Ұлы дала көрмесі — Жапонияда

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйғарымына сәйкес, Күншығыс елінің бас қаласы Токиода өткен «Tourism EXPO Japan 2018» xалықаралық көрмесіне қатысқан Ұлт ұясындағы «Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи қорық-мұражайы жапондықтарды, басқа да шетелдік меймандарды көшпелі көрме жәдігерлері, сондайақ, бейнебаяндар мен фотосуреттер арқылы Ұлы Дала Елінің тағылымды тарихымен тереңдете таныстырып, тәмам жұртты тамсандырып оралды.

Осы орайда Жапония саяxат және туризм қауымдастығы, Жапония туристік агенттіктерінің қауымдастығы мен Жапония ұлттық туристік ұйымы ұжымдаса ұйымдастырған халықаралық көлемдегі қамтылу ауқымы мейлінше кең көрменің түпкі мақсаты сыртқы және ішкі туризммен айналысатын компаниялардың басын бір жерде тоқайластырып, түрлі сипаттағы мүдделері бар тараптарға өз елдеріндегі туризм индустриясының болашағын таныстыруға мүмкіндік туғызу екендігін айта кеткен жөн. Токио төріндегі іргелі жиынға әлемнің 136 елінен 1441 компанияның арнайы келіп қатысуы біраз жайттан хабар берсе керек.

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, ұйымдастырушылардың көрме жұмысының өткерілу барысын ұтымды жоспарлауы оған қатысушылардың еркін әрі тиімді әрекет етуіне мол мүмкіндік тудырған сыңайлы. Айталық, отандық және шетелдік туристік өнімдердің көрсетілімі, туристік нысандар мен бағыттардың ерекшеліктері мен тартымдылығын таразыға тарта отырып, өзгелерге таныстыру мақсатындағы іскерлік кездесулер мен ақпарат алмасу секілді оңтайлы шаралар орнықты атқарылыпты. Соның аясында «Ұлытау» қорық-мұражайының қызметкерлері көрмеге әлемнің әр бұрышынан жиналған туризм қауымдастықтарының басшылары мен өкілдерін Қазақстанның тариxи және географиялық орталығы саналатын Ұлт ұясы – Ұлытаудың көне дәуірлердің қатпарынан сыр шертетін тарихи-мәдени мұраларымен, олардың адамзат үшін аса зор маңызға ие мағыналық сипаттамасымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Айтқандай, қазақстандық делегация құрамында ұлытаулықтардан тысқары, отандық туризм бизнесінің, сондай-ақ, Алматы және Атырау облысы туризм басқармаларының тәжірибелі мамандары да болды.

Ата-баба дәстүрін берік ұстанған Қазақ елінің ұландары анау-мынауға елең ете қоймайтын жергілікті тұрғындар мен төрткүл дүниенің әр тарапынан дүмеп келген шетелдік қонақтарды емен-жарқын меймандос пейілімен де таң қалдырды. Оларға ұлттық тағамдардан дәм татқызып, қазақтың әні мен күйін тыңдатты, ұлттық киімдерімен таныстырды. Ұлы Дала халқының болмыс-бітімімен сырмінез емес сыртқары жұрт қазақтың ұлттық ойындарып ойнап, олардың танымдық деңгейінің биіктігіне айрықша тәнтілік танытты. Көрме өткізілген төрт күннің ішінде оны басқа шетелдіктерді есепке алмағанның өзінде жергілікті тұрғындар санатындағы 207 мың адамның тамашалауы, әрине, рекордтық көрсеткіш!

Ал, «Арлан» этнотеатрының бойлары екі метрден асатын баһадүрлері тек қазақстандық павильон емес, жалпы халықаралық көрменің басты экспонатына айналды. Олармен суретке түсу мүмкіндігін иелену үшін жұртшылық ұзын-сонар кезекте тапжылмай тұруға пейілді болды.

Көрме барысында Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев арнайы атбасын бұрып, отандастарының халықаралық жиын аясындағы оралымды істеріне шынайы ризашылығын білдірді. Қазақстандағы туризмді одан әрі дамыту мен елдің мәртебесін арттыра түсу бағытындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Ұлытау» қорық-мұражайы көрмесінің шежірелі жәдігерлерін қызыға тамашалаушылар қатарында Жапонияның көрнекті саяси қайраткерлері де болды. Солардың бірі Ясуко Комияма Қазақстанның өркендеу жолындағы үдемелі үдерістеріне тәнтілігін бүкпесіз жария етіп, Елбасы мен жалпы қазақ халқына дұғай сәлемін жолдады.

Қысқасы, Токио төрінде өткен ұлы дүбірде Қазақстанның, оның ішінде, Ұлт бесігі – Ұлытаудың туризм саласындағы мүмкіндігі мен әлеуеті барынша кең тұрғыда паш етілді деуге толық негіз бар.

– «Tourism EXPO Japan» – дүниежүзіндегі сыртқы және ішкі туризм индустриясына тікелей қатысы бар ірі компаниялар қатысатын әлемдегі ең танымал көрмелердің бірі. Осы жолы сәтін салып, өз пайымдауымызда жер кіндігі саналатын киелі Ұлытаудағы тарихи-мәдени мұраларды кең тұрғыда насихаттадық. Көрме мен іскерлік кездесулерден бөлек, басқа секторлармен де белсенді жұмыс атқаруға талпындық. Бұл –туризм индустриясы саласын дамытудың тың мүмкіндігі. Ең бастысы, шетелдіктер біршама жайтқа қанықты, тиісінше, қызығушылықтарын танытты. Біздің бүгінгі ісіміз – осы саланың келешекте кемелдене түсуінің кепілі, – дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының баспасөз хатшысы Зейнет Мұсабекова.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.