Жаңалықтар

ӘЛІПБИ РЕФОРМАСЫ: тоқтам һәм байлам

Ақпарат кеңістігі – үлкен идеология. Егер латын графикасы нақты қолданысымызда болмаса, онда ақпараттық тәуелсіздік деген жай ғана сөз болып қалар еді. Себебі, әлемдік ақпараттың дені, негізінен, латын графикасы арқылы тарайды. Осы тұста ақпараттың шынайылығы деген мәселе туындайды, яғни, қандай да бір ақпараттың нақтылығына халықаралық графиканы (латын) білетін адам ғана көз жеткізе алады. Латын графикасына көшетін болсақ, халықаралық тілдерді, әсіресе, ағылшын тілін жеңіл меңгеруге мүмкіндік молаяды да, жастар ақпаратпен түпнұсқа күйінде танысатын болады. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі тәуелсіздік осыдан келіп шығады. Ал ақпараттық тәуелсіздік дегеніміз – ой тәуелсіздігі. Міне, бұл – біз секілді дамушы мемлекет үшін ең басты мәселенің бірі.

Латын графикасы – әлем халықтары тәжірибесінде мойындалған, интернет кеңістігінде орныққан графика. Және бір артықшылығы – кез келген ұлт тілінің дыбыстық ерекшелігін таңбалауға қолайлы. Мәселен, экономикасымен әлемді мойындатқан Жапония, Қытай және Корея мемлекеттерінің графикасы басқа болғанымен, әлемдік ақпаратқа араласу барысында олар да латын графикасына сүйенеді. Басқаша айтқанда, бұл графиканы әр халықтың дыбыстық ерекшелігіне бейімдеу үшін түрліше таңбалау үлгісі (диграф, апостроф, диакритика, акут, т.б. қолдану) қарастырылған және бұл күнде қалыптасып болған. Әлемде белгілі бір халық тілінің дыбыстық ерекшелігін нақты таңбалауға дәл осы латын графикасындай бейімделген графика жоқ.

Рас, латын тілі қазірде өлі тілдер қатарына қосылғанымен, халықаралық терминологияның біразы латынша нұсқада қолданылады әрі осы графикамен таңбаланып жүр. Ешбір ұлттың тілі жүз пайыз сол ұлттың байырғы төл сөздерінен ғана тұрмайтыны белгілі. Соған орай әр халықтың өзіне ғана тән сөзжасам тәсілдері бар. Неологизм сөздердің дені сөздік құрамға тікелей қатысты болғанымен, олардың біразының сырттан сіңістірілетіні – қалыпты жағдай. Қабылдайтын халықтың сөзжасам тәсілдеріне бағындырыла бермейтін, сырттан сіңістірілетін мұндай сөздер – терминдер. Ал, сөздік қордың молаюына терминдердің тікелей ықпалы бар екені түсінікті. Демек, латын графикасын қабылдаған халық тіліне мыңдаған термин оп-оңай сіңісе береді. Оларды кириллицаға ауыстырып жатудың қажеті болмайды және, ең бастысы, халықаралық дыбысталу әрі таңбалану ерекшеліктері сақталып қалады. Бұл, бір жағынан, халық-аралық термин сөздердің таңбалану ерекшелігіне қатысты мәселені шешіп берсе, екінші жағынан, сөздік қорымыздың үздіксіз толығып отыруына оң ықпал етпек.

Тіліміздегі халықаралық терминдердің біразының әдепкі таңбалануы мен бізше дыбысталуы тең емес. Бұл теңсіздікті қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық нормаларына қатысы тағы жоқ. Сондықтан, олардың (терминдердің) таңбалануы мен дыбысталуын жақындастырудың әрі лингвистикалық, әрі әлеуметтік маңызы бар. Аталған мәселені, жоғарыда келтірілгендей, латын графикасын қабылдау арқылы бір жүйеге түсіруге болады.

Енді қазақ жазуы тарихының ең бір елеулі сәттеріне тоқталайық. Көне түркілік кезеңде руна (сына) жазуын пайдаланғанымыз, онан кейін ислам дінімен келген араб жазуына (төте жазу үлгісі) көшкеніміз, 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасымен жазып, 1940 жылы қабылданған кириллицамен осы кезеңге дейін жазып келе жатқанымыз белгілі. Бұл дегеніміз қазақ жазуы тарихында 4 графиканың маңызды орын алғанын көрсетеді:

1) Руникалық жазу (сына жазуы);

2) Төте жазу (араб жазуы);

3) Латын жазуы;

4) Кирилл жазуы.

Осылардың арасында руникалық жазуға оралуға негіз жоқ, тіпті, мүмкін емес жағдай екені айтпаса да түсінікті. Себебі, бұл жазу қазіргі әлем халықтарының ешбіреуінің тәжірибесінде жоқ. Бір сөзбен айтқанда, адамзат қолданысынан ығысып қалған.

Төте жазу әлемдік тәжірибеде болғанымен, біздің дыбыстық ерекшелігімізді дәл таңбалай алмайды. Мұны кезінде тілші мамандар да мойындаған еді. Екіншіден, төте жазуды түркі халықтарынан Қытай қазақтары мен ұйғырлардан басқасы танымайды. Сондықтан, бұл таңдау да ұлттық мүддемізге сай емес. Кезінде қазақ әліпбиіне реформа жасау жайлы бастама көтерілгенде, латын графикасымен қатар төте жазу да аталған еді. Алайда қазақ халқының жалпақ әлемге танылуы үшін төте жазудың мүмкіндігі шектеулі екені ескеріліп, кейін бір ғана таңдау қалды және ол – латын графикасы.

Бүгінгі әлемде латын графикасын танымайтын халық жоқ. Бұған, біріншіден, терминологияның көбіне латынша таңбаланатыны себеп болса, екіншіден, интернет кеңістігі жазуы да латын графикасына негізделген. Үшіншіден, әлемде ең көп тараған ағылшын тілі де латын графикасында. Осыған орай, латын таңбалары қазірде әрбіреуіміз қолданып жүрген смартфон, компьютер пернетақтасында да бар. Ендеше, латын графикасы жаңа ғасыр технологиясы мен ғылымының таңбасы болып отыр. Оның үстіне, агглютинативті тілге жататын қазақ тілінің интернет кеңістігі үшін флективті тілдерге қарағанда ыңғайлы екені дәлелденген. Айталық, қазақ тілінде түбір тұлғасы ешқашан өзгеріске түспейді, сондықтан Google браузерінде іздеу операциясын пайдалануға аса қолайлы. Ал, флективті тілдерде түбір тұлғасы өзгеріп отыратындықтан, ақпарат іздеу барысында кілт сөздердің өзгеріске түскен нұсқалары табылған деректер қатарына қосылмайды.

Кей дерек бойынша, шетелдерде 4-5 миллион қандасымыз тұрады. Олардың Қазақстан Республикасымен, яғни біздермен, біздегі әдеби-мәдени құндылықтармен байланысы болуы тиіс және оған, ең алдымен, өзіміз мүдделіміз. Кириллицамен таңбаланған ұлттық құндылықтарымыз осы уақытқа дейін шетелдік қандастарымызға бейтаныс болып келді. Енді, латын графикасын қабылдауымыз арқылы криллицаны білмейтін қандастарымызбен ортақ қаріпте жан-жақты байланыс орнайтынын қаперде ұстауымыз қажет.

Келесі бір маңызды мәселе – латын графикасының түркі халықтарындағы қолданысы. Яғни латын графикасы түркі әлемі үшін де жат емес. Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің тәжірибесінде бар және тиімділігі дәлелденген. Түркия мемлекеті латын графикасын осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын қабылдап, қазірде экономикасы дамыған, озық технологиялы елдер қатарында.

Жалпы, латын графикасына көшу жайлы бастама жоқтан бар бола салмады. Бұл туралы еліміз егемендік алғалы айтылып келе жатқаны, сондай-ақ, 2050 жылға дейінгі даму стратегиямызда жан-жақты сипатталғаны белгілі. Демек, Қазақ елінің латын графикасына ауысуына алғышарт бұрынырақта жасалып қойды және 1929-1940 жылдар аралығында тәжірибе жүзінде пайдаланғанбыз да.

Қазіргі жаһандану заманында, анықтап қарайтын болсақ, әлем халықтарының барлығында да рухани жанталас жүріп жатыр. Қай халық болса да өзінің ұлттық ерекшелігін, мәдениеті мен дәстүрін өшіріп алмау үшін барын салуда. Тіпті, өміршеңдігіне ешқандай қауіп жоқ ағылшын тілінің өзі әлдеқандай жанталасты бастан кешуде. Мұны, алысқа бармай-ақ, өз елімізде жүрген миссионерлердің көбеюінен де байқаймыз. Тұрмыстық жағынан барлық жағдай жасалған, дамыған елдерінен Орталық Азиядағы мемлекеттерге келіп тіл үйретулеріне қаржылық фактордың әсер етпегенін түсіну үшін ерекше ақыл иесі болудың қажеті жоқ. Бұл жағдай жаһандану үдерісінің қарқынын үдете түссе, екінші жағынан, біз сияқты аз халықтардың жаһандану толқынына төтеп берер иммунитет қалыптастыруға жанталасын тудырып отыр. Осы кезде генеалогиялық жақындығы бар елдер рухани дүниесінің селбесуі – жаһандануға қарсы тұрар үлкен күш, үлкен тосқауыл. Ал латын графикасының Еуразия құрлығына тарыдай шашыраған түркі әлемінің рухани дүниесін жақындастырарына күмән жоқ, себебі латын графикасы арқылы бір елдің әдеби-мәдени дүниелері екінші ел үшін қолжетімді болады.

Сонымен, латын графикасының Қазақ елі үшін пайдасы мен тиімділігін былайша топтап көрсетуге болады:

біріншіден, бұл – заман талабы. Заман көшінен қалмай ілесіп отыруымыз үшін қажет. Қазақы таным бойынша айтқанда, түлкі болған заманды тазы боп шалуға келеді. Ғылым мен технология, интернет кеңістігін еркін игеруіміз – барлығы заман талабына жатады;

екіншіден, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде өз позициясы бар екенін, яғни тарихи шешім қабылдауда өзінше әрекет ете алатын дербестігін паш етеді;

үшіншіден, шетелдегі қандастарымызбен әдеби-мәдени байланыстың жоғалмауына, тіпті, күшейе түсуіне кепілдік болады;

төртіншіден, түркі әлемін рухани жақындастырады. Мұның қазіргі өркениетте қаншалықты маңызды екені жоғарыда келтірілді;

бесіншіден, еліміздегі үштілділік саясатының жүзеге асуына ықпал етіп, ендігі ұрпақтың ағылшын тілін жылдам меңгеруіне қолайлы жағдай туғызады;

алтыншыдан, қазақ әліпбиіне жасалған реформа ұлттық сөйлеу машығымызды қалпына келтіреді.

Бәрімізге белгілі, кириллицаға ауысқан кезімізде тіліміздің сан ғасырлық әуезінен, ерін үндестігінен, айырылып қалдық. Енді осыны қайта қалпына келтіру мүмкіндігі бар. Осыған орай халық арасында «графиканы реформалау арқылы гүлденген қала деген тіркестің алғашқы сөзін гүлдөнгөн деп ерін үндестігімен жазатын боламыз. Орфографиялық нормамыз осылайша қайта пысықталып, жазу үлгіміз жаңадан қабылданады. Сонда қазақ тілінің әуезділігі артып, бұрынғы сөйлеу машығымызға оралатын боламыз» деген сыңайдағы пафосты пікірлердің қылаң бергені мәлім. Дегенмен, бұл мәселе емле ережесінің қазіргі таңда жасалып жатқан нұсқаларының қайсысы бекітілетініне байланысты. Сондықтан, әлі басы ашылмаған, нақтыланбаған күйі қала тұрады.

Сондай-ақ, «латын графикасына ауысқаннан кейін, қазақ әліпбиіндегі әр дыбыстың жеке таңбасы болады және олардың дыбысталуы бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, кириллица бойынша, «қ» және «к», «ұ» мен «ү» және «у», «ө» және «о», «ң» және «н», «ғ» және «г» дыбыстарының таңбалануында ұқсастық болғандықтан, еліміздегі өзге ұлт өкілдері үшін бір ғана дыбыс болып қабылданып келгені жасырын емес. Ендігі жерде олардың дербес таңбасы және дербес дыбысталу үлгісі болады, басқаша айтқанда, әр дыбыстың өз алдына оқылу үлгісі болады» деген пікірлер де айтылып жүрді. Бірақ бұл тұста ескере кетерлік мәселе – латын графикасындағы таңба саны шектеулі. Егер әр халық өзінше таңба ойлап тауып қосып, оны «латын графикасы» деп атай беретін болса, онда бұл графикадағы таңба санын анықтап алудың өзі қиынға соғар еді. Сондықтан, латын графикасын қабылдайтын әр халық осындағы таңбалар аясында ғана көсіліп, халықаралық тәжірибеде бар нұсқаға ғана сүйенуі тиіс.

Таяуда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы қабылданды. Бұл сәт тұтас бір ұлттың тағатсыздана күткен тарихи сәті еді. Бір анығы – бұл жолы айтылған сын алдыңғы екі нұсқаға қарағанда әлдеқайда аз, тіпті, жоққа тән. Демек, халықтың көңілінен шығып отыр. Себебі, бұл нұсқа әліпби жасаудың халықаралық тәжірибедегі екі принципінен өтті (бірінші нұсқаның диграфқа, екінші нұсқаның апострофқа негізделгенін еске түсірейік).

Диграфқа негізделген алғашқы нұсқаны халық қазақ тілінің агглютинативті тіл болғандығынан қабылдай алмады. Диграфты қолдану барысында кей сөздің айтылуы мен жазылуы күрделеніп, жазу үдерісін мүлде қиындатып жіберетін болды. Оның үстіне, «ә», «ө» дыбыстарын «ае», «ое» түрінде таңбалаудың соңы ұлттық дыбыстарымызды жоғалтып алу қаупін тудырды. Кейінгі ұрпақ «ә», «ө» дыбыстарының таңбалануына қарай оларды «ә», «ө» деп емес, «ае», «ое» диграфтарындағы аралық дыбыспен (мәселен, орыс тіліндегі «э» және «ё» таңбаларының дыбысталуына ұқсас әуенде) атап кетуі мүмкін еді.

Апострофқа негізделген екінші нұсқа жазу үдерісіне ғана емес, сол жазылған сөздерді оқуға да қолайлы болмады. Себебі апострофтар өз алдына жеке символдың орнын алатын болғандықтан, бір сөз бірнеше жікке ажырап, шашыраңқы таңбаланатын болды.

Ал соңғы қабылданған нұсқада алдыңғыларда ескерілмеген кемшіліктер ескерілген, жазуға да, оқуға да қолайлы. Дегенмен, Қазақстан Республикасының азаматы әрі филолог маман ретінде мынадай ұсыныстарды айтпай кетуімізге тағы болмайды:

біріншіден, тіліміздегі «асхана» сөзі жоғалады. Бұрнағы «ш» дыбысының енді «sh» болып таңбалануына орай ашана (ashana) болып оқылатын болып отыр. Бұл мәселе филолог мамандар о баста талап еткен «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымының маңызды екенін көрсетеді;

екіншіден, кириллицадағы «ц» дыбысын «тс/ts» деп таңбалайтын болғандықтан, «ч» дыбысы «ch» деп емес, «тш/tsh» болып таңбалануы қажет еді, алайда бұл жерде ондай логика байқалмайды. Біздіңше, әліпби нұсқасын жасаушы мамандар «ч» дыбысын үш таңбамен (tsh) таңбалаудан сақтанған сыңайлы. Сайып келгенде, бұл проблема «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымының маңызды екенін және бір айғақтай түседі. Айталық, соңғы нұсқада диграф (sh) болмағанда, мәселені шешудің өзге жолы қарастырылар еді;

үшіншіден, «и» және «і» дыбыстары ұқсас таңбамен берілген, сондықтан кейінгі ұрпақ «і» дыбысын «и» деп оқи беруі мүмкін. Сондай-ақ «и» мен «і» қатар келетін тұстарда жазу да, оқу да қиынға соғады. Қараңыз: тиін – tiin, киім – kiim;

төртіншіден, «у» дыбысының таңбасына неліктен «u» таңбасы алынбағаны түсініксіз. Елімізде үш тіл саясаты жүріп жатыр, ал оқушылар бір таңбаның екі тілде екі түрлі дыбысталуын яки бір дыбыстың бір графикадағы екі тілде екі түрлі таңбалануын оңайлықпен қабылдай қоймайды. Сөйтіп, бұл мәселе білім алуға да, білім беруге де кедергі тигізуі мүмкін;

бесіншіден, компьютер пернетақтасында акутпен (соңғы нұсқадағы жоғарғы ноқатша) таңбаланатын латын әріптері жоқ. Ал 2025 жылы қолданысқа енетін графика таңбаларының компьютер пернетақтасында қазірден болуы – талқылауға келмейтін қажеттілік.

Дегенмен, бұл ұсыныстар уақыт өте келе ескеріледі, шешімін табады деген сенімдеміз. Ең бастысы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің негізгі нұсқасы қабылданып, оны практикаға енгізу жолға қойылып отыр. Ендігі кезекте аса маңызды ұлттық жоспарымыздың жүзеге асуына сеп болуға, барынша еңбек сіңіруге тиіспіз деген байламға тоқтауымыз қажет.

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

«Болашақ» академиясының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button