Тарих

Әлихан мінген тарантас

АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ АУЛАСЫНДА ТАРАНТАС ТҰР. БҰЛ ТАРАНТАСҚА БІР КЕЗДЕРІ АЛАШ КӨСЕМІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ОТЫРЫП, ЕЛ АРАЛАП САПАР ШЕККЕНІН ЖҰРТТЫҢ БІРІ БІЛСЕ, БІРІ БІЛМЕЙТІНІ АНЫҚ. СОНДАЙ-АҚ, МҰРАЖАЙ ҚОРЫНДА ӘЛАҒАҢА ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕ ДЕ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР БАР.

Ұлы тұлғадан қалған тарихи жәдігер жайында жазбас бұрын өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ақсақалға хабарласып, Әлекеңнің тарантасы жайында сұраған едік. Оның айтуынша, 1921 жылдың шілде айында Әлекең елге оралады. 1922 жылдың қазанында абақтыға жабылғанға дейін туған жері Желтауда болады. Ел ішінде жүргенде Желтаудан Қарқаралы, Семейге Шабанбай бидің тікелей ұрпағы болып келетін Сәдуақас Әбілдиннің тарантас арбасымен қатынап тұрыпты. Сәдуақастың өз әкесі Әбілда бір қауым елді аузына қаратқан би болған адам. Осыған қарап құс салып, тарантас мінген тектінің ұрпағының тегін адам еместігін аңғарамыз. Күнқақты болып, қараусыз қалған көне жәдігерді Қауаз Мұқажанов ақсақал Сәдуақастың балаларынан аттай қалап алып, 2012 жылы мұражайға өз қолымен табыстаған екен.

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын…» деп Алаш жұртының алдағы тағдырын ойлап, азаттық жолын бастаған Әлағаң сапарлаған арба ұрпаққа қастерлі дүние. Жәдігерді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арнайы хат жолдап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні құрметіне ашылғалы отырған республикалық әскери-тарихи мұражайдың көрмесіне қоюға бір айға сұратып алдыруының өзі оның қаншалықты құнды дүние екенін айғақтай түседі. Тарантас Елорда тұрғындары мен қонақтарына бір ай бойы таныстырылды. Алаш көсемінің өмірімен тікелей байланысты, сыры көшсе де құны артқан тарантас мұражайдың құнды бір жәдігеріне айналып, аулада тұр.

Сонымен қатар, мұражай төрінен Әлиханның қарындасы Нұрбек пайдаланған ас табақ та орын алған. Жәдігер туралы Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайының директоры Тәбарак Жармағанбетов құлағдар етті.

– Мұражайдың қорында сақталған тарихи жәдігерлердің арасында Әлихан Бөкейханға қатысты мұраларды ерекше атап өтуге болады. Соның бірі – Әлекеңнің қарындасы Нұрбек пайдаланған ас табақ. Бұл табақтан Нұрбектің ағасы Әлихан Бөкейханның ас ішкені сөзсіз. Нұрбек анамызға тиесілі тұскиіз де осында ілулі тұр. Жәдігерлерді мұражайға апалы-сіңілі Қапураш пен Ғайныш Жаровалар табыстаған. Ақтоғайға келген қонақтардың ең алдымен табан тірейтін бірден-бір жері осы аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай. Олар көбіне Алаш арыстарына қатысты деректер мен Әлихан Бөкейханнан қалған жәдігерлерге қызығушылық білдіріп жатады, – дейді Тәбарак Жармағанбетов.

Думан ҚАБЫЛ

 

Басқа материалдар

Back to top button