Бұқар жырауРуханият

Үлгідегі үлкен аc үміт ұялатты

    Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің тұғырына терең мән берді.Бұқар жырау ауданындағы Үлгіде үлкен ас өтті. Аруақтарға дұға бағышталып, ат шаптырылып,балуан күрестірілді. Бұл ұланасыр асқа келген адамда есеп жоқ. Алыс-жақыннан, бір шеті сонау Алматы мен Астанадан, Қарағандыдан осы топырақтың тумалары, маңайдағы ауылдардан ат сабылтып жеткендер қаншама…                           

 

Неше күннен бергі аптап ыстықтың да беті қайтып, қоңыр салқын самал есіп, арасында ақ жауын да себелеп тұрды.Мұнда маңдай тіреп, көптен көріспеген ағайын бір – бірімен арқа-жарқа амандасып,дуылдасып жатты. Кезінде академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзі бас болып отырғызған бақтың  сыртындағы көк майсасы жапырылмаған алаңға тігілген киіз үй мен үш шатырдың маңы қазан-қазан асылған ет,екі  иінінен дем алған самауырлар. Үлкені бар, кішісі  бар — қаптаған қалың ел. Мұндай жиынды бүгінде берекесі кетіп, ажары тоза бастаған бұл мекен көрмегелі қашан. Сан ұрпақ  өсіп –өніп, алмасқан киелі жер сағынып – аңсап жеткен балаларына құшағын айқара ашып, қайта түлегендей болып, таңертеңнен қас қарайғанша ұлы дүбірге бөленді.

Бірден айтуымыз керек, көптен айтылып жүрген осынау салиқалы бас қосуға ұйытқы болып, ұйымдастырған үлгілік азаматтар,қазірде Ботақара кентінде тұратын Егінбай Жапарұлы, Төкен Оразбекұлы, Қаржас Қалкенұлы,Нұрлан Қайынтайұлы, Қайыр Сайлауұлы, Қаныш Қадыкенұлына ел-жұртының айтар айтар алғысы мен ризалығы шексіз. Олар жерлестерінен 10 мың теңгеден жиналған қаражаттың басын құрап, ту бие сойғызып, дастарқанның ішіп – жемін, ат бәйгесі мен балуан күресінің жүлделері мен марапаттарын да орнымен сайлап, ешкімнің көңілін қалдырмай, ың-шыңсыз тарқатты. Бұған Үлгінің басында отырған 18 үйдің тайлы таяғы қалмай, бір кісідей ат салысты. Бірақ, бұл жиынның негізгі мақсаты  да ас ішіп, аяқ босату емес еді. “Кешегі гүлденіп, көркейген Үлгіні қайтсек қайтадан көтереміз?”деген ойды ортаға салып, ақылдасып, ойласып, бір бәтуаға келу болатын. Міне , осы сауал асқа келіп, қайтқан үлгілік әрбір азаматтың көкейінде кеткені анық. Өйткені кір жуып, кіндік кескен туған ауылымыздың орнында бара-бара жұрты ғана,аруақтардың рухы ғана қалатынын ойлаған сәтте қай-қайсымыздың да қабырғамыз қайысып, оның өткендегі сән -салтанаты еріксіз көз алдымызға келіп,жанарымызға жас үйіріледі..

Шынында да, біздің Үлгіміз қандай еді?! Кеңес өкіметі орнағаннан кейін өткен ғасырдың 20-шы жылдарының ішінде әр атаның баласы бас біріктіріп, Өткелсіздің жағасында құрған колхозы ғой бұл. Алғашқы төрағасы марқұм Жұмаш Шәдетұлы болған ол бірте-бірте іргелі шаруашылыққа айналып,1961 марқұм Шопанай Әмірханов ұйымдастырып , басшылық жасаған Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың құрамына бөлімше болып енген де, 1998 жылы кеңшармен бірге тарап тынған. Сол уақыттарда үлгіліктер  егін де салған, мал да өсірген. Ауруханасы да, орта мектебі де, клубы,кітапханасы да болған.80-ші жылдардың ортасынан бастап кеңшарды Жеңіс Жұмашұлы Шәдетов басқарып, құрылыс учаскесінде прораб болып біздің әкей, марқұм Мәзәли Имашұлы Карасартов істеген тұста бөлімшедегі ескі үйлер сырылып тасталып,осындағы жұрт тегіс жаңа үйлерге қоныстанып, әр үйге су тартылған-ды. Қазір сол ақшаңқан ауылдан не қалды?! Кешегі 100 үйлі Үлгіден айналдырған 18 үй мен  барак  үлгісіндегі мектеп ғимараты ғана. Ас тарқаған  күннің ертеңінде балалық шағымның ізі қалған көшелермен бастан-аяқ жүріп өтіп,қатты құлазадым. Тура үстінен соғыс жүріп өткендей. Әр жерде қадау қадау бір-бір үйден. Құрылыс материалдары тасып әкетілген немесе есік-терезесі бекітілген үйлерде бұрын кімдер тұрғанын ажырата алмадым. Оның үстіне сол күні аудан орталығы Ботақара кентіне Хамитов Амантай ағамыз отбасымен қоныс аударып, қайран Үлгіміз тағы бір шаңыраққа кеміді. Ендігі кезекте құрдасым Мейрам Әрінов те көшпекші көрінеді. Япырау,сонда енді нені, кімді көтереміз?! Осыны ойлай-ойлай,кеше күндері өзім оқыған (бұрынғысы ескі ғимарат болатын) және 1985-1986 жылдары директор болған мектебімнің алдына келіп қаппын. Сол кездің өзінде мұнда 20 шақты мұғалім еңбек етіп, 118 бала білім алушы еді-ау. Кейіннен сегізжылдық та жабылып, негізгі мектепке айналдырылған оның ертеңгі тағдыры белгісіз. Ал әуелі 1929 жылы Қарақойтаста ашылып, содан колхоз орталығында ел бірігіп салған,үлкен де кең ғимаратқа көшірілген бұл мектепте кім жұмыс істемеді, кім оқымады десеңізші…. Академик Арықтай Қайыпов бастаған ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар Ақан Дүйсенбаев, Мәтібай Жамбеков., Кенжебек Рүстембеков, Сайран Хасенов, Фарид Ғизатуллин, Абай Әділов, Бақыт Әрінова, бес бірдей журналист-Ахмедия Әлғожин, Қаратай Қайыпов, Шайхан Жандаев, ӘбусаттарТұрғанбеков және осы жолдардың авторы,құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білікті заң қызметкерлері Ахат Арыстанбеков, Рахат Алпысбаев, Айтбай Қайырбеков, Мейрам Карасартов, Айдар Ахмадин, Қамбар Ақтанов, Марат Әрінов –осы білім ордасынан қанаттанған  түлектер. Кезіндегі Ульянов ауданының шаруашылық басшыларының көбісі осында оқып, білім алған. Соның бәрін ойдан өткеріп, өзім көзін көріп, тәлім алған аяулы ұстаздарым, бүгінде арамызда жоқ Дүйсембай Тұрғанбеков, Сағынтай Диқанбаев, Қалиолла Рүстембеков, Есенғали Бекхожин, Қайынжамал Айтжановна, Кама Бопиева еске түсті.

Үлкен ас басталар алдында кешегі Зейлакпар молданың шөбересі Асқар бауырымыз аруақтарға арнап дұға оқыған соң, сахна төріне көтеріліп, кезек-кезек сөз салған ақсақал – қарасақалдарымыздың бірде-бірі осыларды айтпай қалмады. Атап айқанда, Ақтай Бейсембеков, Серік Маков, Қайыржан Әрінов, Ғалымтай Бақтияров, Жеңіс Шәдетов, Мейрам Карасартов, Мүкәрам Жұмабеков Үлгінің өткенін мақтанышпен ауызға алып,бүгінгі басындағы халіне күйзеліс білдірді. Алайда алды жетпіспен асып,арты алпысқа аяқ басқан олардың қолында не тұр. Ендеше осы астың басы-қасында жүрген, қолынан да, тілінен де іс келетін Қаржас сынды жастарымызға үміт артамыз да…

Ән күйсіз, ат шабысы мен балуан күресінсіз қай жиының сәні кірген. Жергілікті өнерпаздардың күшімен қойылған концерт тізгініне осы Үлгінің тумалары-Ибраhим Хамитов, Ерден Қабыкенов иелік етіп, балуандар белдесуіне Абай Үмітбаев, ат жарысына Данияр Қайсаров, Нұрхан Шәкішев төрелік жасады. Жиналған көпшілік алғашында Үлгі мен Үміткер ауылдарының «Тарту» ансамблі мен «Арай», «Қызғалдақ» бишілер тобының орындаған күйлері мен билеріне тәнті болып, Айман Ысқақова, Асан Тақуов, Майра Нысанбекова, Мейірхан Жұмабеков, Перизат Айтпақаева, бүлдіршіндер Еркенұр мен Аңсардың салған әндері мен тартқан күйлеріне сүйсіне қол соқты. Жасұлан Хамитовтың өзі шығарған өлеңін құлақ қойып тыңдады. Әр салмақ бойынша белдескен балуандар арасынан жеңімпаздарына арнайы кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілсе, 20 шақырымға шапқан 9 аттың ішінен мәреге бірінші болып келген қара аттың иесі, кернейлік Өміртай Саматұлына 100 мың теңге берілді.

…Сонымен Үлгідегі үлкен ас та аяқталып, бәріміздің көңілімізге үміт ұялатып кетті. Себебі ,бұл күні жүрегі туған жерім деп соққан үлгіліктер әр жылдың 6 шілдесінде осылайша бас қосып, оған дейін Қаржас қатарлы бауырларымыз бірігіп, ауыл шаруашылық кооперативі құрып, оған ауылдағылар да қосылып ,бір тірлік жасамаққа бел буып, бәтуаласып тарасты. Оған Елбасымыз да, Үкімет те мүмкіндік беріп отыр ғой…

Ержан ИМАШ.

Суреттерде: Үлгі ауылында өткен астан көріністер. 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button