Жаңалықтар

Әлем таныған профессор

   Дертке дауа іздеген ақ халатты абзал жандардың өлшеусіз еңбегі қашан да бағалауға һәм ардақтауға лайық. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген екен ғұлама Гипократ. Рас-ау! Айбатымен жігерін жанып, икемділігімен елді иландырып, мейірімімен өз саласының кәсіби маманы атанған сондай асыл жандардың бірі – профессор, медицина ғылымдарының докторы Роза ӘЛІМХАНОВА.

Дәрігер мамандығы – мамандық атаулының ең қасиеттісі де, ең абыройлысы деп білеміз. Денсаулығың сыр беріп, жаныңды қоярға жер тап­пағанда жедел жәрдем ша­қырып, жан сауғалайтынымызды несіне жасырайық?! Сай-сүйегің сырқырап, буының­нан әл кеткенде дәрігерді іздемей кімді іздерсің? «Ауруын жасырған – ажалсыз өледі» демекші, жанға батқан жараны жасырмай, өз аузыңмен жеткізгенге не жетсін… Себебі, былдырлап тілі шықпаған бала да бар ғой арамызда. Ал, бұларға қайтпек керек? Мұндайда, бала дертін дөп басып айтар дәрігер біліктілігіне құн жетпесе керек. Міне, біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де осы бала сырқатын, дәлірек айтсақ, баланың бармақтай кезінде шалдыққан қимыл-қозғалыс ауруын (майтабандық, буын кемістіктері, ортан жіліктің шығуы және тағы басқалар) ота жасамай-ақ емдеумен айналысады.

Ота жасамай ауру салдарынан ағзаның физиологиялық қалыптан тыс ауытқуын қайта қалыпқа келтіру – қиынның қиыны екені айтпаса да белгілі. Ал, Роза Әлімханованың бұл саладағы еңбек өтілі 30 жылдан асып жығылады. Бұл ретте, білікті маманның еткен еңбегі мен жиған тәжірибесі туралы айтудың өзі артық болар. Дегенмен, айтпай кетуге болмас бір дүние бар. Ол – кейіпкеріміздің ширек ғасырдан асқан жұмыс тәжірибесі нәтижесінде балалардың туабітті кемістігін емдеудің әлемде теңдесі жоқ әдіснамасын жасап шығарғандығы.

Қазақстандық ғалымның бұл құнды еңбегі дүниежүзі қауымдастығының назарынан тыс қалмады. Роза Сейтқалиқызы Бүкіләлемдік интеллектуалдық зияткерлік меншік ұйымының Алтын медалімен марапатталды. Оның аталған саладағы жеткен жетістіктері мен ашқан жаңалықтарын Қытай мен Еуропа елдерінің ғалымдары, дәрігерлері мойындап үлгерді. Ол – 30-дан астам өнертабыстың, 120 ғылыми еңбектің, 5 оқу құралының және 6 монографияның авторы.

Қазақстандағы үздік өнертапқыш әйел атанған Роза Әлімханова – Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің түлегі. Магистратура мен аспирантураны Мәскеу қаласында тәмамдап, кейін Қытай мен Еуропада (Франция, Бельгия және Италия) біліктілігін жоғарылатқан.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button