Қарқаралы

Ұландар – Ұлы дала ойындарында

Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында ауданда бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – батыр атындағы ауыл жастарының ұйымдастыруымен өткен ұлттық спорт ойындары – бессайыстан облыс чемпионаты. Онда облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтау лебізін жеткізген аудан әкімі Халел Мақсұтов ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жатқан жастар қауымына ризашылығын білдірді.

«Ер қанаты – ат» деп ежелден жылқымен бірге жасап келе жатқан қазақ халқы үшін жылқының жалында, аттың құлағында ойнаудың еш жаттығы жоқ. Ат үстінде тұрып адырна тартып, жамбы ату, құйғытып келіп теңге ілу, қарсыласын қара күшке салып ат үстінен аударып тастау, мергендік сын – сақамен асық ату, балуандар белдесуі – бізге бабалар қанымен сіңген қасиеттер. Батыр ағамыздың тойы алдында өскелең ұрпақтың рухын көтеріп, жігерін жанитын ұлттық ойындардың төресі бессайысты ұйымдастырып отырған ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін» дей келе қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

ҚР Мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының оқытушысы Серік Мұстафин де ұлттық спорт қазақ халқының төл туындысы екенін айтты. Аудан көлемінде бессайыстың өтуіне ұйытқы болып жүретін мемлекеттік қызметкер Асхат Баймаханов ойын ережесімен таныстырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын басшылыққа алып ұйымдастырылып отырған шараға Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қарқаралы қалалары мен Бұқар жырау, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарынан, Нұркен, Қайнарбұлақ, Жаңатоған, Қасым, Тоқтар, Қарағайлы елді мекендерінен командалар қатысты.

Әр команда өз ептіліктерімен көзге түсті. Қорамсаққа қол салып, адырнаны кере тартып, жамбы атты. Біразы ұпай еселесе, арасында мүлт кетіп жатқандары да болды. Жүйрігімен жүйткіп келіп, жердегі теңге ілу нағыз ерлердің қолынан ғана келері хақ. Бұл сында да есе жібермеді спортшылар. Асық атып қызыққа кенелгендер бір төбе болса, аударыспақ пен күресте де қара күш иелері дес бермеді.

Күнұзаққа созылған жарыста 70 келіден жоғары салмақта І орынды Нұрхан Тілеухан (Нұркен ауылы), ІІ орынды Ерасыл Байбәкір (Жаңаарқа ауданы), ІІІ орынды Диас Мұқажан (Қайнарбұлақ ауылы) иеленді. 70 келіде І орынды Жанайдар Қаһарманұлы (Қарқаралы ауданы), ІІ орынды Нұрым Матай (Жаңаарқа ауданы), ІІІ орынды Арнұр Еламан (Қарағайлы кенті) еншіледі. Ал, 60 келі салмақ дәрежесінде І орынға Қоблан Жиенбек (Қарқаралы ауданы), ІІ орынға Нұржан Мұрат (Бұқар жырау ауданы), ІІІ орынға Азат Молдабек (Қарқаралы ауданы) тұрақтады.

Жүзден жүйрік шыққандарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласынан келіп, тартымды өнер көрсеткен Диас Ахметовке арнайы сыйлық тапсырылды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Суреттерді түсірген Тиышбек ХАМИТОВ.

Басқа материалдар

Back to top button