ҰЛЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ДАЛА

3-5 тамыз аралығында көршілес Павлодар облысының орталығында «Ұлы Дала» атты халықаралық этнофестиваль өтті. Кешегі Ұлылар ұлықталып, бүгінгі ұрпақ санасы жаңғырды. Қарағандыдан Керекуге керуен тартқан шағын ғана топтың құрамына енгенімді өзіме бақыт санап, шүкіршілік еттім. Қызмет бабында талай мәрте жолға шығып, талай делегация құрамында болып жүрміз ғой. Бірақ, бұл жолғы сапар мені ерекше толқытты. Фестиваль бағдарламасымен алдын ала танысқандықтан болар, мен мына тұрған Павлодарға емес, сонау XVIIIXIX ғасырларға сапар шегіп бара жатқандай күй кештім. Бұрындары мұндай сапарларымды «Жолжазба» деп жорғалатушы едім, бұл жолы «Сапарнама» деп салмақтауға тура келді. Әлқисса…

ЖОЛБАСТАР

Тамыздың тамылжыған таңымен таласа жолға шықтық. Көкжиек нұрға малынып, себелей жауған жауын жаныңды жадыратады. Таңғы ауаның жұпарына жаңбыр иісі қосылған. Қойын-қонышында қайла-күректің жүзі, экскаватордың тісі тимеген жері жоқ өндіріс ошағына айналған мынау далада қолқаны қабар газ иісі бұрын-соңды болмаған сияқты. Шынымен де, қай ғасырдың жолаушысы бағамдай алмайтындай әсерде келемін.

Жолбасшыларымыз – Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов пен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова. Бес жеңіл көлікке бөлініп отырдық та, белден бел асып, қаладан далаға беттеп барамыз. Ұлы Далаға! Бұқар бабаның он үшінші ұрпағы, «Алтынторы шежіресі» кітабының авторы, ардагер ұстаз Ғалымтай Бақтияров екеуміз – бір көліктеміз. Басшымыз да, қосшымыз да – Бұқар жырау аудандық жастар ісі жөніндегі орталықтың жетекшісі Ертарғын Құрашев. Тізгіншіміз Сергей есімді сергек жігіт қаракер атқа қамшы басты. Көсіліп берді. Жер жағдайын әбден біліп алған кәнігі шабандоз дерсің… Жер танабын қуырып келеміз.

…Шежіреші адам әңгімешіл келеді ғой. Ғалымтай аға әңгіме тиегін ағытты. Ортақ тақырып – Бұқар баба төңірегінде. Бұқарекең өмір сүрген дәуірден бастадық та, Қаржас-Алтынторы шежіресін бір пысықтап шықтық. Айналып келіп, Бұқар жырау Қалқаманұлының алдағы мерейтойы төңірегіне ойыстық. Тойға дайындық барысы да айтылмай қалған жоқ.

– Ұлылардың мерейтойы ас ішіп, аяқ босату деңгейінде қалса – елге сын. Осы тұрғыдан алғанда, облыс әкімі Ерлан Қошанов тойды ұйымдастыру идеясын дана қазақтың «Той атымен тон тігіледі» деген қанатты қағидасы шеңберіне шегендеп тастағаны көңіл қуантады. Баба атындағы аудан аумағында қаншама жол жөнделді, көшелер абаттандырылып, баба кесенесінің төңірегі жаңғыртылып жатыр. Осының барлығы – ұлы тұлғаны құрметтеу арқылы баба тойының шапағаты мен игілігін ұрпақ көрсін деген ниет. Ертең тойға келген меймандар да айналасына қарап, таңданып, таңдай қағатындай келбетіміз болса, қандай ғанибет! – деп көсілді Ғалекең.

…Терең ойға шомдым. Қайран, Бұқар баба! Қасиетіңнен айналдым! Өмірге келгеніне үш жарым ғасыр, өмірден өткеніне екі жарым ғасыр өтті. Ұрпағы шапанын жамылмаса да, шапағатын көріп отыр. Жақында белгілі өнер зерттеушісі, қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкүл Бимендина апам айтқан бір әңгіме есіме түсе кеткені. Рымкүл апам:

– Абайдың Бұқарекең туралы өлеңін білесің ғой. «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі – бірі жамау, бірі құрау» деп басталатын. Сол өлеңді ұлы Абай жазды дегенге сенесің бе? Абайдың олай жазуы мүмкін емес! Бұл – кейінгі «абайтанушылардың» шаруасы, – деп қойып қалды. Шынымен-ақ… Ойланып, көңіл бөлерлік пікір. Саясаттың салқыны тимеген ақын бар ма қазақта?! Қарап отырмай, Рымкүл Исатайқызының бұл пікірін Ғалымтай ағама да мақұлдатып алдым.

Осындай өрелі әңгіменің желісін үзбей, жол қысқартып алдық. Тіпті, жолдың ойдым-ойдым шоқалағын да елеп келе жатқан жоқпыз. Заты өзгергенімен, аты қазақыланбай қойған «Мирное», «Трудовая» ауылдары мен «Молодежный» кентін өрлей өтіп, құбырдағы Ертіс суын («Ертіс-Қарағанды» каналы) жағалап, Павлодар облысының шекарасына да жеттік.

Одан әрі – Шідерті, Екібастұз, Павлодар. Біздің жол тәуліктің жолы сиыр сәскеден сәл ауған шақта тұйықталды. Яғни, межелі жерімізге жетіп, Естай Беркімбайұлы атындағы Мәдениет сарайының кермесіне ат байладық.

ТОЙБАСТАР

Павлодарда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы Дала» этнофестиваліне халықаралық мәртебе не үшін берілгенін осы жерде түсіндік. Ауқымды шараның тойбастары ретінде «Ұлы Дала мұрасы: Тарих, Тұлға, Тағылым» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция таңдалған екен. Конференцияға Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысып, Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Естай Беркімбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді қазақ ұлыларының мұраларын салмақтады. Өзіміздің кейбір шенеуніктер шекесінен қарап, Бұқар жырауды, Шорманның Мұсасын, Мәшекеңді, Естай мен Сұлтанмахмұтты танымай жүргенде, шетел ғалымдарының қазақ ұлылары туралы баяндама жасап, ғылыми тұжырымдар жасағанын естіп, ішіміз жылып қалды.

…Біз сәл ғана кешігіп жеткен екенбіз. Пленарлық отырыс басталып кетіпті. Есіктен ентелей кіргенімізде, биік мінберден белгілі философ, академик Ғарифолла Есімді көрдік. Көсіліп тұр екен.

– Дәстүр дегеніміз – ата-бабамыздың бізге қалдырып кеткен мол мұрасы, қазынасы, қағидасы, ережесі, шексіз байлығы. Дәстүр өзгереді. Оны өзгерту керек. Бірақ, біз оның дәнін білуіміз керек, нәрін сақтап қалуымыз керек. Мәселе – сол дәнді шашып алмауымызда. Біз сонда қазақ боламыз. Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында зор мән берген ұлттық код – осы, – деді Ғарифолла көкем. Құлаққа жағымды, санаға сіңімді байлам, әрине.

Ұлы Дала ұлылары Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық, Мұса Шорманұлының 200 жылдық, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдық, Естай Беркімбаевтың 150 жылдық, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойлары биылғы этнофестивальдің өзегі ретінде таңдалған екен. Пленарлық мәжілістен соң осы бес тұлғаның мұрасын зерделеуге арналған секциялық отырыстар басталды. Біз Бұқар жырау секциясына бөліндік. Келелі кеңес, өрелі әңгіме өрбіген алқалы жиын Бұқар баба атындағы өнер және әдебиет мұражайында өтті.

 Ахат Жақсыбаев бастаған қабырғалы қаламгерлер Бұқар баба мұрасының өміршеңдігі төңірегінде салмақты сөз қозғап, салиқалы пікірлерін ортаға салды. Қарағандылықтар Шагурашид Мамалиновке, шежіреші Ғалымтай Бақтияровқа, Бұқар жырау аудандық мәслихатының хатшысы Асхат Әлиге сөз осы отырыста тиді. Бұқар жырау Қалқаманұлының бай мұрасын зерттеп, зерделеу, оны ұрпақ жадында жаңғырту бағытында жасалып жатқан жұмыстар және баба тойына дайындық мәселелері жайында Шагурашид Қалиұлы байыпты баяндап, павлодарлықтарға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді. Мұражай ұжымына «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген жүз томдықты сыйға тартты.

 Шаңқай түсте басталған әңгіме ұлы бесінге дейін ұласты. Жалыққан жоқпыз. Рухани байып, керемет әсерленіп тарқастық.

ТОҚБАСАР

Тойда жүрміз ғой. Бірақ, ішкен-жегенімізді, бір-бірімізге алмасқан сый-сияпатты айтудан аулақпыз. Әйтеуір, тоқ жүрміз. Асқазанның тоқтығын емес, рухани азыққа байырқалап жүргенімізді айтамын. Үш түнемел шараның үш кешінде де той иелері ұсынған тоқбасар ғажап болды.

 Қасиетті қара Ертістің арнасын рух кернеп тұр. Алғашқы кешіміз Естай баба рухымен еңселенді. Ертіс жағалауына сән-салтанатын келістіріп дала сахнасын жасап тастаған. Сахна «Ertis promenade» деп аталады. Заманауи атауына тіліміз келе қоймағандықтан, біз бұл алаңқайды «Рух алаңы» атап кеттік.

 Сонымен, алғашқы тоқбасарымыздың тақырыбы «Ертістің ерен Естайы» деп аталды. Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дәстүрлі музыка фестивалі. Жалғыз біз емес, павлодарлықтар да ессіз эстраданың даңғазасынан жанасында қай театр, қай актер ойнады екен? Өз басым естіген де, көрген де жоқпын. Міне, өзімнің сүйікті театрымның қойлымын тамашалап отырмын. Жан-жағыма барлай қараймын. Екі күн бойы айналама сын көзбен қарап келген басым енді Сәкен театрын Кереку халқы қалай қабылдар екен деп алаңдап қалды. Жоқ, Кереку керемет қабылдады. Әрбір режиссерлік байлам мен түйін тұсында дуылдата қол соғып, рухтанып кеткен халықтың ықыласын көрсеңіз… Театр өзіміздікі болған соң шығар, мен өзім қойылым басталғаннан соңына дейін ерекше бір толқулы күйде болдым.

Ең бастысы, біздің актерлердің шеберлігі мен кәсібилігі көңіліміздегі «Апыр-ай, дауыстарын дала жұтып қояр ма екен?» деген алаңды ысырып тастады. Тіпті, дала акустикасын да меңгеріп алған екен!

Намаздыгер мен қызыл іңірдің арасында Ертістің ағысы бәсеңдеп, асау толқын тынши қалды. Бұқар бабаның саңқылдаған үнін дала да, өзен де тұнжырап тыңдады. Қойылым оқиғасындағы біз оқып жүрген тарихтан бөлек тың идеялар, Абылай мен Бұқар жыраудың асқақ рухы, әртістердің образды бейнелеу шеберлігі, автор мен режиссер идеяларындағы үндестік, бәрі-бәрі мынау Ұлы Даланы тұнжыратып, тұңғиық әлеміне сіңіріп әкетті. Мен ойладым, мына далада да, мынау қалада да мұң бар-ау деп… Қойылым аяқталғанда қайран дала ауыр күрсінгендей әсер етті.

***

Үшінші тоқбасарымыз қала сыртындағы киіз үйлер қалашығының бас сахнасында өтті. Бұл тоқбасардың да шымылдығын жерлесіміз, айтыс өнерінің ақтаңкері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Аманжол Әлтай арнау жырымен түрді. Одан кейінгі бағдарлама эстрада жұлдыздарының гала концертіне ұласты.

МАУҚЫМБАСАР

Не керек, жол басында XVIII-XIX ғасырға сапар шегіп бара жатқан күйде болдым деп едім ғой. Түйсігім алдамапты. Қызықтың көкесі «Ұлы Дала» этноауылда екен. Еңселі қақпадан аттаған бетте көне дәуірге көшіп келгендей әсерде болдық. Ақшаңқан үйлер, атарба, алтыбақан, қазақы қазан-ошақ, кеңпейіл қазақ… Облыс әкімі Болат Бақауовтан бастап, барлығы ұлттық киім киіп алған. Жолға ыңғайлы ғой деп, еуропалық үлгіде киінгенімізге ыңғайсызданғанымыз-ай.

Мерейтойы аталып жатқан бес тұлғаның (Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Естай Беркімбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров) ауылдарының ауласында шашу шашып қарсы алған ақ жаулықты аналар жүр. Бұқар баба ауылында Көмекей әулие көсіліп бата беріп, келесі ауылда Мәшекең толғанып тұр. Мына ауылда Естай ән салып, ана ауылда Сұлтанмахмұт жігерлене жыр оқып тұр.

«Қоянды жәрмеңкесі» театрландырылған көрінісі де – шынайы. Қос доңғалақты арбамен кіре тартқан саудагерлер керуеніне еріксіз еріп кеткің келеді. Ортасында – Біржан сал. «Базарың құтты болсын, ардақты елім!» деп әуелете жөнелді. Шынымды айтайын, өз басым өз ғасырымнан алыстап кеттім.

Ортаңғы алаңқайда қолөнер шеберлері өз жәрмеңкелерін қыздыруда. Ана бір жерде балуандар белдесіп, мына бір шетте көкпаршылар атой салып жүр. Аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу… Қайсыбірін айтайын, әр алаңның өз қиқуы өзінде.

 Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған ресми топ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков бастаған қандастарымыз, алыс-жақын шетелдерден келген меймандар «Қоянды жәрмеңкесінің» қызықтарын тамашалап, әр ауылдың ауласына аялдап, қақпаға қарсы төрге орналасқан «Ұлы Дала» сахнасына беттеді. Ол жерде этноауылдың ресми ашылу салтанаты болып, жиылған жұрт алматылық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен жергілікті «Ертіс-баян әуендері» шығармашылық ұжымының мерекелік концертін тамашалады. Халықаралық өнер думанының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Болат Жұмабекұлы шараға қатысушылар мен қонақтарды фестивальдің ашылуымен құттықтап, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірнеше азаматқа «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Айтып-айтпай не керек, мерекелік думанды ұйымдастыру деңгейі – өте жоғары. Халықты қақпайлап жүрген полицияны, рациямен айқайлап, әкімнің жолын тазалап жүрген шенеуніктерді де көрмедік. Ұлы Дала ұрпақтарының «Мәңгілік Ел» идеясына топтасып, жұдырықша жұмылған бірлігін таныдық. Елбасы бастаған Ұлы көштің бастауы сонау дәуірлердегі ұлылықтан нәр алып, ұлы мұратқа сапарлап бара жатқанына көз жеткіздік. Жасандылық шынайылыққа жол берген екен. Ұлттық құндылықтың кәусарынан қанып ішіп, қазақы қалыптағы төл мәдениет, төр өнерімізбен қайта қауышып, мауқымызды басып қайттық. Ұлылық шекараға, ұлылар аудан-облысқа жіктелмейтінін Павлодарда өткен «Ұлы Дала» этнофестивалі тағы бір мәрте дәлелдеді.

ТОЙТАРҚАТАР

Елге қайтып келе жатқанымызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысында екі ауданның атауын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойғанын естідік. Иә, Президент Жарлығымен Качир ауданы Тереңкөл, ал, Лебяжі ауданы Аққулы болып өзгерді. Біз бұл кезде Октябрь ауданына кіріп келе жатқан едік… Әйтеуір, ұлыларын ұлықтаған Ұлы Даладан келе жатырмыз ғой.

Ерсін МҰСАБЕК,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

2 thoughts on “ҰЛЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ДАЛА

  1. Ерсіннің әр жазбасы — толымды бір дүние!.. Сапарнама өте салмақты өрілген. Журналистің күмәнсіз шеберлігі!..
    Бас бармақты көтердік…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.