Бас тақырыпТарих

Ұлы ағартушының мәңгілік мекені

«Бір Аллаға сиынып, кел балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деп жас буынды білім айдынына шақырған, сол мақсатта аянбай тер төккен ұлы ағартушы, жазушы Ыбырай Алтынсариннің сырт келбеті келісті кесенесі Қостанай қаласынан жеті шақырым жерде, Тобыл өзенінің бір иінінде тұр.

Ұлт мүддесін тамырынан тарта ойлаған біртуар тұлға – қайраткерлік қалпын айғақтай білген қазақтың бірі. 1874 жылы орыс географиялық қоғамының Орынбордағы бөлімшесінің толық мүшесі болуы – соның болмашы бір айғағы. Ыбырай Алтынсарин әйгілі орыс ағартушысы, миссионер Ильминскиймен жақын араласқан. Сол кездегі орыс зиялылары арасында сыйлас достары көп болған.

Оның ұлт тарихында алар орны ерекше. Өз халқын білімді елдердің жұртшылығымен теңестіруді мұрат тұтып, бойындағы бар жігер-күшін сол мақсатқа жұмсады. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 14 мектеп ашып, қазақ балаларына арналған оқулықтар жазды.

Ы.Алтынсарин – этнография саласында да өнімді әрекет еткен адам. Оның осы бағыттағы еңбектері халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын қарастырады. Толымды туындыларының бірінде бақиға озған адамды жерлеу мен рухына арнап ас беру ғұрпының ерекшеліктері сипатталса, екіншісінде құда түсу, қыз ұзату салттары терең зерттелген.

Дүниеден озар алдында «менің жаназама бір де бір орыс адамын араластырмаңдар, тіпті, маған етене жақын жүрген жандар болса да, жуытпаңдар» – деп аманаттаған бөлек болмысты ағартушының бейіті үш мәрте жаңғыртылған екен. 1991 жылы 150 жылдығына орай, бұрынғы мазарының орнына қызыл кірпіштен күмбез үлгісіндегі кесене тұрғызылады. Ал, 2017 жылы кесене қайта жаңғыртылып, аумағы мен биіктігі ұлғайтылады. Ол – бұрынғы кесенеден екі есе еңселі. Аумағы – 64 шаршы метр, көкке шаншылған тұсымен қоса есептегенде, биіктігі – 18 метр. Құрылысқа Маңғыстаудан арнайы жеткізілген ұлу тастары пайдаланылып, бабалардан келе жатқан дәстүрмен қашау жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, ұлттық оюөрнек нақыштары салынған.

Қазақ даласына білім нұрын сепкен тұлғаның мәңгілік тыныс тапқан мекені – елдегі ең биік кесенелердің бірі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button