«Ұлытау әлемі» — Елорда төрінде

Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелерінің таныстырылымы өткізілді. Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іргелі іс-шараға Қазақстанның әр аймағынан 30-дан астам музей қатысты. Олардың қатарында Қарағанды облысының атынан «Ұлытау әлемі» тақырыбындағы көрмесімен «Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи қорықмұражайы да болды.

Осы орайда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тікелей бастамасымен өткізілген көшпелі көрмелердің басты мақсаты республика өңірлерінің тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеу, тарихи тұлғалардың тағылымды мұрасымен танысу, халықтың мәдени таным деңгейін көтеру, сол арқылы қазақстандық қоғамның рухани дамуына дәнекерлік ету болғанын айрықша атап өткен жөн.

Болмысы бөлек, бітімі дара шараның ашылу салтанатына ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ғани Нығметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, ҚР Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, мемлекеттік органдардың басшылары, зиялы қауым және жастар өкілдері қатысты. Ресми тұлғалар өздерінің құттықтау лебіздерінде өңірлердің тарихы мен мәдениетін түп-тамырынан тарта танып-білу, өткен шақтың өнегесін ұғыну – өскелең буынға патриоттық тәрбие беру ісіндегі аса маңызды шарттылық, қапысыз қажеттілік екендігін атап өтті.

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы бұқара назарына ұсынған Ұлт бесігі төңірегіндегі мыңдаған жылдар бойғы тарихи оқиғалар тізбегі айшықты көрініс табатын «Ұлытау әлемі» көрмесі мазмұндық сипатының мағыналы болуымен ел ықыласына бөленді. Оның басты ерекшелігі – Сарыарқа төсіндегі ұлт мәдениетінің жалпы адамзатқа тән айшықты нышандарын бір арнаға тоғыстыра отырып, ұрпақтан ұрпаққа ауызекі аңыздар арқылы жеткізілгенін ұтымды көрсете білуі. Көрменің көркем көріністері төрт бөлікке бөлінген дискіге орналастырылған. Ондағы фотоколлажда Ұлы Дала Ұлытауының бейнесі, оның киесі мен қасиетін даусыз дәлелдейтін дәйектемелері дәрменді деректермен сабақтастырылған үлгіде берілген. Жәдігерлер көрсетілімінде Байқоңыр, Зыңғыртас, Теректі петроглифтерінің, сондай-ақ, көнеден жеткен аңыз бойынша тарихи тұлғалар мен әулиелер жерленген Ұлытау тауларының суреттері, көшпелі мәдениетті өзіндік ғұмыр салтына айналдырған қазақтардың дәстүрлі өмір сүру ғұрыптары жарасымды көрініс табады.

Сонымен қатар, Ұлытаудың қазіргі тұрғындары мен қастерлі өңірді аралаған қонақтардың фотопрезентациясы да көрме тақырыбының ішкі талғамына үндес болмыста ұсынылған. Іс-шара барысында «National Geographic Казахстан» журналының фотосуретшісі, «TEFA Eurasiaphoto» шығармашылық бірлестігінің төрағасы, «Ұлытау» қорық-мұражайының қызметкері Дмитрий Ругистің Ұлт ұясының тарихи ескерткіштері мен тамылжыған табиғатынан түсірген фотосуреттері де тәмам елді тартымдылығымен тамсантты.

 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

 ҰЛЫТАУ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.