Ұлттық кодтың ұлағаты немесе ою-өрнек сыры

Біз бұл көрмеден байып қайттық. Қазақтың оюөрнегі халқымыздың дүниетанымына құрылған тұтас бір философиялық әлем екенін әйгілейді автор. Әуелгі ою-өрнек – пешенедегі Алланың жазуы. Бабаларымыз ертеде тасқа қашаған. Киізге, қағазға салған. Пешенедегіні өзгерткісі келді ме екен? Адам неғұрлым ойлап, қиялдаған сайын тағдырынан алшақтай түсе ме, әлде, жақындай түсе ме? Ұлы Абай «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» дейді? Ал, балқаштық суретшігобеленші Өміркелді Әбеуов киіз-текеметтегі, жалпы қазақ танымындағы бабалар өрнегін тіптен түрлендіріп жіберген. Не кереметтің бәрін тоқыған кілемшелеріндегі өрнекке тізген. Көрме облыстық бейнелеу өнері мұражайында, сондағы ұжымның ұйымдастыруымен өтті.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық код» деген әңгіме айтты. Осы күнге дейін сол ұлттық код тілде, салт-дәстүрде дедік те, ұлттық ою-өрнекті ұмыттық. Ұлттық код деген – тастағы, текемет, киіз, сырмақтардағы таңбалар мен ою-өрнектерде. Оны еске салған – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өміркелді Мұхтарұлының 70 жасқа толғанда берген мерейтойлық көрмесі. Әлем ауыз толтырып айтып жүрген шексіздік деген ұғым бар ғой. Термин. Тіпті, таңбасына шейін білеміз. Бірақ, қазақтың «бітпес өрнегін» екінің бірі біле бермейді. Кеңістік пен уақытты қосақтап, «бітпес» дей салған! Қолтаңбасы қалыптасқан суретші ғана емес, айтулы ағаш шебері Өмкең тоқымаларында көбіне осы «бітпес өрнегін» қолданады. Бітпесті естігенде, есім кеткенін неге жасырайын? Ал, ою-өрнектері қараған сайын қайта-қайта құбылып, тіптен жынды қылып жіберердей. Нағыз өнер деп осыны айт! Сондықтан, шын мәніндегі өнер иесінің Балқаш қаласының Құрметті азаматы, тағы басқа атақтарын түгендемей-ақ, шығармашылығына мән бердік.

Ой жіберсе, қазақтың бойында гобеленшілік қасиет ертеден бар. Дәстүр үзілсе, кейін қиылды. Өздігінен емес, өкімет қиды. Алақандайалақандай аралдарда тұратын жапондықтарға, негізі, күрішті өздері өсіргеннен гөрі, басқа мемлекеттер ден сатып ала салған тиімді екен. Жапония соған қарамастан күріш өсіруін тоқтатпай келеді. Жапонның байырғы тілінің 70 пайызы күріш өсіру ісімен байланысты, өйткені. Анығын айтқанда, ұлттық коды сонда тұр. Мал шаруашылығымен айналысып, жүнінен киіз басып, оған ою-өрнек, түр салған біздің ұлттық тілдің қуаты мен құнары ше? Қазақ жүн түтіп, киіз басудан, ою-өрнек салудан қалғалы онымен қоса тілдік қуаты кемімеді дейсіз бе? Бүгінде қошқар мүйіз, арқар мүйіздерден басқа ою түрлерін білетініміз шамалы. Сондықтан, жоғарыда атаған «бітпес» өрнегінен басқа бірнеше оюды шығармашылығында ұстап тұрған Өміркелді ата қандай құрметке болсын лайық-ау деген ой түртеді көкейді… Оның үстіне Өмкең Қарағандыдағы жалғыз гобеленші болса.

Бұл кісінің бір туындысының кілтін аша алсаңыз, қасында тұрып бір күн сөйлеуге болады. Әр шығармасы қазақтың ұлттық өрнегіне құрылған. Әсіресе, бізге ұнағаны – «Аударыспақ» тоқымасы. Онда көк аттылы мен күрең (қызыл) аттылының айқасы өрнектелген. Уақыт – 1991 жыл деп ұғыңыз. Текетіресте күрең аттағының бәсі төмен көрінгенімен, көк аттағы үстем тұрғанымен, үстем болса да, жігіттің бір жақ беті ашық та, келесі беті қоңырайып кетіпті. Әлі де болса, өзіне сенімсіз. Тоқыма кілемше толған қазақтың ұлттық ою-өрнегі. Және неше түрлі бояулар айқасы… Ми қозғап, сананы оятады. Шабандоздардың өздері тұрмақ, аттарының өзі өрнектермен қиюластырылған. Осының өзінде біраз әңгіме жатыр… Біз бір-ақ жағын көріп тұрсақ та.

 Мерейтойлық көрмесінде суретшіге мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен ҚР Суретшілер одағы ның облыстық филиалынан құттықтау хаттар келді. Облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева Алғыс хат берсе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші Мұрат Қалқабаев, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жүрсін Балкенов өнер иесінің шығармашылығына тоқталып, жоғары баға берді.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.