«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…»

Алдыңыздағы кітап Тәуелсіз Қазақстан дамуының екінші онжылдығында еліміздегі заманауи құқық қорғау, сот жүйелерінің қалыптасу шежіресі деуге болады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кезекті Жолдауында: «Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Біз бүгінде бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты ел құрудамыз» дей келіп, үшінші онжылдыққа батыл қадам басқан мемлекетіміздің сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту міндеттерін алға қойды. Сот билігін модернизациялаудың басты бағыты оның жеке элементтерін жетілдірумен байланысты. Соңғы жылдары қабылданған заңдар сот жүйесін одан әрі жетілдіріп, жергілікті соттардың ролін кеңейтуге, республика судьяларының тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған. Тәуелсіздік жылдарында елдегі сот билігін институционалдық және функционалдық реттеу үшін жаңа конституциялық-құқықтық нормалар енгізілді.

Қазақстанда құқықтық мемлекет құруға қатысты түбірлі өзгерістерді «Заң» газетінің Астанадағы тілшісі журналист Т.Ахметжанова үнемі бақылап, Республикаға таратып отырды. Магистр Тыныс Балтабекқызы талантты ғалым еді, әрі кәсіби заңгер ретінде бұл тақырыпқа қалам тербегенде жан-жақты терең білім, байсалды кісілік танытатын. «Заң» газетінің тілшісі міндетіне сай, Тыныс Балтабекқызы Республика Парламентімен, Құқық қорғау, заң қадағалау, сот жүйелерімен үнемі тығыз байланыста болды. Кітаптағы материалдарға қарап отырсаңыз, автордың республикадағы заң-құқық қорғау жүйесіндегі білікті маман-заңгерлерді, Жоғарғы сот құрамынан бастап, облыстық, салалық сот басшыларын жете танығанын және солардың деңгейінде тілдескенін байқайсыз. Заң-құқық тақырыбына жетік журналист болғаны оның сұхбат жүргізу шеберлігінен көрініп тұр.

Марқұмның заң, құқық қорғау саласының қызметі туралы жазып, жариялағандары, оның ішінде ғылыми еңбектері де баршылық. Солардан іріктеліп, «Заңгер журналистің жазбалары» деген тақырыппен шыққан жинағының танымдық, тәжірибелік құны жоғары. Заң тақырыбын терең түсініп, осылай татымды толғайтын журналистер көп болса, бұқаралық ақпарат құралдарының сәнін келтіріп, беделін өсірер еді.

Зарқын Тайшыбай,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік және Қарағанды Болашақ университеттерінің құрметті профессоры, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.