Ұлттық жаңғыру — ұрпақ көзімен

16 мен 28 жас аралығындағы қалам ұстаған 72 жас талап. Қазақ, орысы бар бір уақыт мұғдарында, бір облыс көлемінде біртуар Сәкен Сейфуллин жайында толғанып, сол жайында қалам тербеген екен. Еркін тынысты екпінді ақын, жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына орай, «Сәкен тірі қазақтай елі барда…» тақырыбында эссе жазудан облыстық деңгейде өткен байқауды айтып отырмыз.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырған байқау наурыз айынан бастап жарияланған болатын. Сол уақыттан мамыр айына дейін 16 мен 28 жас аралығындағы қалам ұстаған 72 үміткерден қазақ және орыс тілінде шығармалар түскен. Байқау шартынша бұл кезеңде талапкерлер «Сәкен тірі қазақтай елі барда…» және «Рухани жаңғыру өскелең ұрпақтың – дара жолы» тақырыптарында екі эссе жазып, жолдапты. Солардың арасынан қазылар алқасының сараптауынан өткен 17 үміткерге кітапхана қабырғасында тосын тақырып ұсынылып, бақтарын қазылардың алдында сынады.

Қатысушылардың жұмысын бағалап, төрелігін танытқан қазылар төрағасы – филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов болса, құрамында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, сәкентанушы Сәуле Қасымова және кітапхананың сектор меңгерушісі Алмагүл Ахмадиева бар.

Қазылар шешімімен бас жүлдені «Баймұрат» бүркеншік есімімен қатысқан Наурызбай Сейіт (Шет ауданы) пен «Капиятова» лақап атты Фариза Жұмақанова (Қарағанды) иеленді. Ал, І орынды қарағандылық Н.Қасымханов пен А.Оспан (Ұлытау ауданы), ІІ орынды Ж.Ярова (Шет ауданы) мен Г.Сайрамбек (Қарағанды) иеленсе, ІІІ орын М.Даденова (Қарағанды), Л.Васковскаяға (Бұқар жырау ауданы) бұйырды. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтарымен А.Мұхаметжанова (Балқаш) мен А.Ағайдарова (Қарағанды) марапатталды.

Байқауда үздік танылған эсселер алдағы уақытта жинақ болып басылып шығады.

Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов «Сәкен әндері халық әндерімен үндесіп жатқан төлтумалығының арқасында халық жүрегінде мәңгі сақталып, атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек» дегендей, сұлу саз иесінің әндерін Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әншісі Е.Базарбеков құйқылжытты. Жасы кіші болса да, қазақтың ән өнерін үкілеп жүрген А.Қасымханованың орындауындағы патриоттық әндер де кештің сәнін кіргізді.

Жәнібек ӘЛИМАН