Жаңалықтар

Әлім ағамен әңгіме

    Әдетте, осы тақырыпқа шығарып отырған лұғат сөзімізді көп адам жеріне жетіп түсіне бермейді. Және кейбірі сұрақ та қойып жатады. «Мәнісі не?» деген сыңайдағы. Шамам келгенше жауап берген боламын.

    Шынында, «әлім» деген сөздің мағынасы ғалымнан гөрі кеңдеу сынды. Ғалым – белгілі бір ғылыммен айналысатын адам деп түсінеміз. Әлім – ғылыммен қоса иманды, тәрбиені, өнерді, қауымның ғұмырына әсер берер кең ауқымды жоғары иманды жан. Менің тәпсірлеуім шамамен осы. «Мұны неге тәптіштедің?» деп отырған боларсыз?! «Сондай адамға балайтын жан» деп өзім топшылап, айдар таққан әліммен таныс болыңыздар» деген ізгі тілек біздікі.

Биыл – Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдық мерейтойы. Осынау мерейге байланысты біраз жандармен тілдесіп, баба ғұмырнамасына, шығармашылығына еңбек еткендерді жұрт назарына ұсынсақ деген мақсұтымызды қабыл аларсыз деп түйсіндік.

Жамбыл Омари – тарих ғы­лымдарының докторы, профессор. Еуразия ұлттық университетінің оқы­тушысы. Бүгінде жайнаған, гүлденген Астана төріндегі Отырар кітапханасының төрінен таптық аға­­­мызды. Емен-жарқын есендік бір­­ден баба жөніндегі әңгімемен өр­біді.

Қолымызға қалам ұстағалы Бұқар жырау жөнінде тұшымды ең­бек, елең еткізерлік ауқымды шы­ғар­ма іздесек, Жәкеңнің еңбектерін парақтаймыз. Жырау жөнінде қалам тербеуінің сырын сұраған едік.

– Мен сонау тоқсаныншы жылдардың басынан тарихи тұлғалар жөнінде жазуға ниеттеніп жүр едім. Алдымен қаламға іліккені – Қанжығалы Бөгенбай батыр болды. Сол кезде облыстың мәдениетін басқарған Рымбала Кенжебалақызының ұсынысымен қолға алған едім. Ал, Бұқар жырау Қалқаманұлына келер болсақ, «бабамыз, барша қазақтың мақтаны, сөзі – ұран, пәтуасы – Құран болған абызды мен жазбағанда кім жазады?» деген ой маздатты жүректі. Содан қолға алдым. Алдымен ол туралы жазылған еңбектерді, мұрағат беттерін парақтадым. Дүниеге келген, өмірден қайтқан жылдары жөнінде әртүрлі деректер бар екен. Соны тұғырлау қажет болды. Сонау Жиделі-Байсынға, Бұқара, Ташкент, Самарқан шаһарларына сапар шектім. Мұрағатта таныс, бейтаныс қандастар, ғалымдар көп көмек берді. Жанымды салып үстелге отырдым. Кітап 1993 жылы бабамыздың 325 жылдық тойына орай шықпақ керек еді. Қаржы қолбайлау қылды. Сәл кешігіңкіреп, 1994 жылы шықты ғой, әйтеуір, – дейді Жәкең.

Иә, «Бұқар жырау. Он екі тарих»  кітабын қолдан-қолға  тигізбей оқығанымыз есте. Әсіресе, бабамыздың Бұқарадағы Көкілташ медресесін бітірген сауатты, діндар жан болғанын біліп мағмұрланғанымыз неге тұрады?!

Жамбыл аға бұдан кейін де «Малайсары батыр», «Кетбұқа жырау», «Аталықтар әулеті», «Барқы», «Нияз» тағы да басқа тарихи тұлғалар жөнінде оншақты ғылыми, тарихи, әдеби кітаптар жазған. Жәкең Бұқар жырау туралы биыл да бірталай еңбек жазуға бекініп отыр. Пьеса жазбақ ниетте.

– Өзім жақсы білетін тақырыпты неге қаузамасқа?! Сахналық шығарма, бұйыртса, «екі бөлімнен тұрады» деп жоспарлап отырмын. Біріншісінде – тұрмыстық жағдайы, екіншісінде – хан ордасындағы оқи­ғалар тізбегі көрсетіледі. Қалам-қарымымды салып, жазға дейін ың­ғайлаймын, Алла жазса, – дейді Жамбыл аға.

Жәкеңмен кең отырып, әңгімелесуге уақыт-патша кедергі болды десек те, әлі талай ойдың ортақ же­лісі жалғасын табар деген үмітпен қоштастық.

Ауыл қарасы көрінді. Үйге келіп, қарайтынымыз газет қой. Облыстық «Орталық Қазақстанның» биылғы №№2-3 сандарында  Жәкеңнің «Жыраудың ғұмыр белестері» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Бас алмай, баба ғұмырына қанықтық. Әлім ағаға риза болдым.

Бір өкініш, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы №1 санын алғанда болды. «Дара тұрар даталар» мақаласының авторы Б.Тұрсынбайұлы Шортанбай, Құрманғазы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Сұлтанмахмұт тағы басқа тарихи дара тұлғалар бас­таған біраз қайраткерлерді тізіпті. Бірақ, Бұқар жырау Қалқаманұлы туралы бір ауыз сөз жоқ. Мүмкін ұмытты, мүмкін білмеді. Өкінішті-ақ…

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button