Бас тақырыпКоронавирус

Әлеуметтік жәрдемақы төлемі неге кешікті?

Төтенше жағдай жариялануына байланысты табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл – Президент тапсырмасы. Әйтсе де, ел азаматтарының көпшілігі әлі күнге дейін 42 500 теңге жәрдемақыны алған жоқ. Оның неге кешігіп жатқанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов  айтып берді.  

Министрдің мәлімдеуінше, жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен емес,   Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Ақшаны осы мекеме тағайындайды. Ал, “Азаматтар үшін үкімет” корпорациясы төлемдерді жүзеге асырады. Тұрғындардан келіп түскен өтінішті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қарап, деректерін тексереді. Қазір үш мекеме де күндіз-түні жұмыс істеп жатыр екен. Әйтсе де, өтініштердің көптігіне байланысты үлгере алмауда. Әрі, жеке деректерін дұрыс толтырмаған адамдардың көп болуы айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. 

 – Өтініш бергендердің саны 5 млн-ға жетті. Деректерді тексеру барысында кей адамдардың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қате жазғаны анықталды. Ал, екіншілері есепшоттарын дұрыс көрсетпеген. Жабылып қалған банк есепшоттарын жібергендер де бар. Жалпы алғанда, 83 мыңнан астам адам осындай қателік жіберген, – деді министр. 

Бұдан бөлек, жәрдемақыны балаларының немесе туыстарының есепшотына аударуды сұрайтын адамдар да бар екен. Министр, бұған рұқсат берілмейтінін айтты.   Өйткені, оны алаяқтар өз мақсатына пайдаланып кетуі мүмкін. Яғни, жеке тұлғаның аты-жөні мен ЖСН-ді көрсетіп өтінім жібереді де, ақшаны өз есепшотына аударып алады. Сондықтан әр адам өз атына ашылған есепшотты көрсетуі тиіс. 

Бүгінге дейін 1 миллион 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Бұл мақсатта 75 миллиард 600 миллион теңге қаражат аударылыпты. 

Басқа материалдар

Back to top button