Жаңалықтар

Ұлттық ойындар бәсекесі

Наурыз мейрамы қарсаңында ҚарМУ-дің дене мәдениеті және спорт факультетінде факультеттер арасында ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті. Аталған дода Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орайластырылды. Төл ойындарымызды насихаттаған бәсекеге бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасы ұйытқы болды.

Жарыстың ашылу салтанатында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Абай Қалықов, дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы, профессор Нұрманбек Рамашов іс-шараның маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирдің бас төрешісі, бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасының аға оқытушысы Қырықбай Мускунов жарыс ережесімен таныстырды.

Сайыста он үш команда мықтылық байқасты. Барлығы 104 адам қатысты. Спортшылар кір тасын көтеру, жаяу аударыспақ, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі, қамшы тастау сындарында күш сынасты.

Көрерменнің делебесін қоздырған дода ымырт жабыла мәреге жетті. Жалпыкомандалық есепте кір тасын көтеруде І орынды – заң факультеті, ІІ орынды – биология-география факультеті, ІІІ орынды – математика факультеті иеленді.

Жаяу аударыспақ сынында І орынға – заң факультеті, ІІ орынға – биология-география факультеті, ІІІ орынға – бастапқы әскери дайындық мамандығы ие болды.

Арқан тартуда І орынға – дене мәдениеті және спорт факультеті, ІІ орынға – заң факультеті, ІІІ орынға – бастапқы әскери дайындық мамандығы көтерілді.

Жекелеген сындарда тоғызқұмалақтан І орынды – Бекжан Рысқұл, ІІ орынды – Үміт Сабай, ІІІ орынға – Мұхаммед Мергенбай қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, қол күресінде Әлихан Балғабеков қарсылас шақ келтірмей чемпион атанса, ІІ орынды – Болат Акперов, ІІІ орынды – Береке Мүбәрак еншіледі. Қамшы тастау бәсекесінде І орынды – Әлібек Саябеков, ІІ орынды – Сәкен Нарботаев, ІІІ орынды – Қуан Жантүгел олжалады.

Жарыс қорытындысында жалпы есеп бойынша философия-психология факультеті көш бастап, ІІ орынға – экономика факультеті, ІІІ орынға – бастапқы әскери дайындық мамандығы және дене мəдениеті жəне спорт мамандығының командалары жайғасты.

Нұрқанат Қанафин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button