Бас тақырыпТарих

Ұлт тарихы – ұлағаты мол қазына

Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады» дегенін ескерсек, ерте темір дәуірінен бастап әлемдік тарихтан ойып тұрып орын алатын төл тарихымыз бар. Жібек жолынан бұрын біздің Ұлы Дала арқылы мыс жолдары өткенін бағамдауға болады. Орталық Қазақстан аумағы ежелгі металлургия ошағына айналғанын отандық тарихшылар ғана емес, шетелдік профессорлар да мойындап отырған көрінеді. Бұл жөнінде облыстағы 250-ге жуық тарих пәнінің оқытушылары қатысқан тарихшылар форумында сөз болды.

  • Тарихшылардың форумы жиі өте бермейді. Бүгінгі форумға негіз қалап берген Елбасының бастамалары. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» мақаласынан бірнеше бағытты ерекше атап өтуге болады. Бірінші – ұлттық код, екінші – сакральді география. Аталған түсініктер арқылы қазіргі таңда тарихымызды қалпына келтіріп жатырмыз. Ал, үшінші – ұлттық тарихқа ұлттық көзқарас болуы керек.

Біз түркі әлемінің бесігі атанған елміз. Қазақты төрт жағынан түркі халқы қоршап отыр. Тек, дамыған 30 елдің қатарына ұлттық тарихымызды құрметтеу арқылы қазақы қалпымызбен ғана бара аламыз, – деді Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов.

Сөз алған педагогикалық білім берудегі Халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әли Бейсенбаев: «Соңғы екі айда Ресейдің Қазан қаласы, Финляндияның Хельсинки, Үндістанның Дели қалаларында, Эстонияда болып, білім саласын дағы тәжірибемен таныстым. Сонда байқағаным, аталған елдер тарихты инновациялық әдіспен оқытуға айрықша мән беріп отыр. Біз де осы мәселеге назар аударуымыз қажет» – деді.

Сондай-ақ, форумда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Азамат Едрисов ұлттық руханиятқа қатысты университет аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Университет оқытушылары биыл 7 оқу құралы, 16 монография, 129 ғылыми мақала және халықаралық ғылыми журналдарда 22 мақала жариялаған. «Рухани жаңғыру» аясында 4 халықаралық, 4 республикалық конференция өтіпті.

Осы ретте ҚарМУ-дегі «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова облыс ұстаздарының басын біріктіріп, «Рухани жаңғыру» аясында «Өлкетану» оқулығын шығарғанын айта кеткен жөн.

Форумда тарихшы ұстаздар оқушылары әзірлеген жұмыстарды ұсынды. Пікірталас алаңында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны», «Алтын адам», «Ұлы Жібек жолы», «Ұлы Даланың көне темір өндірісі», «Түрік әлемінің бесігі» көрмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тарихшылар өздерінің әдістемесі негізінде шеберлік сабақтарын өткізді.

Медет ОМАРБЕКОВ, №102 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі:

– Облыстық білім басқармасы ұйытқы болған екі күндік тарихшылар форумы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын әлеуметке насихаттау мақсатында жүргізілді. Тарихшыларға тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік жасалды.

Форумда «Тарих пәнін үздік оқытушысы – 2019» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені Жамбыл атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бақыт Баймұхатова жеңіп алды. Тарихшы «Атқа міну мәдениетін насихаттау» жобасы мен авторлық «Жаңа білім мазмұны аясында бағалауға арналған тапсырмаларды дайындау» үлгісін ұсынған.

Сөйтіп, екі күндік форумға қатысушылар жаңа отандық брендтік жобалар құрып, карталар жасап, металлургия негіздерімен танысты. 20162019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамыту бағдарламасының аясында ұлттың рухани жаңаруы мәселесін талқылады.

Басқа материалдар

Back to top button