартысқа   киліктіріп, ол  өмір  сүрген   заманның   қайшылығын, әсіресе, өнер  адамына  жасаған  қысастық-қиянатын  шындыққа  суарылған  қалам қуатымен  ашып  көрсетеді. Мәди тағдыр тауқыметін  көп  тартқанымен, оның  жұбанышы – өнері, туған  халқы барда өнерінің  мәңгілік  екендігі. Қаламгер  оның  бейнесін  бедерлегенде, Мәдидің  қазақ  қоғамындағы  орнын   көрсетумен  шектеліп  қалмай, сол  заман  ахуалымен  байланыстыра  ширықтыра  беруі – драмалық  тартысты  күшейту  мақсатынан  туындаған   жағдай. Ақындығын, әншілігін, тағы басқа туабітті  тамаша  қасиеттерін  ақиқат  үшін   арпалысуға   жұмсаған Мәдидің сөз саптауына  қоғамдық-әлеуметтік  сипат  бере  бейнелеуі – қаламгердің  бас  қаһарманды  қоғам   қайраткері   етіп   көрсету  ниетінен орын алған суреткерлік позиция. Шығармадан тек әнші,  композитор  Мәдиді  ғана  емес, күрескер   Мәдиді  де  көруіміз  осыдан болса  керек.  Шығармада  басқа да кейіпкерлер өз  кескін-келбеттерімен, болмыс  бітімдерінің  өзгешеліктерімен  оқшауланып, заман  шындығының  бет пердесін  жан-жақты ашып  көрсетуде қаламгер сол жылдардың  сұмдығын, адамдар  тағдырын   нанымды  бейнелейді.

Ә.Әбішев сонымен қатар оқшау еңбек саналуға лайық драмалық  шығармалар  да  жазған  дарынды  драматург.  «Әке үкімі», «Достық  пен махаббат»,  «Бір семья»,  «Мұзбалақтар»,  «Күншілдік», «Кім менің әкем», «Мансап  пен ұждан», тағы басқа драмалық  шығармалары – оның  толысу  кезеңіндегі  қалам  қуатының  куәлері  екені  күмәнсіз. «Достық  пен махаббат»  пьесасының   образдар  әлемінен  де төл әдебиетіміз үшін сонылық табуға болар еді. Бұл тұрғыдан келсек, Мырқал, Сәуле, Абзал, Тайман  образдарын  бөле  қарау  абзал  болар еді. Олардың  қоғамдағы  орны  мен  рөлі, қам-қарекеті  мен  арман-аңсары, жан  дүниесі  жайында көл-көсір мол әсер  қалдырады. Қаламгер   күнделікті  тыныс-тірліктің  ерекшеліктерін, ұңғыл-шұңғылын біліктілікпен суреттейді. Пьесаның мазмұндық, көркемдік  құнарының  едәуір  салмағы  осы  тұста.  Ә.Әбішев   драматургияның  қыр-сырына  қанық, сондықтан,  пьесаның  елеулі де сүйекті  арқауы  мен  арнасы  осы  орайда  болуы  әбден заңды әрі  ұтымды  болған  деп  білеміз. Мұның  бәрі, түптеп келгенде,   жазушы  драмасының   танымдық  әрі көркемдік қуаты  жөнінде  пікір  түюге  мүмкіндік  береді. Жанр мүмкіндіктерін барлау, игеру тұрғысындағы шығармашылық  ізденістер – елеулі  олжасы  деп  бағалауға  әбден  лайық.  Қорыта айтқанда, Әлжаппар Әбішевтің  прозалық,  драмалық, әдеби-публицистикалық туындылары әлі де халқына, келер ұрпаққа қызмет ете берері күмәнсіз.

Мейіржан ТАПАШҰЛЫ,  

филология ғылымдарының

кандидаты, доцент.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.