Қарқаралы

Ұлық мейрам шарапаты

Иісі мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін қарқаралылықтар зор ықыласпен қарсы алды. Екі ғасырға жуық руханияттың ордасы болып, мұсылман қауымның қастерлі орны, иманының ұясына айналған Құнанбай қажы мешітінде таң бозынан уағыз айтылды. Мешіт имамы Асқар Қуатбеков мейрамның мән-мағынасын зал толы жамағатқа түсіндіріп, құрбандық шалудың тәртіптерін жеткізді. Айт намазы оқылды.

Мейрамға арнайы келген аудан әкімі Халел Мақсұтов та ізгі тілегін жеткізді. Жылдағы жақсы дәстүрмен алдымен құран оқылып, құрбандық шалынды. Құрбандық шалу, тек, мал бауыздаумен ғана бітпейтіндігі, ол адамның ішкі ниеті мен шын пейілінен туындайтын ізгі үрдіс екендігі тағы бір мәрте түсіндірілді.

Осы жерде жағдайы төмен отбасыларына құрбандық малының еті мен азық-түлік таратылып берілді.

Күні бойы сіркіреп жауған жауынды Алланың нұрына балаған жамағат ұлық мейрамды ұлттық нақышта өткізді. Ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылды. Балуандар күресті, білектілер күш сынасты. Мергендер асық көздеп, жігіттер кір көтеріп, арқан тартысты. Нәтижесінде, жүзден жүйрік шыққандар да анықталды.

Нақтырақ айтқанда, қазақ күресінде Азамат Жиенбеков І орынға, Қанат Рахымбек ІІ орынға, Думан Рахымбергенов ІІІ орынға табан тіреп, 40 мың, 30 мың 20 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтарды өзара бөлісті. Кір тасын көтеруде Нұрлан Шәймерден, Олжас Әзімбаев, Мұхаммед Төлеубай жүлделі орындардан көрінсе, арқан тартуда Нұрымбек Ілдебаев, Жасұлан Әлімбетов, Айдын Бабайбеков, Нұр жан Сатыбалдин, Жангелді Рымбаев мықты шықты. Қайрат Ашман, Тәуіржан Фазылкәрім, Асқар Әбдірайымов қол күресінің жүлдесін олжалады. «Ағайындар», «Алдияр», «Жандос» командаларының асық ойынында мерейлері үстем болды. Барлық жеңімпаздарға медальдар, қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл жерде ұлық мерекені дәріптеп, ойдағыдай өткізген Құнанбай қажы мешіті мен жастар орталығының, сектор мамандарының еңбегін атап өту қажет.

Адамгершіліктің белгісін танытып, қадір-қасиетін арттырып, бірлік пен берекеге үндейтін мейрамға жастармен қатар, мектеп оқушылары да атсалысты. Таңнан әкесімен бірге намазға жығылған балаларды көріп, жүрекке қуаныш ұялады. «Тәрбие басы – тал бесік» деген осы болар. Бұл да енді ғана оң мен солын тани бастаған ұрпақты адамгершіліктің ең биік шыңы – имандылыққа тәрбиелеудің басы болса керек. Дәстүрлі дінімізді насихаттау арқылы оларды мейірімділікке пен тазалыққа тәрбиелеу жолы. Міне, осындай ұлы қасиеттерді ұлықтаған қарқаралылық жамағат көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button