Жаңалықтар

Латын қарпі – тіл қорғаны

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық құрылысында сан алуан өзгерістер заман талап еткен қажеттіліктен туындап жатыр. Қазіргі уақытта дайындалып яки ойластырылып жатқан сондай реформалардың бірі жазуымызды кириллицадан латынға көшіру болып тұр. Бұл –алғаш сөз бола бастағанда қызу талқыланып, бірсыпыра ұсыныс-пікірлер айтылғанмен, қазір жұрттың ести-ести құлағы үйренген, біраз саябырсып қалған мәселе.

Әлбетте, солай болуы да ретті шығар. Себебі, латын жазуына көшудегі түбегейлі мақсат әуел бастан халыққа жан-жақты түсіндірілген жоқ-тұғын. Біреулер «Латыншаға көшсек, компьютер тілін оңай игеріп, интернетке шығуымызға кең жол ашылды» десе, енді біреулер «Латын әріптері арқылы күллі түркі жұртына ортақ жазу қалыптастырамыз. Бір-біріміздің жазба әдебиетімізді тәржімәсіз немесе делдал тілсіз түпнұсқадан оқи беретін боламыз» дегенді желеу етті. Ал, тіліміздің қамын әріден ойлаған қайсыбір ғалымдар «Латыншаға көшу тіліміздің өзіндік болмысын сақтап қалу үшін қажет. Латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді (алфавит) құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және халықаралық термин деген желеумен орысшаланып енген бөтен сөздерден арыламыз.

Осы пікірлердің қай-қайсысының да өзіндік маңызы бар екендігінде дау жоқ. Мәселен, компьютерде жұмыс істеу, ең алдымен, өзіміз үшін керек емес пе?! Жазуымыздың, яғни, тіліміздің әуелі өзімізге қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Қазір біз кез келген түркі халықтарының өкілімен ауызша сөйлессек, бір-бірімізбен оңай түсініп, пікірлесе аламыз. Ал, жазуымыздың әр қилылығына байланысты бүкіл жазба дүниелерімізді аудармасыз оқи аламыз. Бұл – түркі тілді халықтар өзара жазба әдебиеттерін оқи алмасын, әрқайсысы өзінше бөлек дамысын, бірінен-бірі туыстық, рухани байланыстан алшақтай түссін деген саясаттан туындаған еді. Тіпті, Кеңес Одағының құрамында болып, барлығы бірдей орыс жазуын ұстанған халықтардың өздері де бір-бірінің жазған дүниелерін аудармасыз оқи алмай келді ғой.

Тіліміздің таза қазақи қалпын сақтап, сөйлеп-жазып жүрген ұлтымыздың бір бөлігі үшін, бөтен дыбыстардан және таңбалап келген әріптерден арылған нағыз қазақ әліпбиін латыншаға көшу арқылы жасауға қазір мүмкіндік туып отыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш-ұлы Назарбаев айтқандай, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін есте ұстап, әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуді ұмытпаса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орын алар еді.

Ендеше, латыншаға көшу – тілімізді сақтау үшін керек демекпін.

Қорлан Айтжанова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button