Ұлттық сенім кеңесінің жүгі салмақты

Іргесі берік, бірлігі бекем еліміздің іркіліссіз ілгерілеуі үшін Ұлттық сенім кеңесі құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында бүтіндіктің кетеуін кетірмей, тұрақтылықтың тірегі – бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктерді сақтай отырып, әділетті, дамыған қоғам құруға бастайтынын айтты. Осы пайымын, яғни, Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде жаңадан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын және бұл түйткілді мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң болатынын мәлімдеген болатын.

Халықтың ауызбірлігі, қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық – ілгері жылжудың алғышарты. Осы құндылықтар елімізді өркендетуде басым бағыттардың біріне айналып, кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешуге ықпал етті. Президент мемлекетіміздің қалыптасуында жасалған озық дүниелердің негізінде алға қадам басатынымызды айтты. Сондықтан, Ұлттық сенім кеңесі де өз нәтижесін беріп, халық пен билік арасындағы көпір боларына сенім мол.

Бүгінде біз ынтымағы жарасқан қоғамда өмір сүрудеміз. Солай болса да әртүрлі пікір бір мақсат, ортақ мүдде төңірегінде тоқайласады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осының жарқын көрінісі іспетті.

Президент Жарлығымен қабылданған Ұлттық кеңестің ережесінде оның мәжілістері мен отырыстарына Ұлттық кеңеске енген азаматтармен қатар, аймақтарда жергілікті билік жанынан құрылған қоғамдық кеңестің өкілдері де қатысатын болады, – деген болатын Ерлан Қарин. Ендеше, Ұлттық сенім кеңесінде талқыланатын мәселелер республикалық көлемде, сонымен қатар, жекелеген аймақтардың көзқарасымен де талқылау мүмкіндігіне ие болатыны қуантады.

Мұхамбетжан ӘБІЛОВ,

еңбек ардагері.

ТЕМІРТАУ қаласы.