Жаңалықтар

Ұлағатты есім

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Мәселен, Абылай хан өзін Төле бидің, Шәкәрім, осы замандағы көптеген дарын иелері өздерін Абайдың шәкірттеріміз деген. Шыңғыс Айтматов: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі қасиетім бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов» деген екен. Бұл – шәкірттің ұстазға деген адалдығын, жазушының үлкен азаматтығын танытатын жайт.

Бүгінгі ұстаздар өрелі міндеттер биігінен көріне ала ма? Иә, өтпелі кезеңнің қиыншылығына мойымай, өз мамандығына адалдығынан айнымай, ұрпақ үшін, Қазақстанның болашағы үшін жанкешті еңбек етіп жүрген ұстаздар, шүкіршілік баршылық. Олар – әр педагогикалық ұжымның мәйегі. Солардың арқасында мектеп жүйесінде ізденіс бар. Шет елде білім алып жатқан өрендеріміз сондағы құрдастарынан титтей де кем еместігін дәлелдеді.

Кезінде Ыбырай Алтынсарин «Қазақ мектептерінің бар келешегі, көбінесе, істің қазіргі басталуына байланысты, сондықтан да мен қазір жақсы оқытушыны (мұғалімді) дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін», – деп жазған еді өзінің достарына. Бұл – болашақ бақытты, шарапатты өмір үшін жақсы ұстаз керек деген сөз. Ұстаздық ұлағатты есімді қадірлеп, бағасын білу біздің басты міндет болып саналады.

Осы мамандықтың ыстығы мен суығына, қызығы мен шаттығына бөленіп жүрген менің ардақты ұстаздарымның мәртебесін бір көтергім келіп отыр. Ауылым – Толағай төсінің киелі мекені саналатын Ш.Ералиев ауылы. Ауылымның жүрегі кең ұстаздарының шәкіртіне деген ыстық ықыласы мен ерен еңбектерін мәңгілік естен шығармау біздің ұлы парызымыз болып саналады десем, қате айтпағаным болар.

Халқымызда «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ғибратты сөз бар. Ұлағатты ұстазынан тамаша тәлім-тәрбие алған шәкірті оның асыл бейнесін ешқашан есінен шығармайды. Ұстаз бен біздің арамызды өмір бойы үзілмейтін жібек жіп жалғап тұратындай көрінеді маған.

Ұстаздарымның бойынан тұлғалық, кәсіби абыройын паш ететін адамгершілік, имандылық қасиеттері мен көзқарастарын, педагогикалық қабілеті мен кәсіби мамандығына шын берілген ынта, ықыластарын көріп жүру қандай бақыт десеңші?!

Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі. Өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді.

Нұрзат БЕРЛІБАЕВА,

Болашақ академиясы К-18 тобының студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button