Баған

Ұл “сына” болған кез

«Сына», «доча» деген сөздер күнделікті әңгімемізге еніп барады. Марқұм Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» деген кітабы есіңе түседі екен еріксіз. Біз «ұл «сына», қыз «доча» болған кезде» жүрміз қазір. Тіпті, кейбір көзі ашық, ұлтжанды деген жігіттердің өзі «сына-дочалап», баласының асты-үстіне түсіп жатқанын көргенде талай мәрте ішім ашыған…

 

Бірде емханада кезекте тұрдым. Анықтама алу керек. Жасы отыздың шамасындағы келіншек екі-үш жасар ұлы мен шамалы ересектеу қызын ерте келіпті. Ұлдың табиғаты мазасыздау екен. Шешесі келгеннен ескерту жасаумен болды.

 – «Сына», бері кел. «Доча», «сынаны» қара!

«Городской», «современный» болған түрі. «Жарығым-ау, «ұлым, қызым» десең, біреу балаңды тартып ала ма?» деген ой менде…

Осыған ұқсас оқиға жақында тағы болды. Құрдасымның келіншегімен дастархан басында сөзге келіп қалғаным бар. Бар әңгіме балабақшадан басталды. Орын тапшылығы туралы сөз қозғалған-ды.

 Әлгі келіншектің бес жастағы ұлы орыстілді балабақшаға барады екен. Шешесінің айтуынша, қазақ балабақшаларында білім сапасы төмен. Тәртіп нашар. «Қазақбайский» баяғы.

«Өзі болған қыз төркінін танымас» деген. Ауылдың май топырағына аунап өскен шойқара келіншек. Орыстың кім екенін мектеп бітіріп, қалаға келгенде көрген. Ендігі отырысы мынау. Өз қазағына мұрнын шүйіріп. Қарап отырып қаным қарайғаны…

 – Айналайын-ау, «қазақбайский» болса, өз қазағың ғой. Әлде балабақша саған университет пе? Балабақшада орысша оқытқаннан не пайда? Еті тірі, басында саңылау болса, оқуды мектепте де игеріп үлгереді. Есіңде болсын, балабақша – білім алатын жер емес.

Қысқасы, әлгі келіншекке балабақша баланың ұлттық, азаматтық болмысы қалыптасатын орын екенін әупіріммен түсіндіргендей болдым. Әйтсе де, ұлдың мектеп жасына дейін сол балабақшада «білім» алатынына сенімдімін.

 Үкімет халық алдындағы уәдесін орындау үшін (2025 жылға қарай қазақ тілі кез келген ортада қатынас тіліне айналады) жыл сайын тіл үйрету жұмысына миллиондап қаражат бөлуде. Әрине, биліктің бір білгені бар шығар. Десек те, «Тәрбие басы – талбесік» деген. Қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін бар шаруаны балабақша мен мектептен бастау қажет.

Қазір қазақ тілінің қадамын аралас білім беру жүйесі тұсап отыр. Мұндай мекемелердегі балалар міндетті түрде сабақтан тыс уақытта орысша сөйлейді. Міне, әлгі қазақ тілі курстарына жұмсалатын астатөк қаржыны осы қазақтілді балабақшалар мен мектептер тұрғызуға жұмсаса, шіркін…

 Қазақ тілінің қамын терең ойлайтын кез келді…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің
жауапты хатшысы

Басқа материалдар

Back to top button