Бас тақырыпТарих

Әлихан Бөкейхан жайлы деректер

Әлихан Бөкейхан – қазақтың басын бiрiк­тiрiп, ерiктi ел болуын көксеп, сол мақсатқа жету жолына өз бойындағы бар қасиетiн: ақыл-ойын, өнер-бiлiмiн, жiгер-қайратын, бар саналы өмiрiн арнаған адам. Егер ол өзiнiң бас пайдасын ғана ойлап, патша заманында мансапқор болып, шен-шекпенге қызығып, ұлық болғысы келсе, өзi ақсүйек, хан әулетi әрi оқымысты Әлихан Бөкейханға ол жол оңай едi. Бiрақ Әлихан қара басының қамын ойлаған жоқ, туған халқының қамын ойлап, белiн бекем байлап, ел үшiн еңбек ету жолына түстi. Әлихан – қазақ тарихында демократиялы баламалы түрде сайланған Алаш Орда – Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы»


«Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» — деген асыл ердің тектілік, намысшыл, ұлтжандылық секілді қасиеттері әр қазаққа үлгі болуы тиіс! Ал оны үлгі ету үшін әр адамның санасына Әлиханның қандай намысшыл, ұлтын сүйген ұлы адам екенін жеткізу керек. Осы жолда кішкене болсада өз үлесімді қосу парыз деп санадым. Ал енді бізге жеткен деректер мынадай:
1.«Бірде тегі неміс В.Радловқа Әлихан Бөкейхан: «Сіз қазақтың құқықсыз екенін биік орталарда айта жүріңіз» деп қолқа салғанда, анау: «Құдай әрбір ұлтқа түрлі тағдырды бұйырады. Сіздер бұған көндігулеріңіз керек» депті. Мұны естіген Әлекең Радловты көрсе, не кілт бұрылады екен, не ол кіргенде шығып кетеді екен. Бұл не? Бұл – принцип. Бұл – «ғалым бүйтіп айтпайды, сенің қасыңда отыру – ұлтымды қадірлемегендік» деген протест».
2. Төлеубай деген кісі кезінде Меккеге барып, қажы атанған екен. Осы сапарда Қара теңіз жағасында Әлихан Бөкейханмен ұшырасыпты. Қажылық сапар шеккен адам әр жерде садақа беріп, екі дүниенің обал-сауабын ойлайды ғой. Пітір-садақа беріп жатқанын көріп, Әлихан Төлеубай атамызға: «Жат жұрттың бейшараларынан бұрын, әуелі қазақтың қалың жарлы-жақыбайын тойындырмадыңыз ба?!» депті.
3. Тергеушілер Әлекеңді жауапқа тартып: «Сіз «Алашорданы» білесіз бе?» – деп сұрақ қойғанда: «Маған «Алашорданы» білесіз бе? – деп сұрақ қойма. Мен –«Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», – деп жауап берген.
4. Бөкейханов болмысының салауатты, алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған.Тіпті, тұтқындауға келген Мәскеудің үлкен лауазымды тергеушілерінің өзі тұтқындайтын кезде артық мінез көрсете алмаған. Лиза Әлиханқызы Бөкейханова былай деп еске алады: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы», – деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңқалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүмкіндік бермеді». Бұл әңгімені Лиза Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген. Әлекеңді көрген адамдар: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», – дейді екен. Әлекең өзінің сырын санаулы ғана адамдарға айтқан. «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», – дейтіні сол.
5. Әлихан сондай ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Лиза Бөкейханқызы: «Әкем Смағұл қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өзі барып, оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорийге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты», – деп еске алады. Бөкейханов Смағұл Сәдуақастың қазасына тек күйеу баласы ретінде қабырғасы қайысып отырған жоқ, өз идеясын, Алаш идеясын алға апаратын үмітті шәкіртінен айырылған ауыр қайғыдан егілді. Алаш идеясы өлген сияқты көрінді. Міне, осындай жаны нәзік адам. Кез келген жағдайда мысқылмен, қалжыңмен қарсы алатын Әлихан Бөкейханов осы бір Алаш идеясын ақсатпай атқарады деген азаматы жазықсыз қазаға ұшырағаны жанына батты. Демек, Алаш идеясына келгенде Әлихан Бөкейханов өзінің өмірін арнауға, күресуге бар. Ал идеяны жүзеге асыратын тәсілге келгенде сондай нәзік әрі уайымшыл.
6. Әлиханның тағы бір тұлғалық, адамгершілік қасиетін Әміре Қашаубайұлына байланысты, 1925 жылы Парижде дүниежүзілік этнографиялық концерт болады. Оған Әміре бара­тын болып бекітіледі. Соған байланысты Әлекең Ахмет Байтұрсынұлына ренішпен хат жазады. «Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бір де бір ән сөзін толық білмейді. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнаулы үйіне апарып, ән салдырдым. Әйтсе де, Әміре ән салған кезде қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде пәтуа болсашы. Бір ән сөзін жат­тату­ға болатын еді ғой. Өзі орыс мещаны сияқты киінеді. Оны дұрыстап киіндіру де соншалық қиын іс пе еді» – деп назын айтады. Әрі өзі бас болып, Әміреге ән сөзін түгел жаттатқызып, арнайы студияға барып, әнін жаздырып, жаңаша киіндіріп, аттандырады. Әлихан болмағанда Әміренің алтын дауысы бізге жетер ме еді? Бір Құдай білсін. Мәскеуге барып, ары қарай Париж асқан Әміренің өліміне сол сапардан оралғандағы сөзі себепкер болды деп айтылады. Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды жолықтырып, дәмдес болып қайтқан соң Әміре: «Сендер мұнда келіп ап қазақпын деп мақтанасыңдар. Ал мен нағыз қазақты Мәскеу мен Парижден көрдім», – дейді екен. Ол сөз «салпаңқұлақтардың» құлағына жетіп, Әміренің ғұмырын көктей солдырған. 
Міне нағыз патша келбеті, міне ұлт көсемі!

Басқа материалдар

Back to top button