Бас тақырыпРесми

Ұлттық келісімнің кепілі

Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысының заңды жалғасы іспеттес – Ата Заң­ға бұйырса, 25 жыл толады. Көп болып, қолдап, мәртебе беріліп, мерейін үстем еткен Ата Заң еліміздің өсіп-өркендеуіне айқын жол салып берді дейді сарапшылар. 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданғанын, онда референдумға қатысқандардың 90 пайызы (дауыс беру құқығына ие 7 миллионнан астам азамат) жаңа Ата Заңның қабылдануын жақтағанын барша жұрт біледі.

 

Бұған Конституцияның жаңа ережелерінің Қазақстан қоғамдастығы мен шетелдік сарапшылардың арасында кеңінен талқылануы себеп болды. Барлығы елімізде жобаны 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау болып өтті, оларға 3 миллионнан астам азамат қатысты. Кеңінен және мүдделі талқылау нәтижесінде жобаға 30 мыңға тарта ұсыныстар мен ескертулер енгізілді. 55 бапқа 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесі – бүгінгі Ата Заң.

Мемлекет пен қоғамның ара қатынасын екшеп берген, бірінші орынға «мемлекеттің басты байлығы – адам» деп атап көрсеткен Конституциямыздың күнделікті өмірде сақталуы қалай? Белден басып, беломыртқасын сындырып алмадық па? Сонымен, әрбір қазақстандық үшін қадірлі, әр қазақстандықтың қалт басуға хақысы жоқ Құрандай қабылдануы тиіс Ата Заңымыз бізге не берді? Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, қорған бола алды ма? Осы жылдар ішінде не ұттық? Неден ұтылдық? Мәселе сонда. Сонымен.

Сөзіміздің әлқиссасын Ата Заңның «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бабынан бастағанымыз да бекер емес. Демек, қоғамдағы атқарылған және атқарылуы тиіс шаруалар осы адамның игілігіне арналуы тиіс. Ал, Ата Заң сол игіліктерімізді қызғыштай қорғауы керек. Заң – ханға да, қараға да бірдей қолданылуы тиіс. Құранның жақсы мен жаманды, жарлы мен байды бөліп жармайтынындай.

Ата Заңның басты мақсаты – қазақстандық қоғамның әртүрлі қоғамдық-саяси күштерінің келісімі мен ымырашылдығын қамтамасыз ету. Бұл болса, Конституцияны саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, азаматтық бейбітшіліктің, әлеуметтік және ұлттық келісімнің кепілі етіп көрсетеді.

Мемлекеттің Ата Заңы адам тұлғасының жоғары құндылығы, адамдардың тең құқылығы, пікірлердің алуандығы, халықтың егемендігі, меншікке қол сұғылмаушылық сияқты іргелі бастауларға негізделген ұлттың қағидалары мен мақсаттарын анықтап берді.

 Адам құқығы мен бостандығын құрметтеу – мемлекет пен қоғамның негізгі құндылығы.

Конституцияның нормалары мен ережелері әлемдік стандарттарға, Жалпыға ортақ адам құқығы декларациясы мен халықаралық актілердің ережелеріне жауап береді дейді мамандар. Қолданыстағы Конституцияда азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары нақты көрсетілген және шынайы кепілдендірілген.

Заңгерлер мемлекет адам мен азаматтың құқығы мен бостандығына қатысты үш түрлі жауапкершілікте болады дегенді айтады. Олар – құрметтеу, қорғау және толығымен жүзеге асыру. Біздің еліміз – осы үш тағанды берік ұстанған елдердің қатарынан.

Ал, Конституция жоғары күшке және республиканың бүкіл аумағында тікелей әрекетке ие. Бұл барлық мемлекеттік және қоғамдық органдардың, жеке, заңды және лауазымдық тұлғалардың қызметі нормаларға сәйкес болуы керектігін білдіреді, ал барлық нормативтік құқықтық актілер оның ережелеріне қарама-қайшы бола алмайды.

 Саяси салада да белгілі жағымды нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстанның саяси өмірінің ақиқаты идеологиялық пікір алуандығы, көппартиялық механизм белсенді түрде қалыптасты, оқырмандар мен көрермендерге әр алуан ақпаратты жеткізетін БАҚ саны артты. Президенттік билікпен қатар адам құқығын қорғау саласындағы саясат та жаңа шаралармен толықтырылды. Елімізде Адам құқығы бойынша өкілетті (омбудсмен) институты құрылды, Қазақстан адам құқықтары туралы Халықаралық пактілерге қосылды.

Азаматтық қоғам мен оның институттарының негізінің дамуы демократиялану үдерісінің маңызды көрсеткішіне айналды. Демек, осыдан 25 жыл бұрын халықтың өзі қабылдаған Конституция үміт пен сенімді ақтады деуге толыққанды негіз бар.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button