Бас тақырыпРесми

Ұлттық санақтың мерзімі өзгерді

Елімізде әр он жыл сайын ұлттық санақ өткізіліп келеді. Кезекті ауқымды шара 2020 жылы жүзеге аспақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің өкілдері мәлім етті.

Ресми тараптың хабарлауынша, Қазақстан заңнамасы мен халықаралық ұсыныстарға сәйкес, халық санағы кемінде он жылда бір рет жүргізіледі. Бұл халық санағын жүргізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Сондықтан, санақ жүргізу арасында он жылдық мерзімді сақтауға Қазақстан үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан айы арасындағы мерзім қолайлы. Қазақстанда халық санағын жүргізуге дайындық 2017 жылы басталып кеткен. Халықаралық әдістеме бойынша санақ жүргізу үшін ең қолайлы мерзім күзгі-қысқы маусым айлары екен. Яғни, бұл кезең тұрғындарды қамту және жиналған мәліметтер сапасы тұрғысынан табысты өткізілуіне көп мүмкіндік береді.

– Осыған байланысты 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімі ақпан-наурыз айлары. Ұлттық санақты жүргізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулықтарды ескере отырып, ҚР халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің өкілдері.

Айта кетейік, бұл – Тәуелсіздік алғаннан бергі үшінші халық санағы. Қазақстанда кейінгі халықтар санағы 1999 және 2009 жылдары өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың саны – 14 981 281 адамды, ал, 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі 16 009 597 адамды құрады. Санақ арқылы әр мемлекет өз болашағын бағдарлайды. Еліміз әлемдік санақ үрдістерінен қалып қоймай, өзінің мәдени миссиясын толық орындайтын болады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button