Бас тақырыпРуханият

Ұлттық өнеге өрісі

Ырым-тыйымдар негізсіз емес…

…Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз — жатжұрттық, қыздың бағы — үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.

Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» — деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар — тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес…

Әулеттің ынтымағы ене мен келінге байланысты

Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі тек осы ене мен келінге байланысты. Мен ылғи да айтамын: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді». Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады. Келінін жамандайтын енелерге: «Сенің не еңбегің сіңді? Оны туған жоқсың, түн ұйқыңды төрт бөлмедің, ақ сүтіңді бермедің, оқытпадың, тәрбиелемедің, дап-дайын күйінде қолыңа ұстата салды. Бір адамды — бір әлем дейтін болсақ, дайын бір әлемге еге бола алмасаң, кімсің?!» — деймін. Ал шынында ол келін анасынан тәрбие алмаған, уызына жарымаған бала болса, онда ол ененің соры. Тәрбиелеп болам дегенше, шашы ағарады. Келіндерге: «Сүйіп қосылсаң, жастыққа басың бірге түскен жігітті өмірге келтіріп, азамат етіп, асырап, баққан әйелді осы үшін қадірлеуің керек!» — деймін. Қазіргі ә дегеннен еншісін алғысы келіп, бөлек тұрғысы келетін келіндер осының олқылығын ертеңгі күні өзінің бала-шағасы үй болғанда көресіні көреді. Сондықтан айналып кетейін келіндерге айтарым, қиын болсын, жеңіл болсын, қалай болғанда да, енелердің мектебінен өту керек!

Зейнеп Ахметова,

жазушы, қоғам қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button