Жаңалықтар

Әлем және Қазақстан экологиясы

Бүгінгі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған экологиялық проблемалар хақында айтылып та, жазылып та келеді. Бұл көрініс – жақсылықтың нышаны емес. Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы – сол табиғаттың төл перзенті адам ағзасына қатты әсер ететінін медицина ғылымы әлдеқашан дәлелдеп берген.

Әскери мақсатта бірнеше алып мемлекеттер өздерінің қару-жарақтарын, аса қуатты зымырандарын сынап, ғарышты жаулап жатыр. Бір ғана мысал, еліміздің ортасында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге бірнеше жылға жалға берілгені белгілі. Заманауи қаржы табудың көзіне айналған бұл «отты ұядан» ғарышқа жиі-жиі зымырандар ұшып жатқаны жасырын емес. Алдағы уақытта Байқоңырдан 35 мәрте зымыран ұшырылады екен. 35 рет ауа райын «күрт өзгертіп адамдар денсаулығына әсер етеді». Бүгінде біздің қоғамда дендеп бара жатқан түрлі обыр дерті – дәл осынау зымиян зымырандардың зардабынан екендігі сөзсіз.

Жақында «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» деп аталған халықаралық жастар антиядролық онлайн форумына қатысқан ақын, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы: «ядролық қаруды әлі күнге дейін әлемнің әртүрлі елдерінде атом сынақтары тоқтаусыз жүргізілуде» деп түйінді ойын ортаға салды. Бұл басқарудың басты мақсаты – жастарды жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешуге атсалысуға шақыру, олардың күшін зорлық – зомбылық қауіп-қатерден ада бейбіт әлем қалыптастыруға бағыттау еді.

Елбасы Жолдауларында экологиялық мәселеге қатысты дабыл қағылып, олардан шығу жолдарын іздестіру қажеттілігі жиі айтылуда. «Жасыл экономика», «Жасыл Қазақстан» бағдарламалары, «Баламалы энергия көздері», былтырғы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі – экологиялық дүлей апаттарға қарсы қойылған игілікті де ізгілікті іс-шаралар. Осы орайда ғаламдық проблемалар жайлы біраз жайттарға тоқталғым келіп отыр. Бұл деректер мен статистикалық мәліметтерді республикамыздың әрбір тұрғыны біліп, содан қорытынды жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Енді керекті деректер мен маңызды мәліметтерді, сандық статистиканы сөйлетіп көрейік.

Ғаламдық проблемаларды ерекше білім саласы – глобалистика зерттейді. Әрбір ғаламдық проблеманы міндетті түрде шешу қажет, әйтпесе оның дамуы апатқа – өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады. Зор геосаяси проблеманың экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық әралуандылықтың азаюы және тағы басқалары. Қоршаған ортаны қорғау проблемасы бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру және оларға төтенше өкілеттік беру керек сияқты.

Атмосферадағы озонның мөлшері бар болғаны 0,004%-ды құрайды. Стратосфера да қалыңдығы 2-4 мм. құрайтын қабат. Атмосферада электр зарядтарының, Күннің ультракүлгін радиацияларының әсерінен оттегінің молекуласынан (02) озон молекуласы (О3) түзіледі. Озон қабаты биосфераның жоғарғы шекарасы болып есептеледі.

1980 жылдары Антарктидадағы ғылыми жұмыс станцияларында жүргізілген зерттеулерден атмосферадағы озон құрамының төмендегені байқалған. Осы құбылыс – «озон тесігі» деген атау алды. 1987 жылдың көктемінде Антарктиданың үстіндегі «озон тесігі» барынша үлкейіп, оның ауданы шамамен 7 млн. шаршы шақырымды құрады. Кейін анықталғандай, атмосферадағы озонның мөлшері Солтүстік жарты шардың орта және жоғары ендіктерінде қыс-көктем (қаңтар-наурыз) айларында, әсіресе Еуропа, АҚШ, Тынық мұхит, Ресейдің еуропалық бөлігінде, Шығыс Сібір, Жапония үстінде жылдан-жылға азайып келеді. Қазақстанның, Якутияның үстінде «мини-тесіктер» қалыптасқаны тіркелген. Озон қабатының бұзылуы, яғни, «озон тесігінің» пайда болуы биосферада елеулі өзгерістер тудыруы мүмкін. Сондықтан, бұл жағдай күрделі экологиялық мәселенің бірі. Озон қабатының бұзылу процесіне ғарыштық аппараттар, дыбыстан да жылдам ұшатын ұшақтар және ондағы толық жанып бітпеген отын өнімдері және ядролық жарылыстардан бөлінген заттар әсер етеді. Озон қабаты үшін ең қауіпті заттар – үй тұрмысы мен өнеркәсіпте пайдаланатын мұздатқыштар мен аэрозольді баллондарда пайдаланатын фреондар. Дүние жүзі бойынша шамамен 1,3 млн. тонна озон ыдыратушы заттар өндіріліп отырған. Оның 35%-ын АҚШ, 40%-ын Еуропа елдері, 10-12%-ын Жапония, 7-10%- ын Ресей өндіреді. 1987 жылы Монреаль хаттамасында фреондарды өндіру және пайдалануды бақылау жайында 70 мемлекет арасында келісім жасалды.

Жанғыш қазбаларды өртеу және басқа да өнеркәсіптік процестер әсерінен бөлініп, атмосферада жинақталатын көмір қышқыл газ (С02), көмірсутектер, яғни, метан (СН4), этан (С2Н6) және т.б. (жоғары концентрациясы болмаса бұл заттар жекелей аса қауіпті емес) газдары парникті эффектінің пайда болуына алып келеді. Атмосфералық газдар (азот, оттегі, су парлары) жылу сәулелерін сіңірмей, керісінше оларды шашыратады. С02-нің концентрациясы жыл сайын 0,8-1,5 мг/кг-ға көтерілуде. Зерттеулер бойынша СО2-нің мөлшері ауада екі есе көбейсе, орташа температура 3°С-5°С-қа көтеріледі. Бұл өз кезегінде климаттың ғаламдық жылуына, яғни, Антарктидадағы мұздықтардың жаппай еруіне, әлемдік мұхиттың орташа деңгейінің көтерілуіне, көптеген жердің су астында қалуына және басқа да жағымсыз жағдайларға алып келеді. Температураның көтерілуіне байланысты мұхиттардың деңгейі 0,1- 0,2м көтеріледі. Келесі ғасырдың басына дейін Жер бетінің температурасы 1,4°С-қа көтеріледі деген болжам бар. 1997 жылғы Киото хаттамасына сәйкес өнеркәсібі дамыған елдер 2008-2012 жылдары 1990 жылмен салыстырғанда парникті газдардың атмосфераға бөлінуін 55%-ға дейін азайтуды жоспарлаған болатын. Бірақ, бұл хаттаманың шешімдері әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Өйткені, дамыған елдер бұл шешімнің дұрыстығына күмәнмен қарауда. Қазақстан да 2006 жылға дейін 2008-2012 жылдар аралығында парникті газдарды атмосфераға шығаруды азайту бойынша міндеттеме алып, анықталуы керек еді. Алайда, іс жүзінде емес, бұл мәселе тек қағаз жүзінде қалып отыр. Елбасы осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қызылорда, Астана газ құбырын тарту арқылы көміртегінің атмосферадағы таралуын азайтып, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларының экологиялық тазалығын сақтау туралы бағдарлама қабылданды. Айта кетейік, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «әлемнің жеті кереметі» деген секілді, қазақтың кең-байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. Біз осы бағытта да, экологиялық проблемаларды жолға қою керек.

Ғаламдық негізгі экологиялық проблемалардың бірі атмосферадағы ластаушы заттардың ұзақ қашықтықтарға тасымалдануы. Алғашында бұл проблема радиоактивті заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына байланысты пайда болды. Негізінен күкірт диоксиді және оның қосылыстары, азот оксиді және оның қосылыстары, ауыр металдар (әсіресе, сынап), пестицидтер, радиоактивті заттар сияқты улылығы жоғары заттардың таралуына баса назар аударған жөн. Күкірт диоксиді мен азот оксидтерінің көбеюі күкірт және азот қышқылдарының түзілуіне әсер етеді. Қазіргі таңда антропогендік әсерден бөлінетін күкірт диоксидінің мөлшері жылына 150 млн. тоннаны құрайды. Көмірді пайдалану күкірттің көп бөлінуіне алып келеді.

Мәселен, 1948 жылы 26 қазанда Донора (АҚШ, Пенсильвания) қаласында қалың тұман мен түтіннің қосылуынан (улы тұман) жолдың көрінуі өте нашарлап, қаланы қара күйе басып қалған. Сөйтіп, жаңбыр жауғанға дейін 3-4 күннің ішінде 14000 қала тұрғындарының 6000 тұрғын ыауырып, 20 адам қайтыс болған. Сонымен қатар, көптеген құстар, иттер мен мысықтар да өлген. 1952 жылы желтоқсанда Лондон қаласында улы тұманның әсерінен 3-4 күн ішінде 4000 адам қайтыс болды. Себебі ауасы лас қалада жел болмай, атмосфералық ауа құрамындағы күкіртті ангидридтің мөлшері қатты көбейіп кеткен. Улы тұман өсімдіктерге, әсіресе, бұршақ, қызылша, астық тұқымдастар, жүзім және сәнді өсімдіктерге де зияны көп.

Сонымен қоса, әлемдік мұхит проблемалары бүгінде қиындық тудырып отыр. Жер бетінің 2/3 бөлігін алып жатқан әлемдік мұхит – суының салмағы 1,4-1021 кг-ды құрайтын үлкен резервуар. Мұхит суы планетадағы су қорының 97%-ын құрайды.

Мұхитты қатты ластаушылардың бірі – мұнай және мұнай өнімдері. Әлемдік мұхитқа жыл сайын орта есеппен 13-14 млн. тонна мұнай өнімдері төгілуде. Мұнаймен ластанудың екі түрлі қаупі бар: біріншіден, су бетінде теңіз фаунасы мен флорасына қажетті оттегіні жібермейтін пленка түзіледі; екіншіден, мұнайдың өзі жартылай ыдырауы ұзақ уақытқа созылатын улы зат болып есептеледі. Судың құрамында мұнайдың мөлшері 10- 15 мг/кг жағдайда планктон мен майда шабақтар қырылып қалады. Әсіресе, радиоактивті қалдықтарды (РАҚ) көму кезіндегі радиоактивті ластану өте қауіпті болып табылады. Тынық мұхит суына 1949-1970 жылдары арасында РАҚсалынған 560 261 контейнер көмілген. 70-ші жылдардың басынан бері 10 теңізді бірге игеретін әлемнің 120 мемлекетін біріктіретін БҰҰ-ның «Аймақтық теңіз» экологиялық бағдарламасы жұмыс жасап келеді.

Сонымен қатар, аймақтық экологиялық проблемалар да жеткілікті. Дамушы елдердегі кедей халық санының өсуі энергетикалық дағдарыспен бірге ормандардың жойылуына әкеліп соғады. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріндегі ауыл тұрғындарының шамамен 90%-ы, қала халқының 30%-ы негізінен ағаш отындарды пайдаланады. Коммерциялық орман дайындау жұмыстары, әдетте қырқылған ағаш орнына ағаш егілмей, экологиялық талаптар орындалмай жүргізіледі. Қазақстан аумағының 3,2%-ында ғана орманды алқап бар. Мамандардың пікірінше, еліміз орман қорғау ісі бойынша әлемдік тәжірибеден көп артта қалып қойған. Осы күнге дейін ұлттық орман саясаты қалыптасқан жоқ. Соңғы кездері ағашты заңсыз кесу әрекеті белең алды. Әсіресе, еліміздің орман қорының 40%- ын құрайтын сексеуілді отау күшейіп барады. Ал сексеуілдің онсыз да эколоғиясы нашар, ылғалы аз, топырағы құнарсыз, құмды аймақтарда өсетіні бәрімізғе белгілі. Айта кетерлігі, 1992 жылы орман көшеттерін отырғызу ісі 80,7 мың гектар болса, он жылдан соң 2002 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың гектарға дейін қысқарған.

Шөлейттену зардабын тартқан елдер де аз емес. Шөлейттену үдерісі жалпы жер көлемінің Азияда – 19%, Африкада – 23%, Австралияда – 45%, Оңтүстік Америкада – 10%- ын құрайды. Сахара шөлі оңтүстікке қарай жылына орташа есеппен 6 шақырым жылдамдықпен жылжуда. Орта Азияның таулы аудандарында, Арал және Балқаш төңірегінде, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның биік зоналы геожүйелерін қоса (Тянь-Шань, Памир-Алтай) шөлейттену процесі қарқынды жүруде. Әмудария мен Сырдария өзендерінің суларын ауыл шаруашылығының қажетіне пайдалану Арал теңізінің сусыз жерлерінде сортаң, тақыр жазықтықтардың пайда болуына алып келді. Сондай-ақ, Арал төңірегі ландшафтарының деградацияға ұшырауы көлді-батпақты және тоғайлы табиғи кешендердің тұздың жиналуы молая түскен галоксерофитті кешендерге алмасуда.

Өнеркәсіптік өнімдерді шығару барысында қоршаған ортаға зиян тиіп отыр. Мәселен, Еуропа одағы елдерінде жыл сайын қайта өңдеу өнеркәсіп орындарында – 400 млн. тонна, өндіріс орындарында – 160 млн тонна қалдықтар түзіледі. 90-шы жылдардың бас кезінде барлық қалдықтардың (2,2 млрд. тонна) жартысы ауыл шаруашылығындағы өндіріс орындарының еншісіне тиді.

Урбанизация (адамның планета территориясын игеруі және өзіне қажетті обьектілерді салуы) табиғатқа елеулі әсер етеді. 2001 жылы тарихта алғаш рет қалалардағы тұратын халық саны планетадағы адамдардың 50%- нан асты. Болжамдар бойынша 2030 жылға қарай қалада тұратын адамдардың саны ауыл тұрғындарының санынан 2 еседей көп болады деп күтілуде. Оның ішінде, қала саны мен көлемінің өсуі, өнеркәсіп орындарының, транспорттың, тұрғындар санының артуы да бар. Ауыл тұрғындарының қалаға көшуіне байланысты ауыл мен қала тұрғындарының саны үнемі өзгеріп отырады. Қала халқының саны және қалалар саны мен көлемдері де өсуде. Қазіргі кезде ең ұзын мегаполис «Босваш» (Бостон- Вашингтон) 500-дей қаланы біріктірді. Мұнда АҚШ халқының 20% (45 млн адам) тұрады. Түнгі уақытта бұл территория Жер спутниктерінен жарық дақ сияқты көрінеді. Мұндай урбоареалдардың саны әлемде 10- нан асты. Оның әрқайсысы 30-40 агломерацияларды «жұтып қойды».

Жер үшін ең үлкен проблема – тез өсіп келе жатқан халық саны. Әлеуметтік-экономикалық проблемалар халық саны көбейген сайын туындайды. Бұл кедей елдерде халықтың жоқшылыққа ұшырауына алып келді.

Статистикалық көрсеткіштер – барша әлемге ортақ өзгермейтін деректер, өткен өміріміздің өлшемі, сырғыған уақыттың, жылжыған тарихтың тасқа басқан таңбасы. Мұндағы басты мақсат – осынау елді елеңдетер экологиялық проблемаларды қайталап айта отырып, ұрпақ жадына сіңіру. Біздің, аға буынның қазіргі жастарға, келер ұрпаққа бастар жолымыз, көрсетер жөніміз, айтар сөзіміз – осы.

Қайыржан БЕКІШЕВ,

академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры,

Халықаралық Еуразия экология ғылым академиясының академигі.

Басқа материалдар

Back to top button