Жаңалықтар

Өлкеңе құрмет – өзіңнен

Бұған дейін Қарағандыда мектеп жасындағыларға арналған өңірдің тарихынан сыр шертетін жеке оқу құралы болған емес. Оқушылар Арқаның сұлу жерлерін тек тамашалаумен шектеліп келді. Тарихи жәдігерлерге қызыққанымен, байыбына бара бермейтін. Осы олқылықтың орнын толтыруға Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасы тікелей ықпал етті. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қарағандының ғалым, тарихшы, зерттеушілері біраз тер төкті. Сөйтіп, жыл бойы жүргізілген зерттеу әрі жинақтау жұмыстары жемісін берді. Жұма күні білім саласының мамандары облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қарағандыдағы тұңғыш «Өлкетану. Қарағанды облысы» оқулығын таныстырды. Енді облыс оқушылары жаңа оқу жылын тарихи оқулықпен бастайды. Кеншілер шаһарындағы тұсаукесері жақында өткізілмек.

Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы оқулық оқушыларға өз Отанын сүюді өскен өлкелерінен бастау керектігін ұғындырады. Сондай-ақ, 58 427 данамен жарық көретін бұл оқулық Еуразия халықаралық көрмесінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. Шетелдік әріптестердің қызығушылығын туғызған ол бүгінде еліміздегі үздіктердің үштігіне еніп отыр.

– Тарихтан талай жылдарынан бергі жинақталған материалдар оқулыққа енгізілді. Министрліктің бағдарламасына сәйкес 20 тақырып бойынша дайындалды. Алдымен, Сарыарқаны, сосын тарихи ескеркіш, мұраларды таныстырдық. Өңірде болған тарихи оқиғаларды атап өттік. Мәселен, Қоянды жәрмеңкесі. Оны «ЭКСПО» халықаралық көрмесі секілді дүниетанымға сай көрсеттік.

Дегенмен, өз өлкеңнің тарихын, оның ескерткіштерін тек біліп, сүйсініп жүру жеткіліксіз. Оларды сақтап, қорғап, насихаттау қажет. Өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Оқушылар осыны білуі тиіс. «Өлкетану» оқулығын құрастырудағы басты мақсатымыз осы болатын. Ал, ұстаздар оқулықты пайдаланып, өткен мен бүгінгіні ұштастыру арқылы оқушыларға түсіндірсе нұр үстіне нұр, – дейді ғылыми кеңестің төрағасы, оқулық авторларының бірі Нұрсахан Бейсенбекова

Жинақ 5-7 сынып оқушыларына арнайы құрастырылған. Сарыарқаның тың тарихынан сыр шертетін біріктірілген курс тариx, география, әдебиет, мәдениет, музыка, өнер пәндерін қамтиды.

Оған қоса «Руxани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері» бағытындағы мұралар да назардан тыс қалмаған. Облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев: «Оқулық жаппай таралыммен мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджет қаражаты есебінен басылып шығарылады. Облыстың барлық орта білім беру мектептері алады. Оқулық 1-ші қыркүйектен бастап сабақ беру жүйесінде қолданылады», – деді.

Кітап авторлары «Мемлекет басшысының өз бағдарламалық мақаласында «Өз Отаныңа – туған еліңе деген махаббат өзіңнің шағын отаныңа – ауылыңа деген махаббаттан басталады» деп ерекше атап өтті. Сондай-ақ, «Біз – ұлан-ғайыр жерді алып жатқан рухани тарихы бай елміз. Кей кездері біздің үлкен аумағымыз тарихта түрлі роль атқарды. Бірақ, халық арасында осы рухани-географиялық белдеудегі байланыс ешқашан үзілген емес. Алайда, бар тарихымыз барысында осы мәдениет пен киелі жерлердің рухани мұрасы тұрғысынан маңызды сәттердің біртұтас тізбегін құра алмадық» деді. Сондықтан да, ең танымал ескерткіштерді (мысалы, Бекет-Ата қорымы, Тараздың ежелгі кешендері) және көптеген өзге жерлерді «ұлттық санада бір жерге біріктіру» қажет. Олардың барлығы, мақалада көрсетілгендей, «біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізін құрайды» дегенді тілге тиек етті.

Осы мақсатта «Өлкетану. Қарағанды облысы» оқулығын құрастырған авторлар оқушылардың өткен тарихқа және мәдени, рухани құндылықтарға деген сыйластық сезімін қалыптастырмақ.

Сарапшылардың айтуынша, аталмыш оқулық жасөспірімдерге тек туған өлкесі жөнінде білім беріп қана қоймайды. Сонымен қатар, олардың бойында зерттеуге қызығушылық оятады. Мысалы, белгілі жерді анықтап, тарихын түсіну үшін оқушыларға картамен жұмыс жасау міндеттеледі. Бұл – өз кезеңінде оқушы дүниетанымын кеңейтеді, жаттау қабілетін арттырады.

Педагогтар, сарапшылар және ата-аналар қауымының қатысуымен өткен жинақтың таныстырылымында авторлар осыны атап өтті. Жалпы, оқулықты дайындауға өлкетанушылар, аймақтық тариxи-өлкетану мұражайлардың қызметкерлері белсенді атсалысты.

 Сондай-ақ, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымдарының зерттеуге қосқан көп үлесін әрі облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері енген авторлық ұжымның жыл бойғы еңбегін атап өткен жөн.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button