Жаңалықтар

Ұлттық код – өнер мен талғамда

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың барын бағамдап, жоғын түгендеу жолында жасалған аса құнды құжат деп білеміз. Бұл ретте, ұлтты ұйыстыру, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайту мақсатында өңірімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – бейсенбіде Саран техникалық колледжінде өткен «Қазақ әйелдері киімі мен сәндік бұйымдарының тарихы, ұлттық тағам әзірлеу технологиялары» тақырыбында өткен шеберлік сағаты болды.

Шыны керек, алыс-жақын шет елдерге, өздерінің тарихи Отандарына қоныс аударған ұлт өкілдері қазақ тағамын сағынғандықтан ет асып, бауырсақ, шелпек сынды ұлттық тағамдарымызды әзірлейтінін жиі естиміз. Бұл – дархан көңіл, кең пейіл қазақ жұртына деген олардың өшпес сағынышы, сөнбес махаббаты деп түсінер едік. Себебі, аттың жалы, түйенің қомында түн қатып, таң атырған байырғы бабаларымыздан қалған таза табиғи өнім – қашан да жұрт көңілінен шықпақ.

– Бүгін біз осы колледж педагогтары мен студенттері әзірлеген шеберлік сағатын өткізбек ойдамыз. Мұндағы басты мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандық тұтастықты дәріптеп, ертеңгі ел бірлігін нығайта түсу. Әрине, күнделікті тұрмыс қарбаласымен жүріп, қызылды-жасылды дүниеге мейлінше көп ден қойып кететініміз жасырын емес. Бұл ретте, рухани құндылық, адамгершілік мәселесі кенже қалып жатады. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл бағдарламасы халық тұтастығын, ынтымағын одан сайын бекем етуге бағытталған құнды құжат болды деп есептейміз, – деді колледж директоры Меруерт Мамиров.

Қазақ халқы Жер-Ананың берген сыйын өз несібесі деп ұғып, төрт түлігін төлдетіп, ет пен сүтін, құрт пен майын, қымызы мен қазы-қарта, жал-жаясын дастарқанға жайып тастаса қай ұлт өкілі жатсынсын оны? Саяси қуғын-сүргін, репрессия жылдары жер аударылып келген ұлт пен ұлыс осы күні халқымыздың төл мәдениетімен бауырласып, қажетін өздері де сіңіріп алған. Ал, сол ұлттық болмысымызды тану, ең алдымен, киім үлгімізден, дастарқандағы асымыздан басталды емес пе?

– Бір мемлекетте бірнеше ұлт өкілдері қоныс тепкен соң мәдени, рухани байланыс, достық іңкәрлік болмай тұрмайды. Оған – осы шара дәлел. Бүгінде қазақ халқының тағамдары мен киім үлгілері тек қазақ жұрты үшін емес, Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс үшін ортақ мерей болып отыр. Тіл үйірер қымыз бен таңдайдан дәмі кетпес бауырсақты бәріміз жақсы көреміз. Тіпті, АҚШ ғалымдарының зерттеуінше, бауырсақ – адам өмірін ұзартады екен. Жаңалық деген осы емес пе? Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бір ғана саумалдың өзі сан түрлі дертке дауа. Ал, қазақ қыздары мен келіншектерінің киім үлгісіне келетін болсақ, оның өзі жеке-дара зерттеуге, ғылыми жобаларға жүк боларлық құнды дүние дер едім. Киім үлгісімен қатар айтылар сақина, білезік, шолпы сынды сәндік бұйымдардың да жасырған құпиясы жетерлік. Сондықтан, бүгінгі шеберлік сағатына қатысушылар өздеріне қажет көп мәлімет алады деген сенімдемін, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева.

Сөйтіп, шеберлік сағатына қатысушылар қатарында облыстың дін істері басқармасының маманы Аяулым Шарипова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенже Тұңғышбаева, қалалық Аналар кеңесінің мүшелері, көп балалы аналар, шараға қызығушылық танытқан сарандықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Шара барысында колледж ұстаздары қазақ қыздары мен келіншектерінің, ер-азаматтарының киім үлгілері, әйел адамдардың сәндік бұйымдары, қазақы тағам әзірлеу технологиялары туралы баяндамалар жасады. Баяндама барысында қатысушылар назарына үлкен экран арқылы киім және тағам үлгілері таныстырылып, әр заттың атауы мен мәні түсіндірілді. Ал, студенттер болса, колледж қабырғасында тігілген қазақ қыздарының киім үлгілерін киіп, көрсетілім жасады.

Көрсетілім мен баяндамалар соңында қатысушы азаматшалар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, қазақ тағамына қатысты түрлі ой-пікірлерімен бөліскенін де айта кету керекпіз. Мәселен, бір кездері Егіндібұлақ өңірінде қызмет еткен америкалық азамат үйіне қайтып барған соң отбасына дүкеннен әкелген етті асып, өз қолымен нанын жайып, дәмді ас әзірлеген екен. Тіпті, дастарқанға қасық қоймай, етті қолмен жеу керектігін де айтыпты. Сөйтіп, демалыс уақыты аяқталып, Қазақстанға жол жүрейін деп жатқанда отбасы қайтып келген соң қазақтың ұлттық тағамын тағы бір әзірлеуін өтінген екен. Себебі, америкалық азаматтың айтуынша, халқымыздың ұлттық асы оның отбасына қатты ұнапты.

Міне, шеберлік сыныбы осындай қызықты естеліктермен өрбіп, бұдан әрі қатысушылардың бір бөлігі колледждің «Тағам жасауды ұйымдастыру зертханасында» бауырсақ пісіру шеберлігімен танысса, ендігі бөлігі қазақ киім үлгілерін тігіп үйренді.

Колледж директорының айтуынша, мұндай шеберлік сағаттары ұлт пен ұлысты жақындастыра түспек. Яғни, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осындай құнды шараларда жарқын қырынан көрінбек. Бұл ретте, осындай шеберлік сағаттары әлі де жалғасын тауып, колледж қабырғасында дәстүрге айналады деген шешім де қабылданды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button