Жаңалықтар

Әлемді таныған Әрсен

Әлеуметтік желіде жарқ еткен қарағандылық Әрсен ТӘПЕНОВТІҢ алғырлығы жұртшылықты таң қалдырды. Несімен дейсіз ғой… Әлем елдерінің әнұранын, астанасын, туын, президенттерін жатқа біледі. Иә, мұны Қарағандыдағы №102 мектеп гимназиясының мұғалімдері де растады. Небары екінші сынып оқитын Әрсен кей елдердің тарихына қатысты тың ақпараттарды да жадына сақтап алған.

Сурет:автордан

Алғыр баланың алғашқы қадамын ата-анасы аңғарған. Әуелгіде әлем картасын үйге әкелген атаанасына баласы «бұл карталарыңыз ескі» деген. Неге десе, «бұл жерде Африкада Судан деген мемлекет бар, ал ол сіздерде бір-ақ мемлекет болып тұр дейді. Ал, қазір Судан және Оңтүстік Судан мемлекеті болып екіге бөлініп кеткен» деп таңдандырыпты.

«Ұлым оқуда озат, білімі жағынан қатарластарынан озық тұр. Мектеп табалдырығын енді аттаған кезде мекен-жайын, ата-анасы мен туған-туыстарының туған күндерін, телефон нөмірлерін жатқа айтып, ұстаздарын таң қалдырған» – дейді анасы Аян Тельманқызы. Сынып жетекшісі Күлзира Ыбыраеваның айтуынша, сабақ барысында дауысты, дауыссыз дыбыстардың түрлерін ажыратып, дауыссыз дыбыстардың үш топқа бөлінетінін, оның қатаң, ұяң, үнді екенін және оған қайсысына қанша әріп жататынын бірден сол сәтте-ақ қағып алған. Одан кейінгі талдау жұмыстарын жасаған кезде еш мүдірмей, тапсырмаларды орындағанын айтады.

Ата-анасының сөзінше, ол өзге балалар секілді ойынға құмар емес, тіпті, гаджеттің өзіне де. Ал, сыйлыққа әлем картасы мен глобус алғанды жақсы көреді екен.

Әрсеннің басты арманы – әлемді шарлау. Ол тіпті, қай жылы қай мемлекетке бару қажеттігін қағазға бетіне түсіріп те қойған көрінеді. Биылғы жоспары Корея еліне бару. Ата-анасы оның арманын орындауға барымызды саламыз дейді.

Әрсен сол мақсаттарына жету үшін алғашқы қадамдарын жасауда. Яғни, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын арнайы курсқа барып жүр екен.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button