Ұлытау әлемі: Хан Ордасы

Ресми дерекке жүгінсек, Ұлытау өңірінде үш жүзден астам тарихи-мәдени жәдігер жатыр. Тасқа таңбаланған тарих! Оның көбісі ықылым заманның ғажайып мұрасы, сан ғасыр қойнауынан сыр шертетін ұлт шежіресі. «Әдетте, Ұлытау ауызға алынса, Алашахан мен Жошыхан, Домбауыл мазары бірден ойға оралады. Сөз жоқ, ол керемет кесенелер – ертеден қалыптасқан тарихи сананың бір бөлшегі. Десек те, әр заман тарихи даму заңдылығына сәйкес өз жәдігерін тудыратыны талассыз. Тәуелсіздік тұсында түлеп шыққан сондай тарихи орынның бірі – Хан Ордасы» дейді, танымал тележорналшы Әшімхан Жәмпейісов.

Бүгінде Ұлытау өңірін аралаған адам «Хан Ордасына» соқпай өтпейді. 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткені белгілі. Сонда алқалы жиынға қатысқан шетелдегі қандастарымыз, қашықтығына қарамастан, «Хан Ордасына» арнайы ат басын тіреп, тәу еткен. «Жарықтық хандардың ізі қалған жерді, олар отырған орынды көрген бізде енді арман жоқ» деп, ағынан жарылғанын естіген ел әлі айтып жүр.

Бұл тарихи орынның қасиетті топырағына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да табаны тиген. Хан шапанын киіп, қолына асатаяқ ұстап, хан шатырында төселген ақ киіздің үстіндегі орындықта отырған. Аманкелділік ақсақал Ахмет Арыстанов бата берген. 1993 жылғы 15 қыркүйектегі сол сапарында Ұлытаудың етегіне қойған «Белгітастың» қасында қазір Мемлекет тұтастығы мен халықтар бірлігінің Монументі тұр.

Хан Ордасы – аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай жиырма шақырымдай жердегі теп-тегіс жазықта үйіндісі сақталған аса маңызды тарихи жәдігер. Орданың сырты шым дуалмен, дуалдың іргесі тереңдігі – 1,5, ені 7 метрдей ормен қоршалған. Орға арық арқылы өзеннен су тартылған. Ордаға кіретін жалғыз қақпаның тұсынан ордың үстіне көпір-өткел салынған.

Пішіні төрт бұрышты құрылыстың ұзындығы – 150, ені 90 метр шамасында, қабырғасының қалыңдығы – 3,5, биіктігі 4 метр болған деген жорамал бар. Ол хан ордасы мен қызметшілерге арналған екі бөліктен тұрады, арасы дуалмен бөлінген. Дуалдың бұрыш-бұрышында қарауыл мұнарасы болған. Хан ордасына таңдап алынған жазықтың төрт құбыладағы тау басынан берілетін белгіні алыстан байқап тұруға лайық стратегиялық мәні ескерілген.

Хан Ордасы – орта ғасырдағы керуен жолы бойындағы қалашықтың бірі. Оны академик Ә.Марғұлан IX-XIII ғасырда қорғаныс үшін тұрғызылған қамал-бекініс тобына жатқызады. «Жаңа мектеп» жорналындағы (1927, №5-6) «Қарсақбай ауданының күйі» деген мақалада: «Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен, Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» деген жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы басы Арғын Шеген би болып, ақ киізге салып хан көтерген» деп жазады.

«Бұл дәстүр, сірә Жошы ханнан басталса керек. Жошының хан болып ұлықталуы да осы Ұлытау өңірінде өткен. Оның империясының астанасы Базар Орда қазіргі Жошы хан мазарының маңында болғаны тарихи дерек» дейді, академик Ғарифолла Есім. Ал, өз тұжырымын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Серік Негимов былай түйіндейді: «Ол – Қазақ елінің географиялық орталығында орналасқан саяси-экономикалық және этномәдениетінің алтын ордасы. Ол өзінің дәуірлеп, гүлденген заманында Дешті-Қыпшақ немесе Жошы ұлысы атанған».

Әлібек ӘБДІРАШ