Рухани жаңғыру

Латын әліпбиі: жаһандық интеграцияға баспалдақ

    Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жоғары білім беру жүйесіне қатысты көптеген жаңа міндеттер айқындалып отыр. Сондай-ақ, қазақ тілін оқыту, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру арқылы жастарымыздың интеллектуалдық қабілетін жоғарылату мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл міндеттер білім беру саласының қызметкерлеріне орасан ой салуда.

Маңызды құжатта білім беру және ғылыммен айналысудың соны серпін әкелетін әдістері мен жаңаша өзгеріс жасаудың тетіктерін керек ететіні айтылды. Бұл барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін білдіреді. Бұған қоса, ұлттың рухани әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту қажеттігі тағы бар. Айталық, соның бірі – адам капиталының жаңа сапасы туралы мәселе. Жолдауда айтылған мәселелер еліміздің әр азаматына тарихи жауапкершілік жүктейді. Ел өміріндегі ең елеулі рухани жаңғырудың мамандығымызға да, шығармашылығымызға да өлшеусіз өзгеріс әкелетіні анық. Бұл білім-ғылымның, мәдениеттің әлемдік кеңістігіне шығуға орасан септігін тигізеді деген сөз. Еліміздегі әр азаматтың заманауи талаптарға сай білім алуына, ғылыммен түбегейлі айналысуына, өзге де құндылықтарды игеріп, меңгеруіне толықтай жағдай жасалады. Сондықтан, еркін дамыған жағдайда Қазақстан тәуелсіздігі нығая түседі деп есептейміз. Қазақ мемлекетінің алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына зор үлес қосар факторлар Жолдауда аз емес.

Латын әліпбиін қабылдау да ұлы мақсат жолындағы басты қадам екені Жолдауда айтылды. Елбасының латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеруі өте өзекті әрі орынды. Ендігі міндет осы мақсатқа жету үшін не істеу керек?! Бізді ойландыратын мәселе осы.

Біріншіден, латын графикасына өтудің өзіндік ерекшелігін саралап алғанымыз дұрыс. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек.

Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық кітаптарды, оқулықтарды, ғылыми еңбектерді латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Бірақ, қиындықтарды бұлай жеңемін деу дұрыс емес. Оқулықтар мен әдебиеттің барлығын сауатты әрі сапалы етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған қаншама әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал, латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын көп қиындықтарға ұшырамайды.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесі қағидаттарының сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, жүйелілік, белгілі заңдылық керек. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әртүрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осыны назарда қатаң ұстаған дұрыс.

Төртіншіден, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет деп санаймыз. Мұны кешіктірмей жуық арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын әрпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау да кезек күттірмейтін мәселе. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада қолға ала білсек, ұтарымыз мол болмақ.

Өткенімізге сәл шегініс жасап сөйлесек, осы кезге дейін үш әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, қазіргідей дамыған технология болған жоқ. Соған қарамастан, халық әліпбиді тез меңгерді. Мемлекетіміз жан-жақты өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы заманауи сұраныстарға лайық дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймыз. Бір жұбанарлығы, бүгінде оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ жүргізіле бастады. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, АҚШ, Германия, Англия, Жапония сияқты дамыған елдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиінің болашағы зор болатынына еш күмән болмауы тиіс. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан, нар тәуекелге барғанымыз жөн.

Көп болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Болашақ үшін аса маңызды рухани жаңғыруымызға темірқазық болып отырған латын әліпбиін енгізуде де қарымды қайрат көрсетуге тиіспіз. Бұл ақпараттық қолжетімділігін арттырып, ізденіс, таным көкжиегін кеңейте түседі. Біздің елімізге мол ақпараттық кеңістікте еркін енуге, заманауи рухани кемелденуге мол мүкіндік туғызады. Шын мәнінде, қазақ халқы үшін шынайы рухани жаңғырудың көрінісі болмақ. Латын әліпбиіне көшу қазақ қоғамы үшін аса қажет дүние. Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы идеясын көпшілік қызу қолдап отыр. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары біз бұл әліпбиді қолданғанбыз. Сондықтан, бұл әліпби бізге жат емес. Әлемнің дамыған елдерінің көбі осы әліпбиді пайдаланып отыр. Түркі тілдес халықтармен де қарым-қатынасымыз нығая түседі. Өзге мемлекеттермен де рухани, мәдени, саяси-экономикалық байланыстарымыз арта түседі.

Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу – өз нәтижесін беретін дұрыс таңдалған шешім. Жоғарыда айтылғандардан байқайтынымыз, халыққа дұрыс бағыт-бағдар беретін Жолдау көпұлтты қоғамды дамытудың маңызды шарты болып табылады.

Мейіржан ТАПАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды экономикалық университетінің доценті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button