Ұлағатты ұстаз

      Зулайхо Гұзарқызы Эралиева. Өзге ұлттың өкілі деп ойлағанмын. Қателесіппін, қазақ екен. Өз қолымен жазған өмірбаянынан білдім. Оның үстіне есімін “Зылиха” деп көрсетіпті. Туу туралы куәлік алған кезде кеткен “әттеген-ай!” екенін ішім сезді.

Ол Өзбекстанның Бұқара облысындағы “Заманбаба” ауылында туған.
Тас қалада 1979 жылы Ф.Энгельс атындағы педагогикалық шет тілдер институтының ағылшын тілі факультетін бітірген 22 жастағы бойжеткен еңбек жолын өзі туып-өскен облыстағы “Қызыл Рават” кеңшарының орта мектебінде бастайды.
1995 жылы жазда Қазақстандағы Приозерск қаласына қоныс аударып, мектеп директорының орынбасары болып қызметке орналасады. Ол кезде осы күнгі №1 жалпы орта білім беретін мектеп “Қазақстанның 60 жылдығы атындағы” деп аталатын. Бірінші санатты ұлағатты ұстаз зейнеткерлікке шықса да, еңбектен қол үзбей ағылшын тілінен сабақ беріп келеді.
Бұл — біздің білгеніміз.
Ол сабақты түрлендіріп өткізуде соңғы технология жаңалығын шебер пайдаланады. Жаңа оқыту технологиясына сүйеніп топтық тәсілмен сабақ бергендіктен, үнемі жақсы көрсеткішке жетіп жүр. Мектеп пен қалада өткен олимпиадада, “Кенгуру-лингвист”, “British Bulldog” халықаралық зияткерлік сайысында бірнеше оқушысы жүлделі орын иеленді.
Ол өткізген “Flower festival”, “Travelling to a fairy land”, “ABC holiday”, “At Mr. Know all”, “Ұлылар үн қосқанда”, “At aunt Grammar” сияқты сабақтан тыс шара оқушыға да, мұғалімге де әдемі әсер қалдырды және жергілікті телеарна арқылы көрсетілді. Ал, ҰБТ қорытындысында ол ұдайы жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Бұл — оның тынбай еңбек етуінің, оқушыға жоғары талап қоя білетіндігінің жемісі.
Мектептегі ағылшын тілі әдістемелік бірлестігінің жетекшісі ретінде әріптестеріне ақыл-кеңес беріп, тәжірибесін үйретіп отырады. Бірлестіктегі жас мамандардың сабағына қатысып, жөн-жоба сілтейді, әдістемелік көмек көрсетуде өз біліктілігі мен білімін жұмсайды. Ұжымда сыйлы, ашық, өз пікірін бүкпесіз айтады, көмектесуге әрқашан әзір.
Бұл — әріптестерінің пікірі.

Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретте: ұлағатты ұстаз оқушылар ортасында.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.