Поэзия

Өлең көшіндегі өрендер

Қарағандыдағы Әлихан БӨКЕЙХАН атындағы №76 орта мектепте Ұлы Дала данышпаны Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 жылдық мерейтойы мен ұлт көсемі Әлекеңнің туған күніне орай, оқушылар арасында «Абай және Әлихан әлемі» тақырыбында қалалық жыр мүшәйрасы өтті.

Алғашқысы осыдан төрт жыл бұрын өткен жыр додасы қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен екінші рет өткізіліп отыр. Жыр сайысында бұған дейін іріктеуден өткен 13 өрен бақ сынасты.

Қалалық білім бөлімі тарапынан Абайдың 175 жылдығына орай қолға алынған «Бір отбасы – бір кітап» акциясы аясында, аталған білім ордасының төменгі сынып оқушылары хәкімнің аудармаларын жатқа айтса, жоғары сынып оқушылары қара сөздерін нақышына келтіре оқыды. Ұлттық нақышта би билеп, Абай әндерін әуелетті.

Мүшәйра шарты бойынша олар «Абай – дана, Абай – дара қазақта» номинациясында Абайға өлең арнауы тиіс болса, «Алашым деген асыл ер…» аталымында Әлиханның ерліктерін жырға қосты. Ал, «Жастықтың оты жалындап…» номинациясында еркін тақырыптағы өлеңдерін ұсынды. Мүшәйра барысында қатысушылар үш өлеңінің біреуін, мәнерлеп оқып, қарым­қабілеттерін сынға салды.

Жыр бәйгесіне қазылық еткен облыстық жастар ресурстық орталығының маманы, ақын Қайрат Асқар, қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Жаркеева және облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі, ақын Жәлел Шалқар жас шайырлардың арасынан бағы мен бабы тең түскен үздіктерді анықтады.

Мүшәйра қорытындысында, №54 орта мектептің оқушысы Арай Жорабекова мен №40 негізгі мектеп оқушысы Аружан Қари III орынға жайғасса, №17 ор та мектептің оқушысы Ақбота Аманбай мен №77 орта мектептің оқушысы Толғанай Наурызбайдың балауса жырлары II орынға лайық деп табылды. Ал, табиғи өлеңімен басқа қатар ластарынан оқ бойы озық келген №36 орта мектеп оқушысы Тұрсын Имамәзі I орынға лайық деп танылды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button