Жаңалықтар

Ұлт құндылықтары – ұрпақ еншісі

Ертедегі қазақтардың күнделікті тұрмыста қолданған бұйымдары бүгінгі күні музей жәдігерлеріне айналғаны белгілі. Жаңа технология жетістері жаппай енгізіліп, өркениет талаптары кеңінен өріс алған кезеңде солай болуы жазылмаған заңдылық, әрине. Десек те, кейінгі жас буын өкілдерінің олар туралы жете білуі, ерекшеліктерін зерделеуі – қайтарымы мол қажеттілік. Жезқазған қаласындағы №13 орта мектебінде осынау маңызды мәселеге айрықша назар аударылып келеді.

Ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, халықтың төл өнерін дәріптеу – мақсатты әрі жүйелі әрекетті талап ететін жұмыс. Аталған білім ошағында осы мақсат аясында тындырымды шаралар атқарылуда. Жуырда ғана 6-сынып оқушыларының қатысуымен өткізілген «Әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы» атты тәрбие сағаты – осы тұжырымның айқын айғағы.

Өнеге сабағына ұлттық сипаттағы таным-өресі биік жандар, қолөнершілер дәстүрін ұтымды жалғастырып келе жатқан Равила Әшенова, Бүбіш Жомартқызы, Назира Жанәлиева секілді әжелер шақырылды. Шара барысында жылышырайлы әңгіме өрбіп, оқушылар көшпелі қауымның келісті ғұрыптары, тұрмыстық бұйымдары мен олардың қолданылу шарттылықтары туралы мәліметтерге қанықты.

Мәселен, Равила Сейітбекқызы ұршық иірудің қыры мен сырын тәжірибелік тұрғыда көрсетіп, балалардың қызығушылығын оятса, Бүбіш Жомартқызы құрақ құрау өнерінің ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімеледі. Өз кезегінде Назира Әлімжанқызы шаш қою үлгілері мен шаштың күтімі хақында тағылымы зор, тартымды сөз өрбітті.

Өмірден түйгендері көп әжелер жас ұрпақтың тәлімді болып есеюіне қатысты ойларымен бөлісіп, оқушылар тарапынан қойылған алуан түрлі сауалдарға орнықты жауап берді.

Қай тұрғыдан алғанда да ұтымдылығымен есте қалалық өнеге сабағын ұлағатты ұстаз Қымбат Бекбауова ұйымдастырды. Жас маман Шапағат Орынбасарұлы орындаған әндер шырайлы сәттің ажарын айшықты ете түсті.

Ғайни РАХМЕТОВА,

13 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі, музейтанушы.

Басқа материалдар

Back to top button