Ұлытау әлемі: Теректі әулие

Алла тағаланың айрықша ықыласына бөленген, басқадан бар бітім-болмысымен дараланған, табиғаттың тылсымын таразылаған, тарихты тамырлатқан, дін мен ділді зерделеген Әулиенің табаны бірде Теректіге тиеді. Ол кезде бұл өңір әлі адам аяғы баспаған, күн қақтаған, сағым ойнаған жапан дала болса керек. Шөлден қаталаған, шыбын-шіркейге таланған, шаршап-шалдыққан, әбден әлсіреген Әулие әлден уақытта Жаратқанның жоралғысындай жасыл желекті зәулім бәйтеректі көреді. Ақырғы әл-қуатын бойына жиған бейбақ бәйтеректің көлеңкесіне ұмтылады. Көкжиекке көсілген жалаңаш жазықтағы баланың басындағы айдардай жасыл алаңқайға жеткенде, теректің түбінен шымырлап шығып жатқан бұлақ көзіне шалынады. Мөп-мөлдір салқын суды рахаттана сіміріп, көлеңкеге құлай кетеді. Ертесіне тынығып тұрғанда, таң-тамаша күй кешеді. Бұлтыңдаған бұлшық еті ойнап тұр. Маса талаған денеде иненің көзіндей із қалмаған… Бұл – бізге жеткен аңыздың бірпарасы. Жақпар тасты төбешік пен суы шипалы бұлақты Тәңірдің құдіретімен Теректі әулиенің өзі жеткізген, деген де әңгіме бар. Қалай болғанда да, аңыз астарсыз айтылмайды.

«Теректі әулие» атанған төбешік тізбегі Жезқазған-Қарағанды тасжолы бойындағы Теректі елді-мекенінен солтүстікке қарай он шақты шақырым қашықтықта жатыр. Ол – баға жетпес тарихи жәдігер шоғырланған әйгілі археологиялық кешен. Алайда, кейбір әдеби туындыда еске алынғаны болмаса, ондағы кереметтің құпиясы әлі терең зерттелмеген.

Бізге белгілісі: Теректі жартасындағы бейне біздің заманға дейінгі І мың жылдықтың соңы мен біздің замандағы І мың жылдықтың басында бедерленген. Кеңқолтық Кеңес кезінде «мемлекет қамқорлығына» алынған. Сан түрлі сурет салынған төбешіктің етегіндегі қалың қорымда бірнеше әулие мәңгілік мекен тапқан.

Тақтайшадағы дерекке ден қойсақ, Оспан баба мен Әбілқайыр ата – ІХ ғасырда, Мүтәліп баба мен Жанқара ата – ХІ ғасырда, Жылқайдар ата ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген. «Теректі әулие» –Мүтәліп бабаның ел қойған лақап аты, деп те айтылады. Жалпы, жоғарыдағы дерек немен дәйектелгенін өз басым білмеймін. Әйтеуір, негізсіз емесі анық.

Теректі әулиедегі тас бетінде талай бейне бедерленген. Сурет тасқа қашап салынған. Кейбіреуінің шынайы шеберлікпен тегістеліп, өңделгені сонша, тас беті айнадай жалтылдайды. Таңғажайып таңбаның тылсым сырын тап басып, таратып айту, дәл тауып, дәйекті дерек ұсыну қиын. Қалай десек те, тасқа қашалған бейне бағзы замандағы адамзаттың тыныс-тіршілігінен, таным-түсінігінен белгі береді.

Пиктограмма (тасқа салынған сурет) – бізге жеткен ең көне ескерткіш. Тіршілікте тылсым табиғатпен тіл табысқан адамзаттың таным-түйсігі, ақыл-парасаты, зейінзердесі бейне-белгі түрінде тас бетінде таңбаланған. Сол бейне-кескінді, сызық пен жазуды, үңгірдегі суретті, тағы басқасын сөйлете білсек, жазулы тұрған жылнама ғой!

Теректі әулиедегі тас төбенің қай тұсына қарасаң да топырлаған таңбаны көресің: мүйізі қарағайдай өгіз, қосаяқтап көкке қадалған арғымақ, бұйдалы бота… Айтпақшы, арасында айырықша бір сурет бар: маңдай мен мұрынның, қос алақанның, тізе мен табанның тасқа ойып салынған ізі сазға немесе топыраққа түскендей, айқын көрінеді. Аңызды аңдатсақ, осы жерде Теректі әулие намаз оқыған.

Жартастың жиегінен батысқа бағыт алған із құлама жарға жеткенде кілт үзіледі. Өкшесіз жайпақ табанды мәсінің ізін тасқа қашап салудың қаншалықты қажеті болды екен? Әлде, үйге бақыт әкеледі, деген сеніммен кіреберіске жалаңаяқ екі табанның ізі ішке қаратып салынатын «Дипавали» мерекесіндегідей үнділік сарынмен салынды ма екен? «Жайлы қонысқа қарай бет түзеген із Теректі әулиенікі» деген әңгіме бар.

Енді бір таста – топырлаған таутеке. Бей-берекет емес, белгілі бір жүйемен орналасқан оның ұзын саны – 12. Тізілген таутекенің соңында бір адам жылқы жетектеп келеді. Ал, жылқының артында қолын сермеген екі адам бейнеленген. Сірә, атты айдайтын сыңайлы. Осындай көріністі тасқа қашап түсіргенде не айтқысы келді екен? Әйтеуір, уақыт өткізу үшін қолына қашау алмағаны анық.

Төбенің оңтүстік жақ көлбеу беткейінде жоғарыдан төмен қарай құлаған жолақ алыстан ағараңдап көрінеді. Сол төңіректегі жұртшылық оны «Әулие сырғанағы» деп атайды. Жолақтың беті де таңбаға толы. Арасында айқасқан екі аттың бейнесі басқасына қарағанда анық. Екеуі – «ақбоз ат» пен «көкбоз ат», ал ағараңдаған жолақ «Құс жолы» емес пе екен? Егер «сырғанақ» етегіне жетуге кететін көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәтте бір тілек ойлап үлгерсең, сөзсіз орындалатын көрінеді.

Қос құлаштай тағы бір жалпақ таста таңбаланған бірнеше жануар бейнесі арасында толқынданған мүйізі алға қарай ұмсына біткен өгіз бірден көзге түседі. Өте әсерлі пішін. Барынша дәл бейнеленген жануардың суретін тасқа қашаған адам ырғақ пен тынысты тап басып, үйлестірген. Төбенің етегінен қарағанда едәуір биіктегі түйенің сұрғылт сұлбасы да анық көрінеді. Ширыға шабынып тұрған бураны бірден білесің.

Таң қаларлық тағы бір нәрсе, тастағы кейбір таңба күннің қозғалысына қарай үш мезгілде үш түрлі құбылып көрінеді екен. Күн сәулесінің түсу бұрышына байланысты айқындығы да өзгеріп тұрады. Қатпар-қатпар құпия құшағындағы көріністер…

Тас төбенің төңірегіндегі қорымдағы молалар – сол дәуірдегі сәулет өнерінің бірегей туындысы. Амал не, ғасырлар қойнауына кеткен өлшеусіз уақыт өз өрнегін салған, жел мен жаңбыр аяусыз мүжіп, ұсқынын кетірген. Төбеден теріскейге қарай аққан қасқа бұлақтың маңынан табылған тас жебе, найза ұшы, қыш ыдыс сынығы бұл маңайды ықылым заманда адам мекен еткенін мегзейді.

Айтпақшы, Теректі әулиеде тас құдық бар. «Құдық» деуге де келе қоймайды. Өйткені, қолмен қазылмаған, тастан ойылған. Қанша алсаң да, су деңгейі төмендемейді. Бәлкім, бұл төңіректің «Теректі әулие» атануына оның да әсері бар болар? Сан-сапалақ сауал көп, бірақ жүйелі жауап жоқ. Астарлы аңыз ғана бар. Өйткені, оны зерттеу ұзақ уақыт назарынан тыс қалған. Тіпті, жер атауының кезінде Қазақ Кеңес энциклопедиясына енбеуі де соған дәлел.

Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында осы тарихи құндылық қолды болып кете жаздаған. Керемет тасына қызыққан келімсек кәсіпкер қопарғыш қойып аттырған көрінеді. Жергілікті тұрғындар дабыл қағып, қорғап қалған. Алайда, таңбалы тас екі жерден зақымданған. Бірақ, оның басынан «Мемлекет қамқорлығында» деген тақтайшадан басқа, елдік ескерткішті қорғайтындай белгі таппайсың…

Әлібек ӘБДІРАШ