Жаңалықтар

Өлкетанушы

   Ел мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін замана деректері – аса құнды таптырмас құжаттар қорына жатады. Әсіресе, біздің архивтен Орталық Қазақстан жөнінде керек деректерді белгілі ғалым, өлкетанушы, Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы – Юрий ПОПОВТЫҢ жеке қорынан табасыз.

Юрий Григорьевич көп жылдар бойы Орталық Қазақстанды зерттеді. Өлкедегі елді мекендердің, қаланың пайда болу тарихын, көмір өндірісі тарихын, алғашқы шахтерлер, геологтар, гидрогеологтар жайлы және тағы да басқа танымал адамдармен жүздескен. Оның саяхаттағы қарт тұрғындармен кездесулері архив құжаттарын толықтырады. Сондағы деректердің бәрі кезінде республикалық басылымдардағы жүздеген мақалаларға негіз болған. Кейбір деректер кітап болып басылып шыққан. Әсіресе, біздің қасиетті Қарқаралы жайлы, оның табиғаты мен танымал тұрғындары, кен орындары,  Арқа төсінде сексен жыл бойы дүркіреген Қоянды жәрмеңкесі туралы жазбалары. «Каркаралинские узоры», «Каркаралинские  находки» кітаптарында өлкенің тарихына бай деректер «Свидание с Сары-Аркой», «Их помнит Сары-Арка» кітаптарына енген. Қазақстан туралы жеті кітаптың және он жеті деректі фильмнің сценариін жазған.

Юрий Григорьевич 1937 жылы 27 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағандының политехникалық институтынан тау-кен инженері мамандығын алған (1955-1960 ж.ж.). Еңбек жолын «Ленинуголь» тресінің 47-48-шахталарынан бастаған, одан кейін инженер және ҚазҒА тау-кен бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болған. Тау-кен бөлімі кен институтына берілген, осы бөлім кейін КНИУИ қарамағына өткен. Ол жерде Юрий Григорьевич модельдеу секторының меңгерушісі, модельдеу әдісімен тау қысымының пайда болуын барлау экспериментті базасын басқарған. 1985 жылдың қыркүйегінен институттың ғылыми хатшысы болған. Техника ғылымының кандидаттығын Мәскеуде қорғаған (1970 ж.).

Ю.Попов 67 ғылыми жұмыстың авторы. КСРО-да өткен түрлі жарыстардың жеңімпазы. Көпжылдар «Білім» қоғамдық ұйымын басқарған.

1994 жылы Ю.Попов  жеке қорын  бідің архивке тапсырған. Онда Қарағанды кен орындарының тарихы, оның ардагерлері жайлы, алғашқы құрылысшылар, Егіндібұлақ, Нұра, Осакаров, Тельман, Ульянов аудандарының тарихы жайлы, революцияға дейінгі Қазақстан, Орталық Қазақстанның флорасы мен фаунасы, ғалымдар, жазушылар, суретшілер туралы, Қазақстандағы туризм, өзінің сапарлары жайлы, алыс-жақын жерлерден келген кең көлемдегі хаттар, КарЛаг, СтепЛаг, Песчанлагерлер туралы құжаттар жетерлік (1796,1820,1829-2008 жылдарғы).

Авторға мұндай қызығушылық әкесінен дарыса керек. 1931 жылы әкесі Қарағандыға жер аударылған. Өте ізденімпаз, көп білетін, адамдармен тез тіл табысатын адам болған. Бала кезінде үнемі әкесі қасына алып жүрген екен. Жақсы адамдар жанынан табылған. Мәселен, бірінші қарағандылық альпинист чемпион Юра Гульнев, Николай Пагануцци (ол да Ленинградта үздік альпинистерді таныған), белгілі өлкетанушы Володя Новиков.

1963 жылы Пагануцци Тянь-Шаньға және Орта Азияға салмақты экспедиция ұйымдастырған. Бұл экспедицияға қатысқан В.Новиков екеуі «Социалистік Қарағанды» газетіне барып, «адамдарды қызықтыратын альпинистер, туристер туралы неге жазбайсыңдар?» деген әңгіме көтерген. Редакциядағылар өздерінің жазуларын ұсынған. Содан бастап В.Новиков екеуі ғылыми қызметкерлер ретінде жаңадан ғылыми еңбектер жазып жүрген. Қарқаралы туралы, ол қандай жер, ондағы Пришвин туралы, тағы басқа тақырыптарда. Осылай өлкетану, жазу, құжаттарды жинақтау басталған. Талай мыңдаған шақырымды шайтан арбамен шарлаған кезі болған.

1949 жылы өте бай көмір аумағына зерттеме жасалған. Сол кездері алғашқы жерасты қазба жұмысын жүргізген сотталғандар екен. Солардың ішінде біздің заманның ұлы тарихшысы Лев Гумилев та болған (1950-1951 ж.ж.). Ғалымның жұбайы Наталья Викторовнаның хатынан: «Ғалымның күнделігінен: «…Караганда. Холод, голод, бандеровцы, власовцы, тяжелая работа. К счастью, устроился топогрофом, потом истопником, потом переписывал чего-то… Друг – перс Рахим, бежавший от шаха. Учу персидский язык. Читаю в бараке лекции по истории. Привезли сына нашего ректора – Леву (Лев Николаевич Вознесенский продолжал с ним дружить после освобождения)…».

Ю.Попов сонымен қатар, 13 жыл өмірін Қазақстанда өткізген ғалым, ақын, суретші Александр Леонидович Чижевскийді де зерттеген (1945-1958 ж.ж).

Ол 13 жылын Қазақ жерінде өткізген. КарЛаг, СтепЛаг, босағаннан кейін төрт жыл Қарағандыда тұрған. Осы жылдары А.Чижевский көп ғылыми жаңалықтар ашқан. Түрме басшысына жазған бір рапортын айтып кетсек:  «… Электромаска может большой экономический эффект не только для СтепЛага, но и во всесоюзном масштабе, в виду массовости заболеваний, связанных с запылением легких, выхода из строя рабочих, полной или частичной потери трудоспособности или преждевременной инвалидности…». Әрине, ол кездері бұл жаңалықты өндіріске енгізуге еш мүмкіндік берілмеді.

Ірі аталарымыздың бірі – Хасен Бижанов. Оның 150 жылдығында (1858-1934 ж.ж.) Ю.Поповтың  «Хасен Бижанов. Окружение, дела и встречи»  атты кітабы жарық көрген. Бүкіл тарихи деректерді Юрий Григорьевич тырнақтап 40 жыл бойы жинаған екен. Көп деректі Хасен немересі – Жамел Ыбышұлы берген. Он шақты мақаладан аса және деректі құжаттарға зерттеуді ғалым, өлкетанушы Хасен Бижановтың  өмірі мен ісіне арнаған. Хасен Бижанов – бірінші Балқаш фельдшері, кәсіпкер, Ақтоғай ауданындағы Қарабұлақта ауыл мектебін ашқан, былғары зауыты болған адам, Дадан-Тобықты руынан шыққан. Омск фельдшер мектебін бітірген. Х.Бижановтың арқасында  Балқашта балық аулау, суармалы жер игеру көлемі ұлғайған, экономикада жаңашыл ауылшаруашылық өнімін өңдейтін алғаш кооператив, Қарбұлақта, Балқашта алғашқы желкенді қайық пайда  болған.

Ол кісі М.Пришвин, Г.Потанин,  инженер П.Амосов, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Орымбек Жәутіков, дәрігер Әміре Айтбақин, жазушы Сапарғали Бегалин, ақын Нарманбет Орманбетов,  әнші Ахметжан Сармантаев және басқаларымен араласқан.

78 жасында Қазақ жерінде болған белгілі орыс ғалымы Григорий Потаниннің  Том қаласында 1914 жылы шыққан «Сибирская жизнь» газетіндегі «На притоке реки Токрау» мақаласында: «… Весь июнь провел в ауле Ермековых… Мой выбор на этот уезд пал потому, что в нем  кочуют родственник моего друга А.Букейханова, на содействие которого  мог рассчитовать и в чем я не ошибся. В 90-х верстах южнее моей стоянки проживал брат А.Букейханова – Смахан. Так как Ермеков предложил служить мне переводчиком при сказок, то я остался на житием в его ауле и не доехал до Смахана, но он, узнав о моем приезде, сам приехал в Былкылдак. Его брат Алихан, постоянно живущий в Самаре, не мог на это лето приехать в Каркаралинский уезд, но он прислал письмо в этот край, благодаря которым я познокомился его друзьями Хасеном Акаевым, Якупом Акбаевым, Хасеном Бижановым и другими».

Біздің өлкетанушы, белгілі жиһанкез Юрий Григорьевич Поповтың жеке қоры зерттеушілерге өте қызықты. Талай ғылыми жұмыстарға арқау болды, мекемелерден, білім ошақтарынан және тағы басқа зерттеушілерден көп сұранысқа ие. Әлі де өз қорын қызықты құжаттармен толықтырып отыр.

Қазір Санкт-Петербург қаласында тұрса да, онда жиі өткізіліп тұратын халықаралық өлкетану конференцияларына Қазақстан атынан қатысуда. Ол қалада жиналған мол қордан керекті құжаттармен жұмыс жасауда. Петербург архив, музей, кітапханаларында Қазақстанға қатысты құжаттардың өте көптігін айтады.

Юрий Григорьевич Поповтың жазған, жинаған деректері тарихтың құнды құжаттары. Ол құжаттар бүгінге және келешекке қызмет етері сөзсіз.

 

Ардақ ӘБДЕШОВА,

Қарағанды облыстық мемлекеттік

архивінің архивисі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button