Жаңалықтар

Ұлттық сана – ұрпақ еншісі


Өскелең ұрпақ өз халқының дәуірлер бойы қалыптасқан тіршілік қағидасы мен салт-дәстүрлерінен қол үзіп қалмауы тиіс. Осынау қажеттілікті жете түйсінген Қарағанды облысы ҚХА Жезқазған қалалық Аналар кеңесі жуырда қалалық тарихи-археологиялық музейінің Аналар кеңесі жанындағы «Жылы ұя» жас отбасылар клубының тұсаукесерін өткізді.
«Тәрбие басы – тал бесік» атауы телінген тағылымды іс-шараға қалалық Аналар кеңесі мен «Ютария ltd» ЖШС Аналар кеңесінің мүшелері, «Ақ әжелер» ансамблінің құрамы, студенттер, жас отбасылар мен олардың балалары қатысты.
Қазақ ұлтының байырғы ұстанымдарын жаңғырту мен қоғамның материалдық және рухани мәдениетін қалыптастыруды мұрат тұтқан басқосуда қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова тәлімді сөз түйінін тарқатты. Жиылған қауымды мерейлі қуаныштарымен музей басшысы Раушан Қапарова ақжарыла құттықтады. Музей қызметкерлері «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелерімен бірге қатысушылар назарына ұлттық дәстүр құндылықтары саналатын «Жерік ас», «Бауырынан табақ алу» секілді салт-жоралардың орындалу ретін ұсынды.
Көне заманның ешқашан көнермес ұстанымдарын зерделеу, оларды ұлт игілігіне жарату – уақыт талабынан туындап отырған мейлінше құптарлық іс. Алдыңғы буынның өзінен кейінгі ұрпақты ұлттық мәйекпен жөргегінен жарыта сусындатуы, ұлттық сана мен мінездің даналық қалыбын қалыптастыруы – мерейлі міндет. Мағынасы маңызды жиын барысындағы әрекеттер арқылы осы мәселеге ерекше мән берілді.

Ахат Құрмансейітов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button