Бас тақырыпҰлытау

Ұлт ұясының шырағы

«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осылай деді. Сананы серпілткен құжатпен көзі қырағы, көкірегі ояу оқырман жақсы таныс. Ауқымы кең, берері мол.

Әлемдік өркениетпен біте қайнасу

Осы тұста, әліпбиімізді латын графикасына көшіру мәселесін халықтың бірауыздан қолдауы, сондықтан.

Ұлытаулықтар да Президент бастамасының жемісті боларын жақсы түсінеді. Жыл басында аудан әкімінің өкімімен Латын графикасын насихаттау жұмыстарымен айналысатын жұмыс тобы құрылған болатын. Түрлі деңгейде семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары кең ауқымда өрбіді.

Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары бүгінге дейін аудандағы көптеген ұжымдардың өкілдері латын қарпінде диктант жазғанын айтады. Жалпыхалықтық маңызға ие шараға Ұлытау ауданы бойынша 3 мыңнан астам адам қатысқан екен. Нәтижесі көрсеткендей, латын графикасы қалың елге жат емес. Расымен де, бұл қадам – латынға қайта оралу. Біз 1929 жылдан бастап, 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданғанбыз. Тарлан тарихтан сұраңыз…

Латын әліпбиіне бет бұру – әлемдік өркениетпен біте қайнасу.

Президент сөзімен айтсақ, «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондайақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес».

«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»

Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тіл заңнамасының орындалуын қадағалау, тілді оқыту, тілдерді дамытуды насихаттау шараларын жүйелі жүргізуде. Аталмыш мекеме осы жұмыстарды жүзеге асыру барысында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, Ұлытау ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 3 наурызда бекітілген 2017-2019 жылдарға арналған аудандық іс-шаралар жоспарын басшылыққа алады.

Өңірде осы жоспарды орындау үшін бөлінетін қаражаттың көлемі де артқан. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен 600 мың теңге қаржы бөлінсе, биыл бұл соманың көлемі 1 миллион 200 мың теңгеге жеткен.

 Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын бағамдау мақсатында, ауданындағы кент, ауылдық округтерде сауалнама жүргізілген. Нәтиже көрсеткендей, шараға қатысқан 970 адамның барлығы қазақ тілін толық меңгерсе, 116 адам (12%-ы) үш тілді түрлі деңгейде меңгерген.

Өңірде мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді, сондай-ақ тіл үйренуге ниетті барлық тұлғаларды мемлекеттік және ағылшын тілдеріне оқыту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр аудан бойынша ағылшын тілін оқыту курстарына қамтылғандардың саны 32 адамды құраса, осы жылы 50 адамды қамтитын ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылған. Курсқа қатысушыларға ағылшын тілінің бастапқы базалық деңгейін меңгергендігі туралы сертификаттар табысталған.

Бұдан бөлек, биылғы жылы аудан бойынша 112 мемлекеттік қызметкер және мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері диагностикалық тест тапсырса, 10 мемлекеттік қызметкер және мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері сертификаттық тест тапсырған. «Қазтест» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден 10 адам (100%) «В1» деңгейіндегі сертификат алып, «Қазтест» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеудің 2017 ж ылғы көрсеткіші 65%-ды (20 адамның 13-і) құраған.

Мемлекеттік тілге басымдық

«Негізгі міндетіміздің бірі – мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру. Осы бағытта аудандағы мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі кіріс және шығыс құжаттарына үнемі мониторинг жүргізіледі», – дейді ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары.

Биыл аудан әкімінің өкімімен мемлекеттік мекемелердің құжат айналымын ішкі бақылау бойынша жұмыс тобы құрылған. Арнайы мамандар Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылайды. Биылғы 9 айда Ұлытау аудандық мәслихаты, Ұлытау ауданы әкімінің аппараты және оған қарасты мемлекеттік мекемелердің кіріс-шығыс құжаттары айналымындағы кіріс құжаттарының – 67 %-ы, шығыс құжаттарының 98%-ы мемлекеттік тілде жүргізілген.

Жалпы, бөлім мамандары

 Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтады. Маңызды мониторинг Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамалары талаптарының аудан бойынша деректемелер мен көрнекі ақпараттарда сақталуына мониторинг жүйелі жүргізіледі. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» айлығы өткізіліп, 120 көрнекі ақпарат пен жарнама тексерілген. Мониторинг жүргізілген нысандардан заң бұзушылық анықталмаған.

Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің хабарлауынша, 2018 жылдың 9 айында бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға, оған ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған 24 мақала жарық көрді. Мемлекеттік тіл саясатын қолдауға бағытталған іс-шаралар интернет, әлеуметтік желілер арқылы да кең қолданысқа ие. Есепті мерзім ішінде газет-журналдардағы қазақ тілінде жарияланған материалдардың үлесі 93%-ды құрады.

Идеология тетігі

Ономастикалық тұрғыдан жүргізілген сараптамаға сәйкес, бүгінгі күні аудан бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 1 ауыл («Пионер» ауылы), 6 көше (Сельхозтехника, Космонавт, Кәсіподақ, Стройка-110, Мосты, Комсомол) анықталып отыр.

Ресми деректер аудан бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің атауын бүгінгі күн талабына сәйкес тарихи, дәстүрлі, ұлттық рухқа жақын атауларға ауыстыру бойынша облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс берілгенін алға тартады.

Әзірге, осы жазда өңірдегі бес көшенің атауы жаңарғанын естідік. Яғни, 2018 жылғы 9 тамызда облыстық ономастикалық комиссия Ұлытау ауданының әкімдігі ұсынған құжаттар негізінде Қаракеңгір ауылдық округі Бозтұмсық ауылындағы «Центральная» көшесін – «Алтын Орда» көшесі, «Набережная» көшесін – «Ақжар» көшесі, «Советская» көшесін – «Жерұйық» көшесі, «Колхозная» көшесін «Аманат» көшесі деп қайта атау бойынша ұсыныс қабылдады.

Ономастикалық жұмыстар да – ұлттық идеологияның бір тетігі.

 Көрермен көзайымы

Аудандағы Мәдениет үйі және 12 ауылдық клубта осы жылдың 9 айында барлығы 805 мәдени іс-шара өткізіліп, елу мыңға жуық көрермен көзайым болған.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Қоскөл селолық клубының ағымдағы жөндеу жұмысына және Мибұлақ селолық клубының шатырын ауыстыруға, Байқоңыр селолық клубының қоршау жұмыстарына қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігімен Қарсақбай мыс зауытының 90 жылдығына орай, Қарсақбай кенттік мәдениет үйі жөндеу көрген.

Бүгінде облыстың ауыл мәдениетін 2019-2021 жылдары дамыту бағдарламасы бойынша 2019 жылға Борсеңгір селолық клуб үйіне, Қаракеңгір селолық клуб үйіне – ағымдағы жөндеу және қоршау жұмыстарын, Терісаққан селолық клуб үйіне қоршау жұмыстарын және Ұлытау аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаражатқа сұраныс жасалыпты.

Өткен жылы аудандық бюджет арқылы аудандық мәдениет үйіне музыкалық аппаратура сатып алынған. Келер жылдан бастап селолық клуб үйлеріне де кезең-кезеңмен музыкалық аппаратуралар сатып алу көзделіп отыр.

Мәдениет ошақтары мамандарының сөзінше, бұл салада әлі де шешімін қажет қылатын мәселелер бар. Олар клуб үйлерін жөндеу, олардың қоршауын орнату, жылу қазандықтарын жеке орнату, мәдениет ошақтарын аппаратуралармен, көркемөнерпаздарды сахна киімдерімен қамту сияқты жұмыстар жалғасын тапса деген ниетте.

Оқырман олжасы

 Ұлытау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 17 кітапхана бар. Оның қатарында аудандық кітапхана – 1, балаларға арналған кітапхана – 1 және 3 кенттік, 12 ауылдық кітапхана өңір халқына қызмет көрсетіп келеді.

15 кітапханаға интернет желісі тартылған.

Оқырман олжасына жарап, рухани дүниесін молайтуға аудандық орталықтандырылған кітапхана қорындағы 245 мыңнан астам кітаптың теңдессіз құрал екендігі сөзсіз.

Білімнің қайнар көзімен сусындауға ниеттілердің сұранысы ескерусіз қалмайтыны заңды. Мектеп жасындағы балаларды оқулықпен қамту да күн тәртібінен тыс қалмайды. Мәселен, өңірдегі кітапханалар қоры биыл да мемлекеттік тапсырыс арқылы жаңа кітаптармен толыққан.

Түйін

«Өнер – ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Әрбір ел өнерімен, мәдениетімен даңқты, ғұмырлы.

«Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың Ұлытау өңірімен өзектес екендігін жақсы білеміз. Себебі, Ұлытау – ұлт ұжданы.

Президент Н.Назарбаев жуырдағы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында рухани жаңғыру жолындағы табыстың кілтін тағы бір айқындап берді. Елдікті ту еткен жобаларды жүзеге асыру жолында Ұлытау өңірінің мәдениет саласы мамандары да аянып қалмақ емес. Ұлт ұясының шырағы маздай береді.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button