Басты тақырыпҰлытау

Ұлытау көрмесі – Астанада

    ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы 12 шілде – 12 тамыз аралығында Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайында  Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесі аясында «Ұлытау әлемі» атты көрме өткізді. Көрмеге 600-ге жуық көрермендер келді. Оның ішінде 200-ге тарта шетелдік туристтер болса, еліміздің бірнеше қалаларынан келген  қонақтар саны баршылық.

Көрменің негізі және көркемдік бейнесі – дәстүрлі қоғамдағы адами мінез-қылықтың архетиптері – Ұлытаудың табиғи-мәдени ландшафтысында өзінің табиғи және материалдық көрінісін тап­қан Әлем Тауы мен Әлем Ағашын, Күн тәріздес символиканы көркемдік бейнелеу ретінде көрсетілді. Архетиптер символикасы бірыңғай көркемдік инсталляция түрінде берілді.

Ұлытау тауы өңірінде мыңжылдықтарда өткен тарихи оқиғалық табиғи ландшафтқа Қазақстанның мәдени мұрасы ретінде тарихи мән берілген. Даланың еуразиялық белдеуінің орталығында орналасқан Ұлытаудың географиялық, табиғи ерекшеліктері мен байлығы бұл өңірді Ұлы Дала тарихындағы ең бастылардың біріне айналдырды. Ұлытау кеңістігінің археологиялық, тарихи, мәдени, этнографиялық үлгілері оның ландшафтының алуан түрлерінің үлгісі.

Ұлытау микроәлемі – бұл адам мәдениеті мен табиғи сұлулық жетістіктері біріккен атамекеннің макроәлемі болып табылады. Ландшафт бейнелері мен материалдық және археологиялық мұра нысандары ұсынылған көрме бір «табиғи және мәдени» арт-нысанына біріктірілді.

Арт-нысанның көркемдік арқауына дәстүрлі адами мінез-қылықтың үш жетекші архетипі – Әлем Тауы мен Әлем Ағашы, Күнге табынуы енгізілді. Әлем Тауы –  Ұлытаудың өзінің бейнесі, ол мәдениет тынысының орталығы болып табылатын  тау.  Жер  мен аспан арасындағы Әлем бірлігінің делдал бейнесі.  Басқа архетипі – Әлем Тауының келбеті – Әлем Ағашы.

Әлем Ағашы – Әлем Тауы символының қайталануы, келбеті. Бұл өткен мен болашақ арасындағы байланыс. Оның діңі – бүгіннің негізі. Тамыры – өткен өмір, көкке талпынған бұтағы – болашақ. Әлем Ағашы – тілек ағашы. Оның бұтағы мен діңі арқылы адамдардың армандары мен тілектері аспанға көтеріледі. Бұл әрі таным ағашы, әрі ата-баба шежіресі.  Әлемдік Ағаш бейнесі экспозицияның негізгі бөлімдерін көркемдегенде арт-нысаны және элементі болады. Бұл архетипті көзбен шолу үшін күн дискі бейнесі аясындағы ағаштың табиғи макеті пайдаланылды.

Арт-нысанның барлық басты рәміздік арқауы – таным Ағашы, тарихи Шежіре, мәдениет Ағашы. Әлемдік Ағаш бейнесінің біріктіруші көркемдік элементі – бұл қолданыстағы нысан. Ағаштың төменгі жағына келушілер үшін ішіне мата қиықтары салынған ортағасырлық қыш тостаған қойылды. Көрмеге келген қонақтар тілектерін  тілеп, тілек Ағашына мата қиығын байлады. Біз бұл символға «Ұлытау бәйтерегі – ЭКСПО – 2017» деген атауды ұсынамыз. Көрменің жұмысы аяқталғаннан кейін инс­талляция «Ұлытау» қорық-мұражайының экспозициясына көшіріледі, сол арқылы «Болашақ энергиясы» мәдени эстафетасын жалғастырады.

Арт-нысандағы шеңбер диск таңбалық мағынадағы крест тәрізді ою-өрнекті білдіреді. Шеңбер – табиғатта ең көп таралған пішін болып табылады. Шеңбер бейнесі – бұл шаңырақ символы, бұл тұмар, бұл осы әлем жайындағы таным және Күнге табыну, бұл Жер шарында өмір сүрушілердің бірлігінің нышаны. Диск өзінде шифрланған мағынаны көзбен берілетін пішін болмысында, мазмұнында біріктіре жеткізеді. Дискідегі Ұлытау тарихи және мәдени ландшафтысының негізгі нысандары коллаж негізінде көрер­мендерге ұсынылды.

Ұлытаудың ерекше тарихи-мәдени ландшафты дала  кеңістігіне енген архитектуралық ескерткіш болып табылады. Шикі кірпішті кесенелер мен күйдірілген кірпіштен қаланған кесенелерді дарынды көшпелі сәулетшілер салған. Бұл Ұлытау даласында бірнеше жүз жылдыққа созылған түздік архитектуралық ренессанстың көрінісі.

Ұлытаудың тағы бір ерекше мәдени-тарихи ландшафты – жартас суреттерінің мекендері болып табылады. Бұл табиғи ландшафт пен өз мәдениетінің әлемін бейнелеудегі адами тілектің органикалық құрылымы. Пертроглифтер мекендері Байқоңыр, Зыңғыр тас, Теректі фотопрезентациясында көрсетіледі.

Аңыздар бойынша Ұлытау шыңдары дәстүрлі табынушылық пен ғибадаттың орыны болып есептеледі. Әлемдік Тау – Ұлытау­ға тәу етудің белсенділігінің фотоколлажы беріледі. Ұлытау адамдары –  Қазақтардың дәстүрлі өмір салтын және көшпелілер мәдениеті негізінің, оның экологиялық таза энергия­сының фотоколлажы. Ұлытау тұрғындарының суреттері – Тәуелсіз Қазақстанда жаңа қоғамды құру деген ортақ оймен өмір сүріп жатқан адамдар.

 

Баян ШАЙГОЗОВА,

«Ұлытау» қорық-мұражайының

Ескерткіштерді қорғау және есепке алу бөлімінің басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button