Басты тақырыпОблыс әкімі

Ұлттық нақышта өтті

Бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндеген ұлттық мереке

«Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті»

(Хадис: Әбу Дәуіт)

Бұл күні жолдың бәрі қаламыздың мешіттеріне бастаған. Өйткені, асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы құтты мереке – Құрбан айтты мерекелеуге барша мұсылман баласы көтерілген. Қалың жамағаттың дініне беріктігін, иманына адалдығын көрсететін күн туған.

Бұл күні көк күмбезді, көк мұнаралы орталық мешітіміз де көзге ерекше көрінген. Мешіт алдындағы ашық алаңқайға алты қанатты ақшаңқан киіз үйлер бой түзепті. Отыз шақты шатыршада Құрбан айт жәрмеңкесі қыза бастапты.

Қаламыздың орталық мешітіне айт намазында алдыңғы саптан көрінейік деп таңмен таласа тұрып, біз де жеткенбіз. Мешітке кірмек тұрсын сығалау да мүмкін болмай қалған екен. Оны көңілге алып жатқан жамағат жоқ. Бір киерлерін үстеріне ілген олар бір-бірімен мұсылманша көрісіп, құтты болсын айтысып жатты. Бір-бірлеріне иық тірестіріп, мешіт алдындағы алаңға жайғаса бастаған.

Айт намазы оқылмай тұрып, облысымыздың әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков барша қарағандылықтарды, қала қо­нақтарын осынау ұлық мерекемен құттықтады:

Алланың қалауымен ұлық мерекеге де жетіп отырмыз. Мерекеге жеткен әр мұсылман баласының жүрегінде қуаныш кернейтін күн бүгін! Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Сондай-ақ, облысымыздың бас имамы Өмірзақ қажы Бек­қожатегі бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы хазіретінің құттықтауын жеткізіп, құттықтау сөз сөйледі:

Қасиетті де, қастерлі Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз шүкірлер болсын! Баршаңызды бүгін басталған ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмтылады. Құрбан сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны береді.

Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүге­­дектерге, жетімдер мен жесір­лерге, қараусыз қалған қарт­тарға қайырымдылық жасауға шақыр­амын. Әлем мұсыл­мандарының басы бір жерде қосылып, қажылық парызын өтейтін де осы кез. Биылғы жылы қасиетті мекенге аттанған бауырларымыз баршылық. Қажылық орнына аяқ басқан біздің жерлес, қандастарымыздың да аман-есен елге оралуын нәсіп етсін деп тілейміз!

Құдайға шүкір, Елбасымыздың тікелей Жарлығымен Құрбан айты Қазақстанда ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып жарияланды.

Алда келе жатқан мұсыл­мандардың ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбә­рак болсын! Қасиетті мереке бар­шаңызға құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік берсін!

Расында да, ресми емес деректер бойынша биыл біздің өңірден қажылыққа бес жүзге тарта бауырымыз жүріпті.

Өкіл имам өзінің ақ тілегінен соң, мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараның бағ­дарламасымен таныстырып, артынша барша жамағатты мешіт алаңында өтетін қайырымдылық жәрмеңкесіне шақырды.

Биылғы Құрбан айттың бұрын­ғыдан ерекшелігі жаңа форматта мерекеленгені. Айт намазы бұрынғыдай үздік-создық басталмай, өңірімізде бір мезгілде басталды. Таңғы сағат жеті жарымда елдің бәрі сапқа тұрып имамға ұйыған.

Осы сәт қатарымызға бастарына шаршы байлаған, мұ­сыл­манша киінген бір топ индус тұра қалған. Біздер сыртта қалғандықтан жайнамаз орнына үстіміздегі сыртаңымызды алдымызға жайғанбызды. Ал олар аяқтондарын шешіп, жалаң аяқ тұрды. Жердің суықтығына қыңқ етсе, кәне! Жайнамазды не істер екен дегенбіз.Оның да жөнін тауып жатты. Қалталарынан беторамалдарын шығарған.

Айт намазынан кейін бұл азаматтарды қайтып жолықтырғанбыз. Мединституттың студенттері екен. Гохар Саид деген азаматты сөзге тартқанбыз:

Құрбан айт мейрамы әлемнің бар жерінде бірдей аталып өтеді ғой. Дегенмен, айырмашылықтар бар. Мәселен, сіздерде айт әдет-дәстүрмен сабақтастырылып ұлттық нақышта өтіп жатыр. Киіз үй тігу, ұлттық киімдер кию, ұлттық тағамдар ұсыну, ұлттық ойындар ойнау соның көрінісі деп білеміз. Ал, біздегі айт таза шариғат жолымен өтеді. Бізде жарылқауға барынша назар аударылады. Бізде бұл күн тіленшінің тіленшіге қарасатын күні болып есептеледі. Құрбандық шалу арқылы Аллаға жақындаумен бірге, біздер адамға да жақындаудың жолын қарастырамыз. Бұл күні біздер жақын-жуықтарымызға заттай сыйлықтар ұсынамыз, жоғары көңіл-күй сыйлаймыз.

Гохар бауырымыз айтса айт­қандай, Айттың ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам екені белгілі. Бұл күн барша мұсылманның құрбан шалуымен ғана емес, ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түсетін күн. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Әрине, бұл күні уағыз әдет­тегіден көп айтылды. Соның бірі – мал шалудың сауабы.

Алла жолында құрбан етілген мал еті ағайын-туыс, жағдайы жоқ отбасылар мен жетім-жесірлерге үлестіріледі. Құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін төмендегі мына хадистен білуге болады: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қия­мет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызыл­ған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзыр­ында үлкен мақамға жетеді. Сон­дықтан құр­бандарыңды көңіл ризашы­лығы­мен шалыңдар» (Тирмизи, Адахи,1).

Құрбан айт Ибраһим Пай­ғамбардан бастау алып, Мұхам­мед Пайғамбарға жалғасқан және қиямет күніне дейін жалғасатын ұлық мерекеміздің бірі. Ибраһим Пайғамбар иләһи аянмен ұлы Исмайылды Құдай жолында құр­бандыққа шалмақшы бол­ған­дығы баяндалған. Сонда Жаратқанның әмірімен өткір пышақ өтпей қалды. Құрбандыққа шалу үшін көктен қошқар түсірілді. Сынағынан сүрінбей өткен сүйікті құлын Алла солай сыйлаған. Бұл жайында Саффат сүресінде: «Сонда Біз оған: «О, Ибраһим! Көрген түсіңді растадың» дедік. Расында, бұл үлкен сынақ еді. Біз оған ұлы құрбандық бердік. Ізгілерге сондай сый береміз» делінген.

Ибраһим Пайғамбардың баласы Исмайыл «мені Алла қалады, таңдауы маған түсті» деп қатты қуанған екен. Алайда, Жаратушының қалауы адам қаны емес еді. Көк қошқар көктен сол себепті түскен. Олай болса адам қаны – һарам!

Уағыз айтқан имамдарымыз осыны қалың жамағатқа жеткізумен болды.

Әрине, Һақ Тағала шалынған малдың қанына да, етіне де мұқтаж емес. Керісінше, пенделер оның рахымына мұқтаж. Сол үшін шынайы ықылас-ниетпен мал шалып, Рахманның разылығына ұмтылмақ керек. Бұл жайында Хаж сүресінде былай баяндалған екен: «Құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібе­леріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

Барша мұсылмандар өз мейрамдарын күн шыққаннан кейін айт намазын оқудан бастайды. Мұның өзі қуанышты күннің Құдай Тағаланы еске алусыз өтпейтіндігін білдіреді. Сондай-ақ, мұсылмандар айт намазынан соң бір-бірін құттықтайды. Құрбан айтта шалынған малдың етін жақын-жуықтарына, мұқтаж жандарға таратады. Бір-бірінің үйіне бас сұғып, айттайды. Көптен көрмеген туыстармен қауышады, науқастардың, мұқтаж жандардың хал-жағдайын сұрайды. Дүниеден өткен кісілерге Құран бағыштап, жарылқау тілейді. Осының барлығы мұсылманша мерекелеу мәдениетінің ерекшелігін білдіреді. Сондай себеппен осы жерге келіп отырмыз, Құран бағыштап, құрбан шалмақпыз, – дейді Складская көшесіндегі мал шалу орнына келген Жанай Ахмет деген жігіт ағасы.

Жәкең «О, Раббым, мұны өзің бердің, әрі өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете гөр», деп таңдаған малын өзі шалды.

Осы жерде бұрынғыдай емес, мал шалудың да кәдімгідей бір жүйеге түскені көрініп тұрды. Базарда тұрғандай қызылкеңірдек болып саудаласу жоқ. Қаражатыңды көрсетсең болды, сол шамадағы малды өздері көрсетіп береді. Өзіңе қолай көрмесең, мал сою өкілеттігін беруіңе де болады.

Дүниесі көп, бақуатты азаматтар да баршылық, әрине. Олардың бәрін бірдей сараң, тоғышар деуге де болмайды.

Сондай інілеріміздің бірі – Нұрша Асқар деген азамат екен. Дөңгелетіп отырған кәсібі бар екен. Сол азамат өзі ғана мал шалып қоймай, атап тұрып тағы да бір мал шалды. Құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан деп.

Ініміздің осынау әрекетіне еріксіз сүйсіндік. Бар екен ғой дедік, имандылық жолында жүр­гендер.

Сөз ішінде айта кетелік, мал шалу орындары биыл арнайы рұқсат арқылы төрт жерде ұйымдастырылды. Көкпекті ауылында, қаламыздың Складская, Резник және Сәтбаев көшелерінде. Ол жерлерде бар­лық санитарлық жағдай жасал­ған. Малды өзіңіз шаласыз, болмаса арнайы қасапшыларға өкілеттігіңізді бересіз.

Көкпектіге баратын көліктер де алдын ала ойластырылды. Арнайы көліктермен қатар Майқұдық бағытындағы қоғамдық көліктердің маршруттары Көкпектіге дейін ұзартылды.

Айт намазынан кейін мешіт ауласында орналасқан алты қанат ақ ордалы киіз үйлерде Құрбан айт мейрамының құрметіне халыққа ас беріліп, жамағат айттықты мешіт ауласынан бастап кетті. ҚМДБ бекіткен «Дін мен Дәстүр» жылы аясында ұлттық ойындар бойынша додалы ойындардың ішінде арқан тартып жарысуда жігіттеріміз топ-топқа бөлініп күш сынасса, қазақша күресте нағыз балуандар ортаға шықты. Енді біреулері ауыр кір тасын еркін көтеріп, көрермен таңдайын қақтырды.

Қашандағыдай қазақ күресі қызу өтті. Топқа түскен апайтөс, атан тірсекті балуандарымыз аз болмады. Ақтық сында Ақжігіт есімді азаматтың мерейі үстем шығып, бас жүлдені олжалады. Ол 50 мың теңгеге ие болды. Екінші-үшінші орынға шыққан балуандарға тиісінше 30 және 20 мың теңге берілді.

Кір тасын көтеру де ұлттық ойынымызбен алмастырылды. Білекті жігіттер бұл жолы қой кө­терді. Жандос есімді азамат 30 келілік қойды 170 рет көтеріп, жеңіске жетті. Жеңімпазға өзі көтерген қой табыс етілді.

Асық ойнап, жеңіске жеткендерге діни кітаптар мен бас жүлдеге Құран кітабы табыс етілді.

Қол күрестіріп, жеңімпаз атанғандарға 1-орынға – 30000 теңге, 2-орынға – 20000 теңге, 3-орынға – 10000 теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.

Құрбан айт мерекесінің кешінде үш жастан он бес жас аралығындағы ер және қыз балалар арасында Құран оқу бойынша байқау өтті. Оларға да тиісінше мадақтамалар берілді. Бұл кеш нағыз Құран кеші болды.

Алла Тағала Құрбан айтты төрт көзіміз түгел көріп, жақсы көңіл-күйде қарсы алуға нәсіп етіпті. Шалған құрбандықтарымыз, ниет-тілектеріміз қабыл болсын! Алланың рақымына, Пай­ғамбарымыздың шапағатына бөле­ніңіздер!

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button